• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Жусан» операциясы, терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес шаралары және күзет қызметіне қойылатын талаптар

«Жусан» операциясы, терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес шаралары және күзет қызметіне қойылатын талаптар

28 Қазан, 2021 17:41

Бүгін елордада ҚР Терроризмге қарсы орталығы штабының қатысуымен "Kazakhstan Security Systems"қауіпсіздік жөніндегі халықаралық көрме мен конференция ұйымдастырылды. Аталған шарада «Жусан» операциясы нәтижелері, террористік әрекеттерді қаржыландыруға қарсы күрес және күзет қызметіне қойылатын талаптар талқыға түсті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

«Жусан» операциясы

Терроризмге қарсы құрылымдық штаб жетекшісі Жанарбек Жаңабаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясының нәтижесінде қазақстандық 77 әйел радикалды идеологиядан өз еркімен бас тартқанын жеткізді. Оның сөзінше, операция алдында дайындық жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, арнайы топ Сирияға барып жағдайды бақылау жоспары әзірлеген. Нәтижесінде, барлығы 607 қазақстандық елге оралған. Нақтырақ айтқанда, оның ішінде, 37 еркек, 157 әйел және 413 бала соның ішінде,көпт 34 жетім бала елге аман-сау жеткізілген.

«59 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Қазақстанға келген соң отандастарымызды бейбіт өмірге бейімдеу шарасы өткізілді. Нәтижесінде 88 әйел исламды қайта қабылдап, 77 әйел радикалды идеологиядан бас тартты», - деді Жанарбек Жаңабаев.

Сондай-ақ, ол «Жусан» операциясына көптеген елдер қызығушылық танытып отырғанын тілге тиек етті. Оның айуынша, елімізде терроризмге қарсы және алдын алуға қатысты шаралар мемлекеттік деңгейде 2000 жылдары қолға алынған. Нәтижесінде, 20 жылдан астам уақыттың ішінде мемлекеттік деңгейдегі шешімдер өз нәтижесін беріп отырғанын жеткізді. Осы орайда, ол терроризммен күресте барлық мемлекеттік және құзырлы органдар өзара тығыз байланыста екенін атап өтті.

Террористік әрекеттерді қаржыландыруға қарсы күрес

Жиында Жанарбек Жаңабаев қаржылық мониторинг агенттігімен террористік әрекеттерді қаржыландыруға қарсы күресті бірлесіп жүргізіп жатырғанын мәлімдеді.Ол елімізде діни деструктивті ағымдарды қаржыландыру мәселесі басты назарда екенін атап өтті.

«Бұл бағытта ҚР ҰҚК, ҚР ІІМ, Бас Прокуратура, ҚР ҚМА және Қаржы министрлігінің Кірістер комитетімен бірлесіп күресу механизмі әзірленді. Статистикаға сүйенсек, 2018-2020 жылдары ел көлемінде терроризмді қаржыландыруға қатысты 26 факті тіркеліп, жолы кесілді», - деді ол.

Оның айтуынша, аталған фактілер бойынша Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғап, ол Бас прокуратураға дейін жеткізілгенін атап өтті. Бұл орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де халық арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырған. Нәтижесінде, биыл экстремистік қылмысқа барған 3 азаматтың үстінен іс қозғалған.

Күзет қызметіне қойылатын талаптар

Жиында ҚР Ішкі істер министрлігінің күзет қызметін бақылау департаментінің сарапшысы Данияр Сұлтанов күзет қызметімен айналысатын жеке ұйымдарға берілетін лицензия талаптарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, күзет қызметі туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Мәселен, ұйым жеке күзет қызметімен айналысу үшін алдымен Ішкі министрлігінің арнайы лицензиясын алуы қажет. Сондай-ақ, ол ұйымның күзет саласында кем дегенде 1 жыл тәжірибесі болу қажеттігін ескертті.

«Жеке кеңсесі мен тиісті құрал-жабдықтарының болуымен қатар, кем дегенде 2 жедел әрекет тобы болуы шарт. Яғни шұғыл жағдай туындаған кезде аталған 2 топтың мүшелері жедел әрекетке дайын болуы тиіс. Әрине, қызметтік көліктің болуы да міндетті», - деді Данияр Сұлтанов.

Осы орайда, ол күзет қызметімен айналысатын ұйымның жетекшісі оның қызметіне тікелей жауапты болатынын еске салды. Сондай-ақ, лицензия берілместен бұрын күзетқылмыс мекемесімен келісімшарт жасалатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, лицензия беру уақыты жағынан әртүрлі болады. Өйткені, бұл өте тиянақты тексеруді талап ететін процесс екендігін жеткізді.

«Қызметкерлер үнемі білім-біліктерін жетілдіріп отыруы тиіс. Олардың әскери немесе спорт дәрежесі болғаны абзал. Сол секілді күзет қызметімен айналысатын ұйым қауіпсіздік саласына қатысты заңнамаларды қатаң сақтауы тиіс, оның ішінде терроризмге қарсы күрес туралы заң да бар», - деп түйіндеді ҚР Ішкі істер министрлігінің күзет қызметін бақылау департаментінің сарапшысы.

Терроризмге қарсы құрылымдық штаб орталығы жетекшісі Жанарбек Жанабаев әлемдегі террористік жағдайлар мен еліміздегі терроризм тәуекелдеріне тоқталып өтті. Оның дерегінше, биылғы жылы 46 елде 451 терроризм актісі болған.Оның ішінде, 4300-ден астам адам қаза тапқан. Сонымен қатар, ол әлем елдері арасында ең көп террористік жағдай тіркелген елді атады.

«Терроризм актісі ең көп жасалған ел- Ауғанстан. Аталған елде 141 оқиға орын алған болса, Сирияда 45, Нигерияда 30, Сомалиде 30, Иракта 26, Конгода 24, Малиде 20, Пәкістанда 19 акт тіркелген», - деді Терроризмге қарсы құрылымдық штаб орталығының жетекшісі.

Барлық жаңалықтар