• Басты
  • Өзін-өзі оқшаулауды бұзғандар қанша айыппұл төлейді

Өзін-өзі оқшаулауды бұзғандар қанша айыппұл төлейді

4 Тамыз, 2021 11:52

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қаладағы эпидемиологиялық жағдай маусым айының екінші онкүндігінен бастап аса контагиозды «дельта» штамының таралуы әсерінен әлі күрделі екендігін жеткізді. Маусым-шілде айларында ағымдағы жылдың басынан бері барлық сырқаттанушылықтың 55% - ы тіркелген, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.

Елордадағы эпиджағдай

Бас санитар дәрігердің айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында жағдай әлі күрделі. Соңғы 13 күн ішінде инфекциялық стационарлардың жүктемесі 70%-дан жоғары болған. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда төсектердің толтырылу көрсеткіші 200-ден жоғары екендігін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының 2021 жылғы 29 шілдедегі хаттамасының негізінде ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы шығарылғанын атап өтті.

«Қою қызыл аймақ» мәртебесін анықтау механизмі

«Шектеулерді қабылдау критерийлері анықталды және «қою қызыл» аймақ анықтамасы пайда болды», - деді Сархат Бейсенова.

Оның айтуынша, «Қою қызыл аймақ» 18 шілде мен 2 тамыз аралығында Қазақстанның бес қаласы, соның ішінде Нұр - сұлтан қаласы кірген қауіпті аймақ жұқтыру төсектерінің толу көрсеткіші 70 %-дан жоғары болған. Осы себепті «Нұр-сұлтан қаласында шектеу және карантин шараларын қатаңдату туралы» қаулы қабылданып, әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмыс режиміне критерийлерге сәйкес өзгерістер енгізілген.

«Дельта» штамының таралуы

Оның сөзінше, маусым айының екінші онкүндігінен бастап аса контагиозды «дельта» штамының таралуы әсерінен эпидемиологиялық жағдай нашарлағанын жеткізді. Сонымен қатар, маусым-шілде кезеңінде ағымдағы жылдың басынан бері барлық сырқаттанушылықтың 55% - ы тіркелген.

Бас дәрігердің мәліметінше, шілде айында аурушаңдық деңгейі мамыр айындағы көрсеткіштен 2,4 есеге,ал маусым айында 2,3 есеге артқан.

«Шілде айында пандемия басталғаннан бері 100 мың тұрғынға шаққандағы ең жоғары апталық көрсеткіш тіркелді және 915,9 құрады. Жағдайлардың орташа тәуліктік тіркелуі маусым айында 388-ден шілде айында 1200-ге дейін өсті», - деді ол.

Індет жұқтырудың нақты орындары

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, соңғы 19 күнде тәулігіне 1,5 мыңнан астам ауру тіркелген. Сонымен қатар, ол қазіргі таңда базарлар, сауда үйлері, қоғамдық көлік, мейрамханалар, дәмханалар, барлар, еңбек ұжымдары және саябақтар мен демалыс аймақтарындағы көпшілік жиналатын орындар жұқтырудың негізгі орындары екенін атап өтті.

Оның дерегінше, жұқтыру деңгейі базарларда 7% – дан 15% – ға дейін, сауда объектілерінде – 19% - дан 24% – ға дейін, кеңселерде-13% - дан 28% - ға дейін, саябақтар мен демалыс аймақтарында-15% - дан 18% - ға дейін айртқан.

«Сондай-ақ, 0,8% - дан 7% - ға дейін-науқастар үйлену тойларын және бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатысуын тоқтатпағанның әсерінен болып отыр. Науқастардың 8% - ы қоғамдық көлікті үнемі пайдаланатыны белгілі болды», - деді Сархат Бейсенова.

Өзін-өзі оқшаулауды бұзғандар айыппұл төлейді

Сархат Бейсенова тұрғындарды эпидемияға қарсы сақтық шараларын сақтауға шақырды. Сондай-ақ, ол барлық адамдар қауіпсіздік шараларын тиісті деңгейде сақтай бермейтінін жеткізді. Тіпті ескерту мен жазалау шараларының қабылдануына қарамастан, кейбір елордалық мекемелерде санитарлық нормалар мен карантин талаптарын ескермеу жалғасып жатырғанын атап өтті

«Кейбір кәсіпкерлік нысандары жабық есік алдында жұмыс істеуін әлі жалғастыруда. Ағымдағы жылдың 20 мамырынан бастап мониторингтік топтар 7215 нысанды тексерген болатын. Нәтижесінде, 251 объектіде карантин режимін бұзу фактілері анықталды. Олардың басым бөлігі қоғамдық тамақтану орындары», - деді Сархат Бейсенова.

Сонымен қатар, "Ashyq жобасы енгізілген сәттен бастап қатысушы объектілерде үй карантинін бұзған 8518 келуші анықталған. Оның ішінде 5065 адам "қызыл" мәртебеге ие яғни, коронавируспен ауыратындар, 3453 адам "сары" мәртебеге ие яғни, жақын байланыста болғандар анықталған.

«2021 жылғы 11 маусым мен 3 тамыз аралығында үй карантинін бұзған 4847 келуші анықталды жұқтырғандар, "қызыл" мәртебесі бар – 3347 келуші, жақын байланыста болғандар, "сары" мәртебесі бар – 1500 келуші», - Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері.

Бас санитардың дерегінше, аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандары үй карантинін бұзған «қызыл» мәртебесі бар келушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша 32 хаттама жасаған. Ал «сары» мәртебесі бар адамдарға санитариялық-эпидемияға қарсы профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы 99 қаулы шығарылған.

«Яғни, егер карантиндегі науқас адам санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамаса, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзса және айналасындағыларға қасақана жұқтыру қаупін тудырса, онда заңға сәйкес оған 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындалады», - деп түйіндеді бас санитар дәрігер.
Барлық жаңалықтар