• Басты
  • Жолдау-2021: Экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету шаралары

Жолдау-2021: Экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету шаралары

2 Қыркүйек, 2021 09:20

ҚР үкімет отырысына Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша нақты міндеттерді атады. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Инфрақұрылымдық даму бағдарламалары

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мемлекет басшысы экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету үшін 70-ке жуық тапсырма бергенін атап өтіп, осы орайда 6 Заң қабылдау қажеттігін атап өтті.

Оның сөзінше, бұл стресті активтерді экономикалық айналымға қайтару, жеке қосалқы шаруашылықтар, агломерацияларды дамыту, ғылымды дамыту және, кәсіби біліктілік туралы заңдарға сондай-ақ Салық және Бюджет кодекстеріне өзгерістер енгізу.

«3 тұжырымдама бекіту қажет. Бұл – Мемлекет қаржысын басқару, көші-қон саясаты, сондай-ақ отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамалары. Әрбір өңір үшін Инфрақұрылымдық даму бағдарламалары әзірленетін болады»,- деді Әсет Ерғалиев.

Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы 5 жаңа бастаманы жариялағанын аттап өтті. Біріншіден, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайту.Екіншіден, өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бизнесті ынталандыру үшін реттелетін сатып алулар мен мемлекеттік қолдау шеңберінде «ұтымды» шараларды әзірлеу. Үшіншіден, Еңбекақы төлеу қорына жүктемені2023 жылдан бастап 34%-дан 25%-ға дейін төмендетуді көздейтін микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу. Төртіншіден, жекелеген азаматтық қызметкерлердің жалақысын 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын 20%-ға арттыру. Бесіншіден, зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банктің» есепшотқа аударуға мүмкіндік беру.

Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше министрлік негізгі 4 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді.

1.       Мемлекеттік қаржыны басқару;

2.       Инфляцияға қарсы әрекет ету;

3.       Кәсіпкерлікті дамыту;

4.       Өңірлердің теңгерімді дамуы

Мемлекеттік қаржыландыруды басқару

Әсет Ерғалиевтің айтуынша, мемлекет қаржысының тиімділігін арттыру мақсатында мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл ретте, тұжырымдама бюджет саясаты, мемлекеттік және квазимемлекеттік борышты басқару, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыруын және пайдалануын басқару мәселелерін қамтылады. Сондай-ақ, бюджет қаржысын басымдыққа сай жұмсауды қамтамасыз ету үшін «блоктық» бюджетті және жаңа бюджеттік қағидаларды, сондай-ақ бюджеттік лимиттерді бөлудің объективті әдістемесін енгізу көзделеді.

«Жан басына қарай қаржыландыру тетігін қолдану кеңейтілетін болады. Микро және шағын бизнес субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілетін болады. Бұл осы төлемдерді есептеу мен төлеу тәртібін оңайлатуға, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорына түсетін жалпы жүктемені 2023 жылдан бастап 34%-дан 25%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді»,- деді министр.

Инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары

Министрдің мәлімдеуінше, тұтыну тауарлары бағасының өсуін тежеу мақсатында инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені әзірленеді. Сонымен қатар, нарықты отандық өндірістің тұтыну тауарларымен толықтыруға бағытталған жедел және орта мерзімді шаралар қабылданады. Осы тұста, ақша-кредит саясаты мен қаржы нарығын реттеу шаралары көзделген.

Кәсіпкерлікті дамыту

Оның айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікті тиімді дамыту мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын іске асыру 2022 жылдың соңына дейін жалғасады.

«Жалпы алғанда, қаржыландыру көлемі кемінде 1 трлн. теңгені құрайды. Креативті индустрияны қолдау қорын құру мүмкіндігі қарастырылатын болады. Өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бизнесті ынталандыру үшін «ұтымды» шаралар әзірленеді»,- деді министр.

Сондай-ақ, ол реттелетін сатып алу шеңберінде жеңілдіктер, сондай-ақ мемлекеттік қолдауға басым қолжетімділік көзделетінін ата өтті.

Өңірлердің теңгерімді дамуы

Еліміздің әрбір өңірінің бәсекелестік артықшылықтарын айқындайтын шараларды қамтитын өңірлік дамудың жаңа тәсілдері енгізіледі. Ол үшін «Агломерацияларды дамыту туралы» Заң әзірленеді. Министр заң шеңберінде орталық қала мен шеткері аймақ арасында функцияларды нақты бөлу жолымен институционалдық дамыту көзделетінін жеткізді. Сонымен қатар, бірыңғай қала құрылысы агломерацияларын жоспарлау енгізіледі екен.

Аумақтық даму жоспарында «Адамдарды – инфрақұрылымға» жақындату қағидаты бекітілетін болады.Бұдан басқа, бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес Өңірлерді дамыту жоспарларын жаңарту көзделіп отыр», - деп түйіндеді министр.

 

 

Барлық жаңалықтар