• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстандағы эпидахуал: ауру жұқтырғандар көрсеткіші, вакцинациялау науқаны, бизнеске арналған мобильді қосымша

Қазақстандағы эпидахуал: ауру жұқтырғандар көрсеткіші, вакцинациялау науқаны, бизнеске арналған мобильді қосымша

24 Ақпан, 2021 18:15

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қазіргі эпиедмиологиялық жағдайға есеп берді. Ауру жұқтыру динамикасы, қашықтан оқыту форматының аяқталу уақыты, антиковидтік дәрі-дәрмек бағаларының тұрақтылығы, вакцинациялау науқаны туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


Қазіргі эпидахуал

ҚР Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың мәліметінше, дәл қазір  20 387 адам короновирус инфекциясынан (13 165 КВИ+ және 7 222 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 4 574 пациент стационарда, 15 813 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.  236 адамның жағдайы ауыр, ал  55 науқастың жағдайы өте ауыр, 47 науқас өкпені жасанды желдтеу аппаратында жатыр. 2021 жылғы 22 ақпандағы мәлімет бойынша 56 жағдай тіркелген, 2 жағдай өліммен аяқталған. 243 адам жазылып шыққан.

Өткен айда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың болжамындағы пессимистік сценарий орындалса, наурыз айында 9000-ға дейін адам ауру жұқтыруы мүмкін деген еді. Алайда қазіргі уақытта сырқаттанушылық деңгейі төмендеп, эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып отыр. Эпидемиологиялық жағдайдың матрицасымен айтар болсақ, Қазақстан соңғы екі апта бойы "жасыл аймақта" тұр. Ведомство басшылығы мұны санитарлық талаптардың орындалуымен байланыстырады. Ал қашықтықтан оқу форматының аяқталу күнін бас санитар дәрігер айта алмады. Вакцинациялау науқаны жалғасып, елде ұжымдық иммунитет қалыптаспайынша, мектеп пен университеттердегі оқу форматы өзгеріссіз қала бермек.

«Біз барлық мүмкіндікті ойластырдық. Барлық шешім елдегі эпидахуалға сәйкес қабылданада. Білім министрлігімен біріккен жұмыс тобы білім алушылар үшін қауіпсіз жағдай туғызу үшін шараларды қарастырып жатыр. Қазір денсаулық бірінші орында. Алдын ала нақты мерзімін айту қиын. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз үшін жағдайдың тұрақтануы кезекті эпизод болмауы маңызды. Оның карантин шектеулерін жұмсартуға мүмкіндік беретін арнаға түскені біз үшін аса маңызды», - деді бас дәрігер журналистермен әңгімелесу барысында.

Қазіргі таңда қызыл аймақта тұрған өңір жоқ. Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы сары аймақта. Қалған 11 өңір жасыл аймақта орналасқан.

Вакцинациялау науқанының алғашқы қорытындылары

Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау жалғасуда. Ерлан Қиясовтың дерегінше, бірінші компонентпен 20 157 адам егілді. Ал екінші дозасын алған адамдар саны 2000-нан асады.

«22 ақпаннан бастап екінші компонентпен егу басталды, 2 137 адам егілді, қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. Ертеңнен бастап 4 наурызға дейін Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген 90 мың доза мөлшеріндегі вакцинаның екінші партиясы жеткізіледі. Осы вакцинамен медицина қызметкерлерін вакцинациялау аяқталған соң, педагогтарды вакцинациялауды бастау жоспарланып отыр», - деді Қиясов.
Осы жылдың шілдесіне дейін Қарағанды фармацевтикалық кешенінің вакцинаны өндіру көлемі 2 млн.дозаға дейін жеткізілетін болады.

Вакцинациялау бойынша барлық аймақта 786 егу пункті жұмыс істеп тұр. Олардың 170-інде ғана егу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Барлық пунктте салқындату тізбегін қамтамасыз ету үшін қажетті жабдықтар орналасқан. Вакцинацияны енгізу бойынша 9 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. 

Айтпақшы, Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, «Спутник V» вакцинасын қабылдағандар арасында жағымсыз әсер алғандар жоқ. Сонымен қатар, антиковидтік дәрі-дәрмек бағасының тұрақты әрі қолжетімді болуы арнайы комиссияның бақылауында. Бірыңғай тасымалдаушы «СҚ Фармация» жеткізген препараттарға қойылатын баға ведомствомен мақұлданады.

«Айта кету керек, вакцинациялаудан кейінгі қорғаныш әсер, яғни коронавирусқа қарсы антиденелер дозаны алғаш қабылдағаннан кейін 12-14 күннен соң басталады. Толық иммунитетті қамтамасыз ету үшін 21 күндік аралықпен екі компоненттен тұратын вакцинацияның толық курсын алу қажет. Вакцинациялау курсы аяқталғаннан кейін 1,5 айдың ішінде организмнің иммундық реакциясы пайда болады, сондықтан вакцина қабылдаған адамдар профилактикалық шараларды сақтауы қажет», - деді ол.

65 жастан асқан адамдар екпе алады

Ерлан Қиясовтың айтуынша, 65 жатан асқан адамдарға екпе салуға рұқсат берілді.Бұған себеп өндірушілер ұсынған ресми ақпарат.

«65 жастан асқан адамдарды вакцинациялауға қатысты Н. Гамалея атындағы ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми орталығының ресми ақпаратының негізінде медициналық қарсы көрсетілімдерін (созылмалы аурулардың, аллергиялық реакциялардың және өзге де қарсы көрсетілімдердің болуы) ескере отырып, осы жас ерекшелік санатындағы адамдарды вакцинациялауға рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Мен ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің тиісті қаулысына қол қойдым», - деді бас санитар дәрігер.

Айта кету керек, төмендегі аурулар кезінде препаратты сақтықпен қолдану керек:

1) бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары;

2) эндокриндік жүйе функциясының айқын бұзылуы (қант диабеті);

3) қан айналым жүйесінің ауыр аурулары;

4) эпилепсия, инсульт және ОЖЖ басқа аурулары;

5) жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары (анамнезінде миокард инфарктісі, миокардит, эндокардит, перикардит, жүректің ишемиялық ауруы болса);

6) бастапқы және қайталама иммун тапшылығы;

7) аутоиммундық аурулар;

8) өкпе, демікпе және ӨСОА аурулары;

9) диабетпен және метаболикалық синдроммен, аллергиялық реакциялармен, атопиямен, экземамен ауыратын пациенттерде;

10) қанның қатерлі ауруларын қоса алғанда, қатерлі ісіктер.

«Ashyq» деген мобильді қосымшасы іске қосылды

Пандемия басталғаннан бері бизнеске кері әсерін тигізгенін білеміз. Қазақстанда да бизнес өкілдеріне шектеулер қойылды. Бұл шектеулер кәсіпкерлердің табысын азайтты. Ерлан Қиясов баяндамасында бизнес-қауымдастық «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен Қазақстанда «АSHYQ» пилотын іске асырғанын мәлімдеді.

«Ashyq» деген мобильді қосымшаны «Атамекен» ҰКП-ның, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша отандық IT-компаниясы әзірледі», - деп мәлімдеді дәрігер.

Бұл қосымша  пилоттық режимде Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында рұқсат берілген нысандарда жұмыс істеп тұр. Мұндай нысандарға фитнес-орталықтар, спа-орталықтар, бассейндер, моншалар, кинотеатрлар кірген.

Ерлан Қиясов «ASHYQ» мобильді қосымшасының артықшылықтарына тоқталды.

-келушілер үшін қауіпсіз орта құру;

-үй карантиніндегі КВИ-мен ауыратын науқастардың және олармен байланыста болған адамдардың объектілерге баруына кедергі жасау;

-әлеуметтік-экономикалық объектілер қызметінің тыйым салынған түрлерін қайта бастау.

«Осылайша, «Ashyq» деген мобильді қосымша Денсаулық сақтау министрлігінің жалпы базасымен интеграцияланған және QR-кодты пайдалану арқылы келушінің сол сәттегі мәртебесін: вирустың тасымалдаушысы екенін не тасымалдаушы еместігін анықтауға мүмкіндік береді», - деді ол.
Келуші «Ashyq» деген мобильді қосымшаны өз телефонына жүктеуі, телефон нөмірі бойынша авторизациядан өтуі (ЖСН енгізу) және QR-кодты сканерлеуі керек және мекемеге кірген кезде оны көрсетуі қажет.

«QR-код тек бизнес субъектілерге ғана берілетінін, объектілердің келушілерді қабылдауға дайын екендігін, олардың санитариялық талаптарға сәйкестігін растайтынын, сондай-ақ бизнеске карантиндік шаралар кезеңінде өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретінін атап айтқым келеді», - деп қосты спикер.

Барлық жаңалықтар