• Басты
  • Жыл қорытындысы: Парламентте қабылданған Заңдар, Үкіметтің пандемия кезіндегі жұмыс нәтижелері

Жыл қорытындысы: Парламентте қабылданған Заңдар, Үкіметтің пандемия кезіндегі жұмыс нәтижелері

30 Желтоқсан, 2020 15:49

Өтіп бара жатқан 2020 жыл Қазақстан экономикасы үшін оңай болмады. Пандемия қоғамның әр саласына әсер етті. Жыл қорытындысы бойынша Үкімет пен Парламентте атқарылған жұмыстар туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


Парламентте қаралған заңдар

Өтіп бара жатқан 2020 жыл Қазақстан экономикасы үшін оңай болмады. Пандемия қоғамның әр саласына әсер етті. Жыл қорытындысы бойынша  Үкімет пен Парламентте атқарылған жұмыстар туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 2020 жылы Парламент 100-ден астам заң қабылдағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, пандемия адамзаттың қалыпты өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді.

«Пандемияның салдарынан туындаған жаңа сын-қатерлерді әр мемлекет өз мүмкіндігіне қарай еңсеріп келеді. Осы бағытта елімізде Президентіміздің басшылығымен дер кезінде шұғыл шешімдер мен нақты шаралар қабылданды. Соған сәйкес Парламент жыл бойы Мемлекет басшысының бастамаларын және еліміздің стратегиялық саясатын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарды. Бұл ретте, Сенат депутаттарының белсенділігін ерекше атап өткім келеді. Жалпы, биыл Парламент 110 заң қабылдады. Оның 30-ға жуығына Парламент депутаттары бастамашы болды», - деді М. Әшімбаев.

Сенат төрағасының айтуынша қабылданған заңдар мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруға, пандемия салдарын еңсеруге, экономиканың өсуін қалпына келтіруге, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, құқығын қорғауға, денсаулық сақтау, білім беру салаларын жетілдіруге бағытталған.

«Шағын және орта бизнесті қолдау, қоршаған ортаны қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес бағыттары да сенаторлардың басты назарында болды. Елімізде демократиялық процестерді нығайтуды көздейтін заңдар топтамасы да қабылданды. Ауылдық жерлерді дамыту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне баса мән бердік», - деді Сенат төрағасы.

Тұрғын үй: Жыл соңына дейін 2 000 000 шаршы метр әлеуметтік тұрғын үй салынады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамуының мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй мәселелерін шешу және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде, оның мақсаты тұрғын үйдің қол жетімділігі мен жайлылығын арттыру және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту.

 «Мемлекеттік инвестициялар аясында жыл соңына дейін 2 млн шаршы метр әлеуметтік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. 40 мыңнан астам отбасы мемлекеттік қолдаумен қамтылады, оның ішінде 25 мыңнан астамы қол жетімді несиелік тұрғын үй беру арқылы, 6 мың жеңілдетілген несие арқылы және 10 мыңнан астам отбасы әлеуметтік жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі», - Жайымбетов Мархабат Жайымбетұлы, - Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымды даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.

Мәселен, әкімдіктердің кезектерінің әлеуметтік осал санаттары үшін 1 882 сатылмайтын жалға берілетін пәтерлер (немесе 95 мың шаршы метр) пайдалануға берілді, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 4 142 пәтерге (208,2 мың шаршы метр) дейін жеткізу жоспарлануда.

2019 жылы «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде берілген Елбасы тапсырмасы аясында аз қамтылған көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуі жалғасуда. Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 1664 пәтер (111,7 мың шаршы метр) салынды және сатып алды, жалпы, жыл соңына дейін 5288 отбасыны (339,8 мың шаршы метр) қамтамасыз ету күтілуде. Сонымен қатар, түрлі қаржыландыру көздерді тартудың арқасында тағы 3868 көпбалалы отбасы баспаналы болды.

Статистика мәліметтері бойынша 2020 жылдың 11 айында 12,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 9,3% артық.

Ағымдағы жылы Бағдарламаның барлық қаржыландыру көздерінен бірыңғай тұрғын үй саясатын жүзеге асыру міндеті аясында 15 миллион шаршы метр тұрғын үйді (немесе 150 мың тұрғын үй) пайдалануға беру жоспарланып отыр, бастапқы жоспар бойынша 14,1 миллион шаршы метр жоспарланған болатын.

Сонымен қатар, тұрғын үйлерді уақытында пайдалануға беру үшін құрылыс алаңдарына қажетті инженерлік коммуникацияларды жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында 71,8 млрд.теңгеге 305 жоба іске асырылуда.

Энергетика министрлігі: Атом өнеркәсібі саласындағы заңнамаға өзгеріс енгізу, радиация кезіндегі көмек туралы келісім

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары бірінші оқылымда Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, заң жобасының мақсаты –  халықтың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Заңнамаға ұсынылып отырған түзетулер радиациялық қауіпсіздік пен халықтың денсаулығын қорғау саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелерін шешуге бағытталған.

 Осы мақсатта заң жобасында мынадай өзгерістер ұсынылған:

-«Атом энергиясын пайдалану туралы» және «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» заңдардың нормаларын нақты түсіндіру мақсатында терминология мен ұғымдық аппаратты нақтылау;

-халықтың радиациялық қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты сапалы іске асыру, сондай-ақ өкілеттіктердің қайталануын болдырмау мақсатында мемлекеттік органдардың өкілеттіктері мен функцияларын ажырату;

-білім сынағынан өту рәсімдерін ырықтандыру мақсатында атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс істейтін персоналға аттестаттаудан қайта өту құқығын беру;

-ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау кезінде авариялық дайындықты және ядролық және радиациялық апаттарға ден қоюды регламенттеу;

-жүйелерде, жабдықтарда, ядролық қондырғының жобалық және пайдалану құжаттамасында өзгерістер болған жағдайда ғана ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздікке қайта сараптама жүргізу;

-атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру, ол «бір өтінім» қағидатын қамтамасыз етеді.

Заң жобасы Қазақстан Республикасы Сенатының қарауында.

Қазақстанда радиациялық авариялық жағдай туындаған кездегі өзара көмек туралы келісімді ратификациялау ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал туындаған жағдайда, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында ақпарат пен көмекті жедел ұсынуға мүмкіндік береді.

Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органдары арасындағы өзара іс-қимылдың жеделдігі мен өнімділігін арттыруға, атом энергиясын бейбіт мақсаттарда пайдалануға байланысты кез келген ықтимал оқыс оқиғаларға уақтылы ден қоюға бағытталған.

Сонымен қатар, аталған Келісім ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал  туындаған жағдайда мамандандырылған авариялық-құтқару құралымдарын, осы құралымдарды техникалық жарақтандыру ретінде пайдаланылатын жабдықтарды, көлік құралдары мен материалдарды, мамандарды трансшекаралық өткізу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Заң жобасы Қазақстан Республикасы Сенатының қарауына жіберілді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі: Азық-түлік өндірісінің көлемі өсті

Қазақстанда мал басы орташа есеппен 9,5%-ға өсті.

Ағымдағы маусымның күрделі жағдайларына қарамастан, диқандар 20,8 млн тонна астық көлемінде мол өнім алды, бұл республиканың ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстанның астық державасы ретіндегі мәртебесін сақтай отырып, белгілі бір көлемді экспортқа жөнелтуге мүмкіндік береді.

Алынған астық жоғары сапалы. Бидайдың жалпы көлемінің 80%-ы 1-3-ші санаттарға жатқызылды, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 53%-ды құрады.

Ағымдағы жылдың ауыл шаруашылығы маусымының қорытындысы бойынша аграршылар 4 млн тонна картоп, 4,3 млн тонна көкөніс, 2,5 млн тонна бақша дақылдары мен 297,2 мың тонна мақта жинады. 2,5 млн тонна май дақылдары жиналды.

ІҚМ саны 8,6%-ға, жылқы – 11,7%-ға, қой мен ешкі – 7%-ға өсті.

Азық-түлік өнімдерінің өндірісі ағымдағы жылы 3,6%-ға өсіп, 1,7 трлн. теңгені құраған.

 Осы жылдың 11 айында ет өндірісі 5,8%-ға, сүт өндірісі 7,1%-ға ұлғайды.

Сонымен қатар өндірістің келесі бағыттары бойынша:

- өңделген күріш – 23,5%-ға;

- сары май – 21,5%-ға;

- шұжық өнімдері – 11,8%-ға;

- макарон өнімдері – 8,1%-ға;

- сүт өнімдері – 4,4%-ға;

- ірімшік және сүзбе – 3,3%-ға;

- ұн – 2,8%-ға;

- жармалар – 2,1%-ға өсуі байқалады.

Азық-түлік тауарларының барлық негізгі түрлері бойынша қамтамасыз ету 80 және одан да көп пайызды, ал кейбір түрлері бойынша 100-ден астам пайызды құрады.

Биыл өткен жылмен салыстырғанда:

- күнбағыс майы – 19,5%-ға (92%-дан 112,4%-ға дейін);

- макарон бойынша – 8,2%-ға (108,9%-дан 117,1%-ға дейін);

- ұн бойынша – 4,9%-ға (188,5%-дан 193,4%-ға дейін);

- сиыр еті бойынша – 0,9%-ға (95,7%-дан 96,8%-ға дейін);

- күріш бойынша – 0,3%-ға (98,3%-дан 98,6%-ға дейін) өсуі байқалады.

Азық-түлік өнімдері өндірісінің өсуі бірінші кезекте АӨК-ті мемлекеттік қолдаудың артуымен және Президенттің жыл басында ҚР АШМ алдына қойылған импортты алмастыру, сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы тапсырмаларын іске асырумен байланысты.

Экология министрлігі: 2020 жылы таза ауыз су жеткен ауылдар саны өсті

Әрбір ауылға, оның ішінде шалғай елді мекендерге сапалы ауыз су бару үшін топтық су құбырларын салып, реконструкция жасау керек.

Бүгінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, республика бойынша жалпы ұзындығы 15,5 мың км құрайтын 74 топтық су құбыры бар. Оның ішінде 13 мың км болатын 37 су құбыры республикалық меншікте. Олар 1,1 млн адам тұратын 608 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтиды.

Егер 2019 жылы Павлодар облысындағы Беловодский, Май және Қарағанды облысындағы Жәйрем-Қаражал су құбырлары пайдалануға берілсе, 2020 жылы жұмысы аяқталған нысандар саны көбейді.

Олардың ішінде Алматы облысы Қарасай ауданындағы Қаскелең топтық су тартқышы да бар. Жобаның жалпы құны 2 493,8 млн.теңгені құрайды. Жоба 2013 жылы басталып, Экология министрлігінің көмегімен 2020 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Нәтижесінде 100 мың тұрғыны бар Қаскелең қаласындағы сумен жабдықтау жұмысы жақсара түсті.

Осы жылы жүзеге асқан тағы бір жоба - Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Кенашы жер асты сулары кен орнынан Жымпиты ауылын сумен жабдықтау. Жоба құны - 2 157,4 млн.теңге. Оның арқасында 2 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, Сырым ауданының 10 мың тұрғыны бар 5 елді мекенінде су беру мәселесі жақсартылды.

Бұдан бөлек Қызылорда облысындағы Жиделі топтық су құбырының пайдалануға берілуі нәтижесінде 14,5 мың адам тұратын 8 ауыл сапалы ауыз суға қол жеткізді. Өңірде 2021 жылы Жаңақорған ауданындағы Талап су құбырының құрылысы аяқталмақ. Оның жалпы құны - 5 932,3 млн.тенге. Аяқталғаннан кейін 9 ауылға су жеткізу жақсарып, 19,7 мың адам тұратын 3 ауыл ауызсумен қамтылады.

Аталғандармен қатар, Солтүстік Қазақстан облысында Преснов топтық су құбыры (ІІ кезең) қайта жаңартудан өтіп жатыр. Жобаның жалпы құны - 4 699,6 млн.теңге. 2021 жылы ол пайдалануға берілсе, өңірдің 16 мың тұрғыны бар 17 ауылында су беру жақсарады.

Министрлік 2022 жылдың соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған үш жобаны аяқтауды жоспарлап отыр.

«Үкіметтің тапсырмасымен министрлік бұрын басталып, аяқталмаған жобаларды қолға алды. Біз 2019 жылы 3 магистральді су құбырын қолданысқа бердік, биыл – 1 су құбырын, ал 2022 жылға дейін тағы 3-еуі пайдалануға беріледі. Бұл 210,6 мың адам тұратын 39 ауылды сумен қамтиды», - деді Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев.

Айта кетейік, бүгінде қалалардың 97,2%-ы, ал ауылдардың 86,4%-ына орталықтандырылған сумен жабдықтау жеткен. 5 жыл ішінде елде 3 мың шақырым топтық су құбырлары салынады. Осылайша, ауыз сумен қамту 100%-ға жеткізіледі.

Цифрландыру: Пандемия кезінде әлеуметтік саланың біраз бөлігі цифрландыруға көшті

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім жүйесін цифрландырудың маңызы туралы жиі айтады.

Цифрландыру мәселесі қазір өте өзекті. Біз биыл бірінші рет цифрлық режимде ҰБТ тапсыруға құжаттарды қабылдадық. Алдыңғы жылмен салыстырғанда құжаттардың саны біраз көбейді. Цифрландыру мәселесі ары қарай да біздің басты назарымызда болады, - деді Аймағамбетов.

Электронды денсаулық сақтау сертификаттарын енгізу, азаматтарға олардың денсаулығы жайлы ақпаратқа интернетте қолжетімді болу үшін түрлі мобильді қосымшалар іске қосылу керектігін соңғы 3 жылда жиі қайталап жүр. Бірақ емханадағы медбикелер қағазбастылықтан толық құтылмағанын емханаға барғанда байқаймыз. Барлық медициналық ұйым қағазсыз жұмыс формасына өту керек. Балалар мен ересектердің денсаулық паспорты қолда емес, электронды жүйеде тіркеледі. Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландырудың жол картасы бар. Оның негізгі бағыттары: сауықтыру және алдын алу, сырқаттануды ерте анықтау, медициналық қызмет көрсету, ауруларды басқару және қайта оңалту.

отбасы құрамыз деген жастар некеге тұру туралы өтінішті онлайн береді, мемлекеттен жәрдемақы алуға өтініш беру де электронды жүзеге асады. Пандемия мемлекеттік қызмет көрсету саласының цифрлануын тездетті. Мәселен, табысынан айырылған азаматтар ең төменгі жалақы 42500 теңге алуға өтініш беру үшін электронды тасымалдауыштарды, оның ішінде egov.kz порталын, телеграммдағы бот каналды пайдалануды меңгерді. Тіпті банктық операцияларды телефон арқылы төлеуге мүмкіндік беретін мобильді қосымша 42500 теңге алу тетігін сол мезетте шығарды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов құрылыс саласында, жылу-энергетика кешенінде, коммуналды шаруашылық пен сапа бақылау саласының халыққа көрсететін қызметтері 100% электронды форматқа өтетінін айтқан болатын.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және инновациялар салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі ниет туралы өтінішке қол қойды. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, бірлескен жұмыс нәтижесінде электрондық мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыруға, қазақстандықтардың барлық жерде Интернетке қол жеткізуіне және оның нәтижесінде мемлекеттік сектордың цифрлық трансформациясын жеделдетуге қол жеткізуге болады.

Барлық жаңалықтар