• Басты
  • Жылу маусымында өрт қауіпсіздігі шаралары қандай
12 Қазан, 2020 14:04

Жылу маусымында өрт қауіпсіздігі шаралары қандай

Бүгін ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Төтенше жағдай министрлігінің өкілдері өрт пен улы газдан улану қаупінің алдын алу шараларымен таныстырып, ведомствоның осы маусымда қандай шаруа атқарғанына есеп берді, деп хабарлады Strategy2050.k тілшісі.


Жылу маусымында өрт қауіпсіздігі шаралары қандай

Қазір күн суыта бастаған мезгілде тұрғындар электр пештерін пайдаланып жүр. Мұндай электр жылыту құрылғыларды пайдаланғанда қандай шараларды орындау керек, нені ескеру керек? Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Еркін Отарғалымұлы ҚР жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берді. Оның айтуынша, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес электр электр пештерін пайдалануға тыйым салынбаған.

Электр жылытқыштарды пайдалану үшін қойылатын арнайы шарттар мен талаптар бар. Соны ескеру керек. Біріншісі, олар міндетті түрде зауытта жасалуы тиіс. Қолдан жасалған жылытқыш құралдарды, жылыту қондырғыларын пайдалануға тыйым салынады. Жылытқыштардың радиаторларында жылуды реттегіші болуы тиіс және ол көрініп тұруы керек. Екіншіден, үйдегі басқа электр сымдарының сапасына көз жеткізу керек. Тұрғындар электр жылытқыш пен қондырғыларын пайдалана бастаған кезде үйдегі электр желілеріне қосымша қысым түседі. Ал үйдегі электр желілері жарамсыз күйде болса, сымдардың оқшаулағыш қабаттары бұзылса, электр сымын монтаждау кезіндегі кемшіліктер түзелмесе – олар қызып, өрт шығуына себеп болады. Осы мәселелерге мән беріп, үйдегі электр желілерін тексеру керек, - деп ескертті ол.

Қазан айы басталысымен Қазақстанның барлық өңірінде жылу беру маусымы басталады. Дәл осы кезең өрт қаупінің күшею кезеңімен байланысты. Өрт қаупі кезеңі қараша айының соңына дейін жалғаспақ. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, күн сайын төтенше жағдайларды алдын алу басқармаларындағы қызметкерлер өрттің алдын алу үшін 100-ден аса шақырту алады.

Осы жылдың 9 айында ел бойынша 9 мыңнан астам өрт жағдайлары болды, өрт салдарынан 217 адам жарақат алды, 228 адам өкінішке орай, қайтыс болды. 2019 жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда өрттердің 10,4%-ға төмендегені байқалады: тұрғын секторда - 12,2%-ға, көлікте - 19,4%-ға, бақылаудағы объектілерде - 8,2%-ға. Өткен жылдың жылыту маусымында жіберген қателіктер есепке алынып, халықтың ішінде әлеуметтік осал топтар мен барлық тұрғы үйге профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деп есеп берді Ильин.

Төтенше жағдай басқармасының қызметкерлері 380 мыңнан астам үйді аралап, 852 мыңнан астам тұрғынға нұсқаулық беріпті. Улы газбен немесе жану өнімдерімен улану қаупін азайту үшін 11 мың астам табиғи газ, улы газі және түтін датчиктері орнатылып жатыр. Датчиктер жергілікті әкімдіктердегі бюджет пен демеушілер көрсетке көмектің есебінен сатып алыныпты. Ал өткен жылы улану қаупін алдын алу мақсатында 90 мыңнан астам құрылғы орнатылған. Осы орнатылған датччиктер дер кезінде дабыл беріп, 80-нен астам адам уақытында эвакуацияланып, құтқарылды.

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің зілзала қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Талғат Дүйсебаев жеке секторлардағы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы есеп берді. Оның айтуынша, Алматыдағы әр ауданның әкімдіктерімен бірлескен жұмыс нәтижесінде қаладағы үйлердің тізімін шығарыпты.

Алматыда 145 471 үй бар. Олардың ішінде 945-і әлеуметтік осал топқа жататын үйлер болып саналады. Оның ішінде 605 үй қатты отынмен жылытылады. Осы қатты отын кез келген уақытта өрт қаупін тудыруы мүмкін. Бұл үйлерге датчиктер орнатылып, профилактикалық жұмыстар жүргізілуі тиіс. Қазір карантиндік шектеу шараларына байланысты осындай үйлерге профилактикалық жұмыстар жүргізудің әдіс-тәсілдерін өзгерту үшін жұмыс жасап жатырмыз, - деді спикер.

Алматы қаласында 2019 жылы жеке үйлерде 260 өрт жағдайы тіркелді. Нәтижесінде 113 үй мен 30 адам зиян шеккен. Тамыз айынан бастап ТЖД, Тұрғын үй саясаты басқармасы, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ы, аудандық әкімдіктердің әлеуметтік сала бөлімдерімен бірге волонтерлер бірігіп, 227 рейд жұмыстарын жүргізген. Олар 20 мыңнан аса үйді аралаған. Тұрғындардың әлеуметтік осал топтарының (көпбалалы отбасылар, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және мобильді емес) үйлерде профилактикалық жұмыстар жүргізген. Үйге от жағу маусымында өрттен және көміртегі тотығынан адамдардың қайтыс болу фактілерін азайту үшін арнайы шаралар ұйымдастырылғанан да Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің зілзала қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Талғат Дүйсебаев айтып өтті.

Ал, Нұр-Сұлтан қаласында жыл басынан бері өрттен 12 адам көз жұмған. Оның 10-ы мас болған. Биыл елімізде ауданы 50 гектардан асатын дала өрттері 2 есеге көп тіркелген. Негізінен Батыс Қазақстан облысының аумағы өртенді. 2019 жылмен салыстырғанда ормандар 20%-ға көп өртенді. Орманды аймақтар Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында орналасқан. Өрт зардабы материалдық шығынға әкелген.

Барлық жаңалықтар