• Главная
  • Жолдау-2020: Экономиканы дамыту үшін нақты қандай шаралар қабылданды
2 сентября, 2020 11:34

Жолдау-2020: Экономиканы дамыту үшін нақты қандай шаралар қабылданды

Кеше, яғни 1 қыркүйек күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты ел халқына жолдауы аясында тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсарту бойынша нақты міндеттер қойған болатын. Осы орайда ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов аталған министрлік 5 негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізетінін атап өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Жолдау-2020: Экономиканы дамыту үшін нақты қандай шаралар қабылданды

ҚР Ұлттық экономика министрлігі ұсынған 5 негізгі бағыт:

1. Кәсіпкерлікті дамыту

2. Бюджет-салық саясатын жетілдіру

3. Инвестицияны ынталандыру

4. Аймақтарды тең дәрежеде дамыту

5. Мемлекеттік басқару

 

Кәсіпкерлікті дамыту

Шағын және орта бизнеске қосымша көмек көрсету мақсатында ШОБ-тың қазіргі кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жүзеге асырылады, әрі түпкілікті жылдық мөлшерлемелері 6 пайызға дейін жеткізіледі. Субсидиялау төтенше жағдай жарияланған кезден бастап 12 ай мерзімді қамтиды.

Бұл шара оның сөзінше, «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыты аясында жүзеге асырылатын болады. Іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту бойынша шаралар кешені қабылданған. Бұған тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру, барлық нормативтік талаптарды қайта қарау және тиісті комиссия құру арқылы оларды азайту бойынша ұсыныстар әзірлеу кіреді.

Министрдің сөзінше, кәсіпкерлік кодекске тиісті өзгерістер енгізу арқылы нормативтік шағым институтын енгізу бойынша шаралар қабылданатын болады.

«Тұтастай алғанда бұл 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35 пайызға дейін, әрі шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 4 миллион адамға дейін ұлғайту бойынша қойылған міндеттерге қол жеткізуге ықпал етеді», - деді Руслан Дәленов.


Бюджет-салық саясатын жетілдіру

Бүгінде министрдің айтуынша, салық кодексінде салықтың 12 түрі, 48 кіші салық, 10 төлемақы және 6 алым қарастырылған. Тиісінше, салықтар мен төлемдер санын минимизациялау бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

Экономиканың ең көп зардап шеккен салалары үшін баламалы негізде бөлшек сауда салығын төлеу құқығын қолдану мәселесі зерттеледі. Сондай-ақ салық ставкаларын саралау мүмкіндігі де қарастырылған.

Бюджеттің негізгі коэффициенттерінің жиынтығы әзірленеді. Сонымен қоса бюджет саясатының тиімділігі мен тұрақтылығын бағалау енгізіледі.

««Кеңейтілген бюджетті» іске асыру шеңберінде бюджеттен тыс қаражатты шоғырландырылған бюджетке қосу арқылы мемлекеттік қаржыны кешенді бағалау енгізілетін болады», - деді Руслан Дәленов.

 

Инвестицияны ынталандыру

Инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде құқықтық жағдайлардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Стратегиялық инвестициялық келісімдер енгізілмек. 

Ол үшін Кәсіпкерлік және салық кодекстерінде, сондай-ақ «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» заңда түзетулер қарастырылатын болады. 

«Стратегиялық инвестициялық жобалар пулы қалыптасады. Барлық жобалар инвестиция тарту бойынша Үйлестіру кеңесінде қаралады. Жобаны іске асырудың тиімділігін арттыру үшін әрбір ірі инвесторға жеке тәсіл ұсыну жоспарланып отыр», - деді министр.

Сонымен бірге инвестициялық жобаларды іске асыру процесінде АХҚО әлеуеті белсенді түрде пайдаланылатын болады, заманауи инфрақұрылымды, ағылшын құқығын, салық және көші-қон режимін жеңілдетеді.


Аймақтарды бір деңгейде дамыту

Елдің аймақтық дамуына жаңа тәсілдер, оның ішінде әр өңірдің бәсекеге қабілетті артықшылықтарын ашуға арналған шаралар әзірленетін болады.

«Ол үшін кеңістікті дамытудың 2030 жылға дейінгі схемасына тиісті өзгерістер енгізіледі. Ауылдардың шұғыл инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге бағытталған «Ауыл ел бесігі» жобасының белсенді шығарылымы жалғасады», - деп атап өтті. Руслан Дәленов.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру шеңберінде ауылдық округтер бюджеттерінің қаржылық мүмкіндіктері кеңейтіледі. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы жасалып, оның аясында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу, жергілікті мемлекеттік басқарудың меншік құқығы мен мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту бойынша ұсыныстар дайындалады.

 

Мемлекеттік басқару

Кеше ел презеиденті жолдауында мемлекеттік аппаратты және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту шеңберінде олардың саны 2020 жылы 10% -ға, келесі жылы тағы 15% -ға қысқартуға тапсырма берген болатын.

Сонымен қоса кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде мемлекетке және квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік объектілері бойынша шағын және орта бизнес субъектілері үшін жалдау ақысын алу жыл соңына дейін тоқтатылады.

Экономиканы одан әрі жандандыру үшін 2025 жылға дейін жекешелендірудің жаңа жоспары қабылданады.

«Жолдауды тиімді жүзеге асыру үшін министрлік жобалық тәсілді қолданады. Осы шараларды іске асырудың сапасы, тиімділігі және ашықтығы қамтамасыз етіледі», - деді министр.


Бұдан бөлек үкімет отырысында Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Ұлттық Банк қабылдайтын шаралармен таныстырды.

 

Ақша-несие саясатын іске асырудың 2030 жылға дейінгі стратегиясы

Ерболат Досаев мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмаларына сәйкес ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясы әзірленіп жатқанын атап өтті. Онда саясаттың тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін Жолдауда айтылған нұсқаулар ескеріледі. Стратегияны бекіту елдің 2025 жылға дейінгі дамуының жаңартылған Стратегиялық жоспары қабылданғаннан кейін жоспарланып отыр.

«Ақша-несие саясатын жүзеге асырудың тиімділігін арттыру және валюта нарығын тұрақтандыру үшін үкіметпен бірлесіп, валюталық түсімді елге қайтару бойынша қосымша шаралар әзірленеді және оны экспорттаушылар жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдайлар жасалады», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Сонымен қоса ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясында Ұлттық банкте ақша-несие саясаты жөніндегі комитеттің құрылуы да ескерілмек. Оның негізгі міндеті - базалық мөлшерлемеге және оның дәлізіне қатысты стратегиялық шешімдер қабылдау. Орта мерзімді перспективада оның құрамына тәуелсіз мүшелер кіреді. Тиісті өзгерістер заңнамалық актілерге 2020 жылдың соңына дейін енгізіледі.


Экономикалық өсімді қалпына келтіру

Экономикалық өсімді қалпына келтіру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен дағдарыстың салдарынан көп зардап шеккен секторлардағы кәсіпорындарды қолдауға қосымша 200 миллиард теңге бөлінеді. Салалардың тізімін үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп анықтайтын болады.

Ұлттық банктің жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы 800 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылып, 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады.