• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жолдау 2021: Мемлекеттік қаржылыны тұрақтандыру және өңірлерді дамыту шаралары

Жолдау 2021: Мемлекеттік қаржылыны тұрақтандыру және өңірлерді дамыту шаралары

3 Қыркүйек, 2021 12:06

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Рашит Ахметов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің қаржылық тұрақтылығы туралы мәселе көтергенін атап өтті. Сондай-ақ, Экономикалық зерттеулер институтының өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметов жолдауда көтерілген өңірлердің дербестігін арттыру мәселелеріне тоқаталды.Осы орайда, өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанын атап өтіп, тек ауылдық жерлерде ғана емес, қалаларда да жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту көзделгенін тілге тиек етті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Мемлекеттік қаржылыны тұрақтандыру

Рашит Ахметов мемлекеттік қаржыны басқару бойынша президенттің тапсырмасы қалай іске асырылатыны туралы айтып берді.Оның сөзінше, жыл соңына дейін мемлекеттік қаржыны басқарудың жеке тұжырымдамасын дайындау міндеті тұр. Сондай-ақ, ол нысандарда мемлекеттік аудит жүргізе отырып, Есеп комитеті бюджет және өзге де заңнаманың жүйелі түрде бұзылуын анықтайтынын жеткізді.

«Бұдан түбегейлі өзгерістер қажет деген қорытынды жасауға болады. Ескі заңнамаларды, заңдарды, нормативтік-құқықтық актілерді қарау керек. Осылайша бюджет қаражатымен, мемлекеттік активтермен, мемлекеттік қарыздармен, бірыңғай тұжырымдаманы жүйелендіру және әзірлеу қажеттілігі туындайды», -деді Рашит Ахметов.

Оның айтуынша, осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы бюджет саясатын, мемлекеттік және квазимемлекеттік борыштарды бірыңғай форматта басқаруға, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру мен пайдалануға мүмкіндік береді. Осы тұста, мемлекет басшысы өз Жолдауында осыған қатысты тапсырмалар бергенін атап өтті.

«Бюджет алдымен кіріс бөлігінде қалыптасады. Яғни, қанша қаражат барын және қаншасын жұмсай алатынымызды біле отырып, содан кейін ғана шығыс бөлігін қалыптастыру. Бұл кейіннен өтеу қиынға соғатын қарыздарға кірмеу үшін қажет. Сол арқылы мемлекеттік қаржының тұрақтылығы мен азаматтарымыздың әл-ауқатының деңгейі артады», - деді ол.

Бұдан бөлек, ол тұжырымдама тағы бір тапсырманы орындауға – Ұлттық қордың азаю үрдісін еңсеруге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Халық қатысатын бюджет

Экономикалық зерттеулер институтының өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметов Жолдауында көтерген маңызды мәселелердің бірі - өңірлердің дербестігін арттыру екенін атап өтті. Мәселен, біріншіден Президент әр Жолдауында өңірлік саясат мәселелеріне және жергілікті маңызы бар мәселелерді басқаруға адамдарды тартуға көп көңіл бөлетінін жеткізді. Осы орайда, тамызда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанын атап өтіп, тек ауылдық жерлерде ғана емес, қалаларда да жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту көзделгенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, осындай құралдардың бірі – халық қатысатын бюджет болып табылады.

«2020 жылы үш ірі қалада жалпы қаржыландыру көлемі 2,3 млрд теңгені құрайтын 81 жоба іске асырылды. Бұл тұрғындардың өздері ұсынған жобалар. Келесі жылдан бастап 55-57 қала мен аудан халқы бюджетке қатысады деп жоспарланған», - деді Қайсар Нығметов.

Оның мәліметінше, ТКШ бағыты бойынша шығындар үлесі енді 5-10% - ға дейін артады. Осы орайда, тұрғындар қандай жобаларды жүзеге асыру керектігін өздері шешетін болады. Сондай-ақ, ол Президент өз Жолдауында көтерген маңызды мәселелердің бірі - өңірлердің дербестігін арттыру, олардың орталықтан ресурстар күту позициясында болмауы екенін атап өтті.

«Біртіндеп орталықсыздандыру жүріп жатыр. Бұл салықтық әлеует біртіндеп республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке аударылады дегеннің белгісі. Мәселен, 2019 жылы жергілікті жерлерде ШОБ-тан КТС берілді, тіпті 2020 жыл карантин жағдайында болғанына қарамастан, бүкіл ел бойынша түсімдер 25% - ға өсті», - деді Қайсар Нығметов.

Өңірлерді дамыту шаралары

Оның мәлімдеуінше, 2022 жылдан бастап салықтардың тағы төрт түрін, 2024 жылдан бастап үш түрін республикалық бюджеттен жергілікті деңгейге беру жоспарлануда. Бұл өңірлерге жергілікті жерлердегі мәселелерді шешу үшін өкілеттіктер ғана емес, сондай-ақ қаржы ресурстары да берілетінінің белгісі екенін айтты. Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өңірлік стандарттар жүйесі енгізілгенін жеткізді. Оның сөзінше, бұл әрбір елді-мекенде болуы тиіс объектілер мен қызметтердің ең аз міндетті тізбесін білдіреді.

«Шартты түрде, егер бұл жай ауыл болса - 12 объект пен қызмет, аудан орталығында – 24. Елді мекен мәртебесінің артуына байланысты нысандар тізімі де өсіп келеді. Қазіргі кезде инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 60,3%-ды құрайды, 2025 жылға қарай перспективалы ауылдарды 100% - ға дейін жеткізу көзделген», - деді ол.

Ауыл әкімдерінің жұмысын бағалау

Сонымен қатар, кездесу барысында бизнес үшін салықты орталыққа немесе ауылға төлей ме, ешқандай айырмашылық жоқ деген пікір айтылды. Яғни, президенттің бастамасы - жергілікті әкімдерді ынталандыру болып табылады.

Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Берік Әбдіғали президенттің тапсырмасымен елімізде алғаш рет ауыл әкімдерін сайлау өткізілгенін атап өтіп, биыл қызмет ету мерзімі өткен 800 жуық ауыл әкімі сайланғанын жекізді. Оның пайымынша, халық өз әкімін сайлап, жауапкершілік алып жатыр.

«Халық енді өздері сайлаған әкіммен бірге жұмыс істеп, оған көмектеседі.Бұл жақсы бастама. Әрине ауыл, аудан, қала әкімінің жұмысын бағалағанда, әлеуметтік сауалнама нәтижесінде халықтың 30% көңілі толмаса, бұл әкімдердің қызметіне сай екенін қайта қарау керек деп Президентіміз атап өтті. Өйткені, әкімдер халықтың көңілінен шығу үшін жұмыс істеу керек», - деді Берік Әбдіғали.

Сондай-ақ, ол ауыл әкімдерінің жұмысын бағалаудың басты талаптарына тоқталып өтті. Мәселен, ауылдық жерлерде жайылым мәселесі көп көтерілетінін айтып, ауылдың тазалығы, суы, жолы, бәрі де сол ауыл әкіміне байланысты екенін жеткізді.

«Қаражаты болмаса да, ол ауыл тұрғындарының мүддесін ауданға барып, қорғай білуі керек. Сондықтан әрбір сайланған ауыл әкімі көшбасшы, елдің басын біріктіретін тұлға болуы керек», - деді ол.

Оның сөзінше, тағы бір талап – инвестиция тарту яғни, бюджеттік инвестиция және бюджеттік емес инвестиция. Мәселен, аудандық, облыстық, республикалық бюджетпен ауданға, ауылға келіп жатқан қаражат, одан басқа кәсіпкерлерді тарта білу керектігін айтып өтті.

«Қай ауылға көп қаражат келіп жатыр, сол әкім белсенді. Сол әкімнің жұмысын жақсы деп бағалауға болады», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Барлық жаңалықтар