• Басты
  • Жолдау-2021: Салықтық әкімшілендіруді күшейту шаралары

Жолдау-2021: Салықтық әкімшілендіруді күшейту шаралары

8 Қыркүйек, 2021 12:51

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында қойылған міндеттер аясында салықтық әкімшілендіруді күшейту шаралары туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев айтып берді. Осы орайда, шағын және орта бизнестің жосықсыз субъектілерін көлеңкеден шығару, қолма-қол ақшасыз айналымды әкімшілендіру және фискалдық заңнаманы сақтау бойынша бағыттар күшейтілмек. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Комитет төрағасы орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мемлекет басшысының жолдауында бюджет кірісін ұлғайту бойынша берген тапсырмасын орындау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Шағын және орта бизнестің жосықсыз субъектілерін көлеңкеден шығару, қолма-қол ақшасыз айналымды әкімшілендіру және фискалдық заңнаманы сақтау бойынша бағыттар күшейтілетін болады. Бұл ретте процестерді цифрландыруға басты назар аударылатын болады», - деді ол.

Көлеңкелі экономиканың үлесі 40 пайызға төмендетіледі

Оның атап өтіунше, біріншіден, көлеңкелі экономиканың үлесін 2025 жылға дейін 40 пайызға төмендету үшін Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, экономиканың барлық салалары мен бағыттар бойынша Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын өзектендіру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Ұлт жоспарының 42-қадамын орындау үшін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Жалпыға бірдей декларациялауға көшу көлеңкелі айналымды, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетеді және мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етеді. Халықаралық мәліметтерді электронды түрде алмасу шеңберінде біз көпжақты конвенцияға қол қойдық», - деп толықтырды комитет төрағысының орынбасары.

Сондай-ақ, ол ҚР азаматтарының қаржылық шоттары бойынша 100-ден астам юрисдикцияда ақпарат алмасуды бастауды жоспарланғанын да тілге тиек етті. Бүгінде декларацияны 476 мың адам немесе жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің 99 пайызы ұсынылған. Өтініш берудің ең танымал тәсілі e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы болып танылған. Оның көмегімен декларацияның 52 пайызы ұсынылған.

Тауарларды толық режимде қадағалаудың ұлттық жүйесі іске қосылмақ

Бұдан бөлек, Жайдар Іңкәрбаев тауарларды толыққанды режимде қадағалап отырудың ұлттық жүйесін іске қосу жоспарланғанын да айтып өтті. Оның сөзінше, цифрлық салықтық әкімшілендіруде «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесін енгізу тиімдірек.

«Онда тауарларға құжаттамалық қадағалау жүргізіледі. Тәуекелді басқару жүйесін пайдалану арқылы біз салық төлеушілерді санаттаймыз. Тексеру жоспарларын қалыптастырамыз, камералдық бақылау үшін салықтық және кедендік бақылауды анықтаймыз. Сондай-ақ, ауқымды деректерді талдау және зияткерлік талдау жолымен бір күндік фирмаларды анықтайтын боламыз. Жалған шот-фактураларға жол бермейміз. Осылайша, бизнеске әкімшілік жүктеме төмендетіледі», - деді комитет төрағысының орынбасары.

Мәселен, оның сөзінше, бұзушылықтар қашықтықтан анықталады және хабарламалар нақты жолданады. Биыл 40 мыңға жуық электронды хабарлама жолданды. Соның нәтижесінде қосымша 132 млрд теңгеден астам салық есептелінген.

Сонымен қоса, ол халықаралық тәжірибені ескере отырып, комитетте Электрондық декларациялау орталығы мен Ахуалдық орталығы жұмыс істейтінін атап өтті. Олардың жұмысында контрабандалық схемалар есебінен бюджетке толық түспеу тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Электронды құралдар тиімді іске қосылмақ.

Өткізу пунктері жаңартылады

Бұдан басқа, Жайдар Іңкәрбаев кедендік инфрақұрылымдарды, атап айтқанда, жоспарланған 10 өткізу пунктін жаңғырту көлік қозғалысын 2-ден 6 жолаққа дейін кеңейтетінін айтты. Оның мәліметінше, бұл тәулігіне өткізу қабілетін 8 есеге арттырады.

«Шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқартылатын болады. Көлік құралдарының тоқтаусыз қозғалысы үшін техникалық бақылаудың бірыңғай толассыз автоматтандырылған дәліздерін пайдалану есебінен көлік құралдары қозғалысының бүкіл циклі автоматтандырылатын болады», - деп толықтырды.

Оның сөзінше, бүгінгі күні нақты уақыт режимінде маршрутты қадағалау үшін навигациялық пломбалар қолданылуда. Электронды кезек жүйесінің тәжірибесі «Нұр жолы» өткізу бекетінде кезекті алдын ала брондау басқа да бекеттерде қолданылатын болады. Осылайша, жалған транзит үлесін 2019 жылғы 28 пайыздан биыл 1,3 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілген.

«Биыл жыл басынан бастап жалған жалған импортаушылардың 177 фактісі анықталды. Салыстары өтсек, өткен жылдары осындай 11 мың факт анықталған. Қабылданып жатқан іс-шаралар ағымдағы жылы импортталатын тауарлар бойынша ҚҚС түсімдерінің өсу қарқынын өткен жылмен салыстырғанда 136 пайызға немесе 149 млрд теңге артық қамтамасыз етілді», - деді комитет төрағысының орынбасары.

Сондай-ақ, ол электронды шот-фактура базасында пирамидадағы байланысты тұтас талдау іске асырылатынын атап өтті.

Барлық жаңалықтар