• Басты
  • Журналистерді даярлау: салалық журналистика, кадр тапшылығы, журналистік этика мәселесі талқыланды

Журналистерді даярлау: салалық журналистика, кадр тапшылығы, журналистік этика мәселесі талқыланды

26 Тамыз, 2020 13:59

Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева медиа саласы мамандарын даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының ректорларымен онлайн-форматта «ҚР журналистика деңгейі» тақырыбында кездесу өткізді. Жиынға қатысқан жоғары оқу орындарының басшылары бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Министр Аида Балаева ЖОО-дағы журнаслитердің дайындау мәселесіне қатысты меморандумға қол қойылғанын атап өтті. Оның сөзінше, онда салалық журналистерді дайындауға көп көңіл бөлініп отыр.

«Жоғары оқу орындарындағы журнилист мамандарды дайындау мәселесіне арналып отыр. Бүгінгі оқиға ертеңгі тарих десек, ақпаратты дайындайтын тілшілер қауымы екенін білеміз. Жас тілшілердің кәсіби біліктілігін арттыру кезінде бірқатар сын айтылуда. Сондықтан осы саладағы кейбір көкейтесті мәселелер бойынша ортақ шешімге келу үшін меморандумға қол қойылды. Меморандумның мақсаты – салалық журналистиканы дайындау, жұмыс істейтін журналистерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру», - деді министр.

Кездесу барысында кадрларды даярлау саласындағы проблемалық мәселелер, атап айтқанда, «Журналистика» мамандығы студенттерінің аналитикалық және практикалық дағдыларын дамыту, нарықты телерадио хабарларын тарату саласындағы мамандармен қамтамасыз ету секілді мәселелер талқыға түсті. Осы орайда Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бірқатар проблеманы көтерді. Оның пайымынша, саладағы кадр мәселене көңіл бөліну керек, ал ол университет қабырғасынан бастау алуы қажет.

«Кез келген қолға алынған жұмыстың жақсы нәтижеге жетуі кадрмен байланысты. Студенттерге сапалы білім берсек, біліктілігін арттырсақ, сонда ғана іс оңады. Ал біздікі фундаменті нашар үй секілді. Сондықтан проблема да жоқ емес. Журналистика ерекше салаға айналуда. Қазір әлем журналистика саласына жаңа көзқарас қажет екенін сезінді. Ақпараттық технологиялардың дамуы бір басқа, адамдардың қабылдауы да өзгерді. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қолында смартфон. Сол себепті ақпарат сауатты таратылуы тиіс», - деді ректор.

Сонымен қатар ол қазіргі университеттердің білім бағдарламаларын өздері дайындай алатынын жақсы мүмкіндік екенін айтып, журналистика факультеттеріне білікті, тәжірибелі мамандарды тарту керегін атап өтті.

«Қазақстан университеттері автономияға қарай қадам басты және заң қабылданып, өзіндік білім бағдарламаларын жасауға мүмкіндік алды. Осыны пайдаланып журналист даярлауға авторлық білім бағдардламасын енгізу керек. Таяуда ҚР Білім және ғылым министрлігі  ғылыми дәрежеден көрі шығармашылық тәжірибені қажет ететін қолданбалы мамандықтар қатарына журналистиканы да енгізді. Біз осы идеяны қолдаймыз. Журналистика факультетіне аты, заты бар, тәжірибесі мол журналистер тартылуы керек. Оның ғылым кандидаты болуы қажет емес, кәсіби білігіне назар аударылу қажет. Мысалы, «Сауытбек Әбдірахмановтың сыныбы», «Нұртөре Жүсіптің сыныбы», «Жанболат Ауыпбаевтың сыныбы», «Жарылқап Қалыбайдың сыныбы», «Бибігүл Жексенбайдың сыныбы» деген кезде барша журналистер, әсіресе, талапкерлер елең ете қалары сөзсіз. Сонда пркатика мен теория қатар жүреді», - деді Ерлан Сыдықов.

Бұдан бөлек ЕҰУ-нің ректоры еліміздегі ақпарат тарататын мекмелердің студенттер үшін өндіріс орны болуы керегін айтты. Оның айтуынша, теория мен тәжірибе ұштасқанда ғана кәсиби журналистер шығады.

«Болашақ журналистің ұстаханасы  аудитория емес, университеттің іші емес, бұқаралық ақпарат қайнаған орта болуы керек. Мысалы, «Қазмедиа» орталығындағы әр телеарна мен радиода журналистика кафедраларының филиалын ашу керек. Студенттер таңертеңнен кешке дейін сол жерде жүруі керек. Сол кезде ғана олар журналистикалық өндірісті толық сезініп, ақпарат дайындау үдерісіне толық сіңісе алады», - деді ректор.

Сонымен қоса оның пкірінше, университет аясында кәсіби шеберлікті арттыру курстарын ашып, түрлі мамандық иелерін қосымша журналистикаға тартуды ұйымдастыру қажет. Әсіресе, мамандандырылған экономист-журналист, социолог-журналист, заңгер-журналист, спорт журналисі керек. Осыған қатысты білімді университет қабырғасынан алуы тиіс. Сондықтан оларды алдын ала белгілі бір мамандыққа дайындау қажет екенін айтты. Сондай-ақ ол қазір сапасыз тренингтер көбейгенін сөз етті.

«Қазір неше түрлі тренингтер көбейді. Өкінішке орай кей тренингтердің аты бар, заты жоқ. Қазір журналистиканың тілі жұтаңдамақ түгілі сауатсыздық пен бұрмалаушылыққа айналып барады. Әсіресе, жастар дұрыс сөйлеу мен сауатты жазуды ақпарат құралдарынан үйренеді. Сондықтан аудармаға көп нәрсе байланысты. Қазақтың тілін аударма тіліне айналдырып алмайық. Ақпаратты жедел беру керегін түсінемін, кейде ағылшын, орыс тілінде келеді. Оны тез аударып, жеткізу қажет. Сол себепті білікті, сауатты адамдар жұмыс істеуі керек. Қазір газеттерде де емлелік, стилистикалық, грамматикалық қате аз емес. Журналистердің әрқайсысында орфографиялық сөздік болуы керек», - деп толықтырды Ерлан Сыдықов.

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Раиса Өсенбаева аталмыш университеттің журналистерді дайындаудағы білім бағдарламасы жөнінде айтты. Оның сөзінше, жоғары оқу орнының атында айтылғандай, университет технология жағына көбірек мін береді.

«Цифрлы технологиялар дәуірінде университет ІТ индустриясында, экономика және менеджмент саласында жаңа буын кадрларын дайындайды. Біздің негізгі білім беру бағдарламаларына тоқталсам, «Іскерлік журналистика, SMM және PR», цифрлы журналистика, халықаралық журналистика және ақпарат қауіпсіздігі және телерадиожурналистика. Мәселен, «Іскерлік журналистика» білім беру бағдарламасында экономика саласына бағытталған мамандарды дайындаймыз. Қазір БАҚ-қа күрделі экономикалық мәселелерді түсінетін сауатты қаржылық саладағы талдаушылар қажет. Өткен жылдан бастап біз кадрларды «Іскерлік журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша дайындай бастадық. Бұл оның үлкен сұранысқа ие екендігін көрсетті. «Іскерлік журналистика, SMM және PR» білім беру бағдарламасы бизнес, экономикалық журналистика және әлеуметтік медиа, маркетингке мамандандырылған медиа нарықтағы танымал жұмысшыларды сапалы дайындауға бағытталады », - деді Раиса Өскенбаева.

Сонымен қоса ол оқытудың келесі бағыты - цифрлық журналистика екенін айтып өтті. Оның айтуынша, біз жоғары оқу орны жаңа оқыту бағдарламаларын жасаған және ұсынатын университет.

«Дәстүрлі журналистика ақпаратты монолог түрінде ұсынады, ал цифрлы журналистика диалог форматында ұсынады. Егер бұрын журналистер гуманитарлық ғылымдар деп саналса, қазіргі кезде журналистика үшін математикалық модельдеу сияқты бағыт өзекті болып отыр. Сол себепті журналистердің матемтикадан да сауаты болуы тиіс», - деді ректор.

Ал өз кезегінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов аталмыш орталықтың мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында шетелден мамандар шақырылатынын атап өтті.

«Біздің университетте шетелдік мамандарды шақырытан арнайы бағдарлама бар. Яғни басқа мемлекеттерден тәжірибелі мамандар келіп, студенттерге арнайы дәріс өткізеді. Оған Білім және ғылым министрлігі, сонымен қатар университет қаржы бөледі. Осындай тәжірибе алмасуды республикалық деңгейде жүйеге келтіруге керек», - деді Ғалымқайыр Мұтанов.

Сонымен қатар ол журналистік этика мәселесін көтерді.

«Қазіргі таңда тек журналистер ғана емес, блогерлерге де ақапарт таратады. Оларға журналистік статус беру керек пе, жоқ па деген мәселені де қарастыру керек. Ақапартты қару десек, біз оны дұрыс қолданып жүрміз бе, соны да ескеріміз қажет. Әлемде болып жатқан жағдайларға қарап отырып, ақпаратты дұрыс пайдалануымыз керегіне көз жеткізіп отырмыз. Соынмен қоса журналистік этика мәселесі мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек», - деді ҚазҰУ ректоры.

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков осыдан екі жыл бұрын Дәурен Абаев пен Ерлан Сағадиев қатысқан журналистерді дайындау жөнінде өткен дөңгелек үстелді сөз етті. Оның айтуынша, жиында айтылған көптеген мәселе шешімін тапқан жоқ. Осы орайда қазіргі министрлікке үлкен сенім артатынын тілге тиек етті.

«Осыдан бірер жыл брын Ерлан Сағадиев пен Дәурен Абаевтың қатысуымен қазақ журналистика мамандары қай бағытта даярланып жатыр деген бағытта дөңгелек үстел өтті. Алайда онда көтерілген мәселелер толық шешімін тапқан жоқ. Айтлаған жерде қалды. Сондықтан осы кездесуде ұсынылған ұсыныстар орындалады деген үміттемін», - деді ректор.

Сонымен қоса ол жаңа технологияның әсерінен мәтін жазуда бірқатар келеңсіздік орын алып жатқанын атап өтті.

«Теория мен практиканы ұштастыру керегін әріптестерім айтып өтті. Ол да көтеру керек мәселе. Сонымен бірге ұстаздардың біліктілігін арттырып, студенттердің жақсы контент пен жаңа технологияны қатар алып жүру керегіне баса назар аудару қажет. Өйткені тәжірибелі ұстаздар қауымы мәтін жазуды жақсы меңгергенімен, жас ұстаздар технологияны жақсы біледі. Осына ұштастыру керек», - деп толықтырды Мағметғали Сарыбеков.

Ал жиынға қатысқан Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Болатбек Әбдірәсілов ақапарт таратушы мекемелердің университетпен бірігіп жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді сұрады. Оның сөзінше, өндірісте жүрген журналистер жоғары оқу орнына келіп курс өткізіп, дәріс оқып, тәжірибеліремін бөлісуі керек.

«Қазіргі таңда факультеттің 50 пайызы ғылым докторы болуы керек деген талап бар. Ал журналистикада өте аз. Журналистикада көбіне филологтар жиналған. Практикада жұмыс істейтін журнаслистер университетте сабақ беруге, дәріс өткізуге келсе деген тілегім бар. Ақапарт таратумен айналысатын мекемелерге осындай тапсырма беруіңізді сұраймын», - деді ол.

Бұдан бөлек жиында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүтсітк Қазақстан университетінің проректоры Ақмарал Ыбраева журналистикаға көбірек грант бөлінсе деген ұсыныс айтты.

Өз кезегінде министр Аида Балаева жиында айтылған ұсыныстардың қарастырылатынын атап өтіп, қолға алынған шараларға тоқталып өтті.

«Бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге қызығушылық танытып отырғандарыңыз қуантады. Біз тек ақапарат саласында ғана емес, жастар саясаты, рухани жаңғыру мәселелері, дін, этносаясат секілді салаларды қамтимыз. Журналистика күрделі мамандық. Еліміздегі баспасөз жөнінде зерттеу керек мәселе өте көп. Біздің министрлік оқу-мазмұндық, заманауи оқу материалдарының сапасы жөнінде бірігіп жұмыс істеуге дайын. Жоғарыда атап өткенімдей, меморандум бойынша салалық журналистерді дайындауға күш саламыз. Атап айтқанда ауыл шаруышылы, медицина, экономика саласында. Қазіргі таңда журналистердің біліктілігн арттыру бойынша арнайы жоба әзірленіп жатыр. Жыл сайын «Үміт» шығармашылық конкурсын өткізу жоспарлануда. Сонымен қоса жоғары оқу орындарында Медиа және ақпараттық сауаттылық пәнін енгізуді ұсынамын. Сіздер айтқан ұсыныстарды қарастырамыз», - деп түйіндеді министр.

Фото: Ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар