• Басты
  • Жыл басынан бері қылмыс саны 38 пайызға төмендеді - министр
9 Маусым, 2020 14:26

Жыл басынан бері қылмыс саны 38 пайызға төмендеді - министр

Биыл қаңтардан бастап қылмыс саны 38 пайызға төмендеді. Бүл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде сөз сөйлеген ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Жыл басынан бері қылмыс саны 38 пайызға төмендеді - министр

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың сөзіне сүйенсек, криминогендік жағдай көптеген бағыттар бойынша айтарлықтай жақсарған.

"Жалпы жыл басынан бері қылмыс саны 38 пайызға қысқарды. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық - 56 пайызға, тонау - 53 пайызға, ұрлық - 50 пайызға, бұзақылық - 45 пайызға азайды. Кәмелетке толмағандар (-27 пайыз), бұрын сотталған (-33 пайыз), мас күйінде (-16 пайыз), сондай-ақ көшелерде (-39%) және басқа да қоғамдық орындарда (-38 пайыз) құқық бұзушылықтар аз болды. Көптеген қылмыстардың ашылу көрсеткіші жақсарды", - деді министр.

Сондай-ақ ІІМ басшысы технология дамыған сайын алаяқтық пен ұрлықтың түрлері де көбейіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұларды аллдын алу мақсатында бірқатар бағдарлама қабылданған.

"Адамдарды алдап, олардың бағалы заттарын, малдарын ұрлап, үйлерін тонау үшін қарақшылар түрлі амалдар ойлап табуда. Технологиялық ақпараттық қылмыстармен күресу үшін полиция қызметкерлері ай-ти мамандарын тартып, ұрлық пен алаяқтықты  болдырмауға күш салып жатыр. Біріншіден, 3 жылға арналған арнайы бағдарлама қабылдадық. Екіншіден, ұрлық үшін қылмыстық жауапкершілік күшейді. Үшіншіден, мал ұрлығы бойынша заңға арнайы бап енгізілді", деді министр.


Сондай-ақ ол ұрлық жасағаны үшін жауапкершілік күшейтілгенін айта келе, бұрын істеген қылмысты қайталап жасау ауыр қылмыс санатына жататынын баса айтып өтті.

"Бұл қылмыскердің жәбірленушімен татуласуына және жазадан құтылуына мүмкіндік бермейді. Осының барлығы ұрлық санын 50 пайызға (31,7 мыңға дейін) қысқартуға мүмкіндік берді. Алдын-алу бойынша авто бөлшектерді ұрлау мен ішкі сауда ережелеріне өзгерістер енгізілді. Енді бұрын қолданыста болған қосалқы бөлшектер тек мамандандырылған дүкендерде, сауда орындарында міндетті түрде шарт жасаумен, тауарды тапсырған тұлғаны көрсете отырып және бұйымның фотобейнесін қоса бере отырып сатылады", - деді Ерлан Тұрғымбаев.


Бұдан бөлек министр қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, адамдардың тыныш жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін қолға алған шараларға тоқталды. 

"Ол үшін халықпен тікелей байланысқа түсетін полиция бөліністерінің жұмысын өзгерттік.  Жол-патрульдік полиция  патрульдік қызметке ауысты. Профилактиканы күшейту үшін, қызметкерлер мектеп, көше, қоғамдық орындарға жіберілді. Шетелден келген қонақтар үшін  6 облыста туристік полиция құрылды. Халықтың арыз-тілегін, уақытында қабылдау үшін, сервистік модельге ауыстық. Айына бір рет "Жолдағы қабылдау" акциясын өткіземіз", - деді ІІМ басшысы.


Сондай-ақ оның сөзіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасын мен өлім санын азайтуға байланысты жұмыстар жүріп жатыр.

"Бұдан басқа еліміз бойынша фронт-офистар ашылды. Ішкі істер органдарының алдында тұрған тағы бір маңызды міндет – Жол қауіпсіздігі.  Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың нақты тапсырмасы бар. Жол-көлік оқиғасын, оның ішінде өлім санын қысқарту. Бұл тапсырманың орындалу барысы күнделікті бақылауда", - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Барлық жаңалықтар