• Басты
  • 2020 жыл қорытындысы: халықты ауыз сумен жабдықтау көрсеткіштері

2020 жыл қорытындысы: халықты ауыз сумен жабдықтау көрсеткіштері

8 Қаңтар, 2021 16:34

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі отырысында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев елді-мекендерді сумен жабдықтау және су бұру мәселелері туралы есеп берген болатын. Қазіргі уақытта республика бойынша жалпы ұзындығы 15,5 мың шақырым болатын 74 топтық су құбыры бар. Жалпы су құбырларына қатысты өткен жылы атқарылған істер мен нәтижелерін Strategy2050.kz тілшісі дайындаған материалдан біліңіз.

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкіметтегі жиналыста халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету ол басқарып отырған ведомствоның басты міндеті екенін айтқан болатын. Сонымен қатар экология министрлігі су кодексіне сәйкес елді мекендердің шекарасына дейін сумен жабдықтау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады және топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып саналады.

«Қазіргі уақытта республика бойынша жалпы ұзындығы 15,5 мың шақырым болатын 74 топтық су құбырлары бар. Оның ішінде республикалық меншікте 13 мың шақырым құрайтын 37 топтық су құбырлары тіркелген. Олар жалпы бір миллионнан астам адамы бар алты 608 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде», - деді министр.

2000 жылдан бері тұрғындардың ауыз су мәселесін шешу мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылған болатын. Мысалы, «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында 48,2 мың шақырым инженерлік желі салынып, халықты сумен жабдықтау деңгейі 92,6%-ға жетті. Дегенмен, қалған 7,4 пайыз халықты сапалы ауыз сумен қамту міндеті мемлекеттің алдында тұр.

Су құбырлары туралы атқарылған іске есеп берсек, республикалық меншікте 13 мың шақырымды құрайтын 37 топтық су құбыры тіркелген. 2019 жылы Павлодар облысындағы Май, Беловод және Қарағанды облысындағы Жәйрем-Қаражал топтық су құбырлары пайдалануға берілді. Ал 2020 жылы Алматы облысындағы Қаскелең, Қызылорда облысындағы Талап және Жиделі, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов, Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты топтық су құбырлары бойынша барлық жұмыстар аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Экология министрінің сөзіне сенсек, салынған су құбырлары біршама ауыл-аймақты таза ауыз суымен қамтамасыз етіп отыр.

«Бұған дейін сапалы суы болмаған 37 ауылдық елді мекен бойынша жаңадан су құбырлары салынып, 46 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қоса, бір қала мен 39 ауылдық елді мекеннің ескі су беру жүйесі қайта жөндеуден өтіп, ауыз судың сапасы артады. Өз кезегінде, бұл 287 мың тұрғынды қамтиды», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Қызылорда облысындағы Жиделі топтық су құбырының пайдалануға берілуі нәтижесінде 14,5 мың адам тұратын 8 ауыл сапалы ауыз суға қол жеткізді. Өңірде 2021 жылы Жаңақорған ауданындағы Талап су құбырының құрылысы аяқталмақ. Оның жалпы құны - 5 932,3 млн.тенге. Аяқталғаннан кейін 9 ауылға су жеткізу жақсарып, 19,7 мың адам тұратын 3 ауыл ауызсумен қамтылады.

 Солтүстік Қазақстан облысында Преснов топтық су құбыры қайта жаңартудан өтіп жатыр. Жобаның жалпы құны - 4 699,6 млн.теңге. 2021 жылы ол пайдалануға берілсе, өңірдің 16 мың тұрғыны бар 17 ауылында су беру жақсарады.

 Министрлік 2022 жылдың соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған үш жобаны аяқтауды жоспарлап отыр.

 Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев айтқан мәлімдеге сәйкес, су құбырларын салу биыл да жалғасады.

«Үкіметтің тапсырмасымен министрлік бұрын басталып, аяқталмаған жобаларды қолға алды. Біз 2019 жылы 3 магистральді су құбырын қолданысқа бердік, биыл – 1 су құбырын, ал 2022 жылға дейін тағы 3-еуі пайдалануға беріледі. Бұл 210,6 мың адам тұратын 39 ауылды сумен қамтиды», - деді Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев.

Қазіргі таңда Қазақстандағы қалалардың 97,2%-ы, ал ауылдардың 86,4%-ына орталықтандырылған сумен жабдықтау жеткен. 5 жыл ішінде елде 3 мың шақырым топтық су құбырлары салынады. Осылайша, ауыз сумен қамту 100%-ға жеткізіледі.

 

 

Барлық жаңалықтар