• Басты
  • Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 33 адам қайтыс болды

Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 33 адам қайтыс болды

6 Тамыз, 2020 17:40

Қазақстанда наурыз айынан бастап коронавирус індетіне байланысты карантиндік шаралар енгізілгеннен бері тұрмыстық зорлық-зомбылық өскен, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының басшысы Әсет Оспанов айтты. Ол басқарып отырған басқарма тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдарға қатысты 43 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарған. Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсететін "отбасылық тирандарға" арнайы құжат жіберіледі. Құжат бұзақылық жасаған адамға, ал көшірмесі жәбірленушіге беріледі. Құжат талаптары орындалмаса, ескерту жасалады немесе бір аптаға дейін қамауға алынады. Тіпті сот «ерекше талаптарды» да белгілей алады. Яғни, кездесуге, телефонмен сөйлесуге және құқық бұзушының зардап шеккен адаммен бір жылға дейінгі мерзімге басқа да байланыстарына тыйым сала алады. Бұл шара осыған дейін 5 мыңнан астам зорлық көрсетуші қатыгездерге қолданылды.

Басқарма басшысы статистикадан келтірді:

Белгіленген талаптарды бұзғаны үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 7 тәулікке дейін, ал бұзушылық қайталанған жағдайда 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін 13100 адам, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 6,5 мыңнан астам және ұрып-соғу үшін 3,5 мыңнан астам, сондай-ақ қорғау нұсқамаларын бұзғаны үшін 2273 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді ол.

Елімізде 2016 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық болып танылған 415 қылмыстық құқық бұзушылық орын алған. 2017 жылы 375 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның 266-сы сотқа жіберілді. 2018 жылы 793 құқық бұзушылық тіркелген, оның 537-сі сотқа кетті. 2019 жылы 898 құқық бұзушылық тіркелді, 527 іс сотқа жіберілді. Ал 2020 жылғы көрсеткіш мынадай: 1 қаңтар мен 5 тамыз аралығында жалпы саны 454 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. 16 наурыз мен 11 мамыр аралығында тұрғындар жаппай оқшауланып, үйде отырғанда 156 қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы тіркелді. 5 шілде мен 5 тамыз аралығында 7 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, оның 2-еуі сотқа жіберілді. Карантин басталған 16 наурыздан бері 241 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Өкінішке орай, 33 адам тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмды, - деді Әсет Оспанов.

Зорлық-зомбылық көрсеткен азаматтарға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 7 тәулікке дейін, ал бұзушылық қайталанған жағдайда 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін 13100 адам, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 6,5 мыңнан астам және ұрып-соғу үшін 3,5 мыңнан астам, сондай-ақ қорғау нұсқамаларын бұзғаны үшін 2273 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осындай жағдайларға байланысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы бойынша қадағалаудың жаңа әдістері дайындалды.

Тіркеуде тұрғандар және құқық бұзушылыққа әуес адамдар қашықтан, яғни әлеуметтік мессенджерлермен видео байланыс арқылы тексерілді. Мұндай тәсіл қылмыскерді жедел бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жайында полиция органдарына жедел хабар беру үшін арнайы алгортим дайындалды. Онымен дәріханалар мен дүкендердің сатушылары, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа тап болуы мүмкін жандар таныстырылды. Нәтижесінде, өзін-өзі оқшаулау кезеңінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілікке 8 мыңнан астам құқық бұзушылар тартылды. Олардың арасында жартысына жуығы әкімшілік қамауға алынды», - деді Ә. Оспанов.

Нақтырақ айтсақ, өзін-өзі оқшаулау кезеңінде отбасындағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін 8 739 адам жазаланды, олардың жартысына жуығы бірнеше тәулікке қамауға алынды.

Полиция қызметкерінің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы ҚР заңнамасы үнемі жетілдіріліп отырады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту аясында Қылмыстық кодекске де өзгерістер енгізілді. Бір мысал, заңнамалық деңгейде қорғау нұсқамасының қолданылу мерзімі 10-нан 30 күнге дейін ұзарды.

Жергілікті полиция бастықтарынан басқа, қорғау нұсқамаларын шығару құқығы учаскелік полиция инспекторларына, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларға, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторларға берілді. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы құқық бұзушыларға қатысты белгілі бір қатаң талаптар белгіленген. Сол талаптардың арқасында полиция жүйелі зорлық-зомбылық жасағаны үшін отбасылық жанжал шығарушы кінәсінің дәлелдерін жинауға және сотқа ұсынуға мүмкіндік алды.

Мәселен, денсаулыққа зиян келтірумен байланысты бірнеше рет құқық бұзушылықтар кезінде жәбірленушілердің талап-арызы бойынша азаптау үшін (ҚК 110-бабы) қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін 3 тәуліктен 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу санкциясы күшейтілді (ӘҚБтК 73-бабы), - деп түсіндірді ол.

Құқық қорғаушының айтуынша, отбасылық жағдайда болатын қылмыстардың жеке құрамдары қосымша енгізілді: құқық бұзушының мінез-құлқына, сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны үшін және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соғу жатады. Осы баптар бойынша санкциялар тиісінше 10 және 15 күн ішінде қаралады. Айыппұл алынып тасталған. Өйткені тиімсіз!

Осы құқық бұзушылықтарды қайталап жасаған кезде баптардың санкциялары денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 20 тәулікке дейін, ұрып - соғу үшін 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Сонымен қатар сот құқық бұзушының жеке басын және істің мән - жайын анықтағаннан соң, ескерту жасауы немесе дереу әкімшілік қамауға алуы мүмкін,- деп қорытты Ә.Оспанов.

Барлық жаңалықтар