• Басты
  • Жосықсыз жарнамадан қашан құтыламыз

Жосықсыз жарнамадан қашан құтыламыз

7 Маусым, 2021 13:07

Қазіргі таңда адам баласы үшін ақпарат алудың жолы көп. Интернет, БАҚ және түрлі формадағы жарнама құралдары арқылы азаматтардың санасына қажетті және қажетсіз ақпарат легі сіңірілуде. Оның ішінде жарнаманың орны айрықша. Жарнама адамға көру және есту жолдары арқылы әсер етеді. Жарнамада жазылған мәтіннің әдептілік қағидаларына сәйкес келуі, тіл туралы қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауы т.б. талаптар өкінішке орай толық сақталмай жатқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Мұның түрлі себептері бар. Бүгінгі мақаламызда жарнама саласындағы тіл заңнамасы талаптарының орындалуына қатысты сөз қозғайтын боламыз.

«Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы N 508 Заңы 6-бабының 2-тармағында «Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама (мерзімді баспасөз басылымдарын, интернет-ресурстарды, ақпараттық агенттіктерді қоспағанда) қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады. Жарнама мазмұнының аудармасы оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс» деп жазылған. Өкінішке орай, еліміздегі сыртқы жарнаманың, көрнекі ақпараттардың мәтіні көбінесе осы талаптарға сәйкес келе бермейді. Белсенді азаматтар әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде осы мәселені жиі көтеріп, сын тезіне салып жатады. Бұл негізсіз де емес. Өйткені жарнамаға қатысты заңнама талаптары жарнама мәтінін қазақ және орыс тілдерінде жазумен қатар олардың орналасу ретін, шрифттік ерекшеліктерін, мазмұнына қатысты мәселені де реттейді. Алайда кәсіпкерлердің көпшілігі өз өнімін жарнамалау кезінде осы талаптарды сақтай бермейді. Осыдан келіп, «сақау» жарнама жайлы сын-пікірлер пайда болуда.

Қазақстандағы жарнама тілін реттеудегі ең басты кемшілік – заң талаптарының, құқықбұзушыға әкімшілік шара қолдану туралы баптардың болуына қарамастан оны жүзеге асыру тетіктерінің толыққанды жолға қойылмауы деуге болады. Мысалы, 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы № 235-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Кодексі 455-бабының 3-тармағында «Қазақстан Республикасының заңдарында жарнама тарату тілдеріне белгіленген талаптарды бұзу жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға – жетпіс, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді» деп жазылған. Алайда 2008 жылы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар кезінде кәсіпкердің жарнамадағы тіл нормаларын бұзғаны үшін жауаптылығын қамтамасыз ететін шарт алынып тасталды. Қазіргі таңда жарнамадағы тіл заңнамасы талаптарын бұзғаны үшін толтыратын хаттаманың, тексеру парағының үлгісі де бекітілмегені жергілікті атқарушы органдардың көсіліп қызмет етуіне, заңсыздыққа қатысты әкімшілік шара қолдану туралы сот органдарына бастамашылық жасауға мүмкіндіктері жоқ.

Сондай-ақ, «Жарнама туралы» заңның бұрынғы мәтінінде жарнама нобайы «алдын ала жергілікті атқарушы органдармен келісілуі тиіс» деген талап болатын. Алайда кейіннен заңға өзгерістер енгізіліп, «алдын ала келісу талабының» орнына «5 күн алдын хабарлама жіберу керек» деген шарт енгізілді.

Қазіргі таңда жарнама, көрнекі ақпараттардағы тілдік нормалардың сақталуына және оны жетілдіруге қатысты қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қаралуда. Аталған жұмыстар жемісті аяқталса жарнама, көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі қателіктердің алдын алу бағытында біраз ілгерілеушілік болады деп күтілуде. Сонымен қатар күтілетін өзгерістердің арасында жергілікті атқарушы органдарға, оның ішінде Тілдерді дамыту басқармаларына жарнама, көрнекі ақпараттағы тіл нормаларының сақталуы бойынша бақылау функциясын беру де бар.

«Тіл туралы», «Жарнама туралы» заңдардың аясында ел азаматтары арасында пікірталас тудыратын және өзгертуді қажет еткен тағы бір мәселе – заң баптарының көпшілігінде мемлекеттік тілмен қатар міндетті түрде орыс тіліндегі жазбаның болуын қамтамасыз ету туралы талаптың болуы. Бірде-бір орыс немесе орыстілді азамат тұрмайтын көптеген елді мекендерде (ондай елді мекендер еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде көп) мекеме, көше атауларының, жарнама, аншлагтар мен көрнекі ақпараттың қазақ тілінен өзге орыс тілінде де жазылуының қаншалықты қажеттілігі бар деген сұрақ жиі көтерілуде.

Заң талабының орындалуы географиялық ерекшелігіне қарамастан Қазақстан аумағындағы кез келген елді мекенде толықтай міндетті екенін ескерсек аталған шарттарға байланысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу заман талабы және қалыптасқан ерекшелікке сәйкес туындап отырған мәселе екенін ұғынғанымыз жөн. Ел заңнамасында жиі кездесетін осы сарындағы талап мәтіндерін «мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және ағылшын тілдерінде жазуға жол беріледі» деген редакцияға өзгерту қажет деп санаймыз.

Сондай-ақ, тілге қатысты қолданыстағы заңнаманың көпшілігінде мәтіннің қазақ және орыс тілдерінде, ал тапсырыс берушінің қалауы болса өзге де тілдерде жазылатындығы туралы талап бекітілген. Бұл белгілі бір ұлт өкілдері тұратын аймақтарда немесе жарнамаға тапсырыс беруші өзге ұлт өкілінің қалауы бойынша әлемнің кез келген тілінде жазылған мәтіннің Қазақстан аумағында жазылуына ерік берілгендігін білдіреді. Қарапайым ғана мысал – әлемнің сауда нарығында үстемдікке ие қытайлық өз өнімін жарнамалау үшін Қазақстан астанасындағы 200 жарнамаға тапсырыс берді делік. Егер елордамызда 200-ге жуық қытайша жарнаманың пайда болғанын көзге елестетсек бұл қоғамда үлкен сыни пікірдің туындауына әкелетіні сөзсіз. Сондықтан тілге қатысты қойылатын талапта мемлекеттік тіл – қазақ тілінің жазылуын міндеттеп, қажет болған жағдайда орыс немесе ағылшын тілдерінде қоса берілуіне заңдық тұрғыдан рұқсат берілсе мәселе де шешімін табар еді. Осы сияқты еліміздің кейбір елді мекендерінде араб тілінде, ұйғыр немесе өзбек тілінде жазылған көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінің пайда болуы осындай мүмкіндіктің заңдық тұрғыдан берілгеніне байланысты болса керек.

Қазақстандағы тілдік мәселеге қатысты ең жиі көтерілетін түйіткілдің бірі – нысан және заңды тұлға атауларының реттелмегендігі. Кез келген кәсіпкер дүкен немесе шағын кеңсе ашып, оның атауын қоярда ешкіммен келіспей-ақ оны өзі таңдауға мүмкінгі бар. Сондай-ақ, ЖШС, АҚ, қоғамдық бірлестік немесе ЖК сияқты заңды тұлғалар да әділет органдарында тіркелер кезде құрылтайшылармен жиналыс өткізіп, өздеріне ұнаған кез келген атты өз ұйымдарының атауы ретінде хаттамамен бекітіп, оны тиісті органдарға тіркеуге ұсына алады. Әділет органдарының ол атаудан бас тартып, кері қайтаруға заңдық құзыреті жоқ. Тіркеуден бас тартатын себептер арасында ұйым атауына қатысты себептер қарастырылмаған. Осы себептен де атауы түсініксіз немесе өзге тілде жазылған заңды тұлғалар мен нысан атаулары жиі кездеседі.

Осы жосықсыз немесе реттелмеген атаулар мәселесі көп жылдан бері БАҚ беттерінде де көтеріліп келеді. Алайда мұны тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізу арқылы ғана реттеуге болатынын ескергеніміз жөн. Қазіргі таңда мемлекеттік құрылымдардың осындай атауларға байланысты нысан немесе ұйым иесіне барып, ескерту жасауға немесе оны өзгертуді міндеттеуге құқығы жоқ. Бұдан бөлек мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау, оларды тексеруге, барып профилактика жұмыстарын жүргізуге қатысты үш жыл мерзімге мараторийдің жариялануы да жарнама мен көрнекі ақпараттағы тілге қатысты олқылықтардың санын арттырып отыр. Сондықтан Қазақстан Республикасының «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» 1995 жылғы 17 сәуiрдегі N 2198 Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі.

Жарнамадағы мәтіннің идеялық мазмұнын, сурет немесе кескіннің әдептілік нормаларына сәйкес келуі де жеткілікті реттелмеген. «Жарнама туралы» 2003 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңында, «Елді мекендерде сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орналастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 121 қаулысында және жоғарыда аталған шешімде әдепсіз суреттері бар жарнамаларды ілуге тыйым салу туралы нақты талап жазылмаған. Мысалы адамның киім киісіне қатысты (қысқа көлек, омырауы ашық, іш киіммен суретке түсуі т.б.) әркімде өзіндік әдептілік түсінігі бар. Оның тұтас мемлекет көлеміндегі өлшемі, арнайы параметрлерінің болмауы іш киіммен түскен немесе ұзақ жылдар бойы қалыптасқан өзге де әдет-ғұрып қағидаларына томпақ келетін жарнама түрлерінің таралуына ықпал етіп, бураз жұрттың наразылығын да туғызуда. Бұл өз кезегінде еліміздегі идеологиялық жұмыстың әлсіздігі жөніндегі сыни пікірлердің туындауына себеп.

Жарнамаға, көрнекі ақпаратқа немесе жалпы қоғамдағы тіл саласына қатысты проблемалардың төркіні халықтың тілді қолданыс деңгейінде қажеттілік факторына айналдырмауы немесе азаматтар арасында талап ету дәстүрінің қалыптаспауымен да тығыз байланысты. Азаматтардың көпшілігі тілге қатысты немқұрайдылықпен мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап етпейді немесе намыстанса да сот органдарына жүгініп, тұтынушы ретінде құқығын қорғауға дейін бармайды. Шын мәнісінде «Тіл туралы» заңның 7-бабында Қазақстан Республикасында тілдік белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемсітуге жол берілмейді деген нақты талап бар. Осыған сүйене отырып, өз құқығын қорғауға келгенде жеке азаматтардың да белсенділігі төмен екенін айта кеткен жөн.

Қорыта келгенде, жарнамадағы тіл тазалығы мемлекеттік деңгейдегі өзекті мәселе. Оны шешу де мемлекеттің тілге деген ұстанымына тікелей байланысты. Сондықтан тәуелсіздіктің отыз жылдығы қарсаңында ана тілімізді төрге оздырып, тіл саласындағы солқылдақ заңнаманы және оны іске асыру механизмін жетілдіретін уақыт жетті.

Барлық жаңалықтар