• Басты
  • Жоғары оқу орындарындағы білім сапасы талқыланды
8 Қазан, 2020 17:12

Жоғары оқу орындарындағы білім сапасы талқыланды

Бүгін елордада жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттыру туралы баспасөз мәжілісі өтті. Жиынға қатысқандар қазіргі таңда қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Жоғары оқу орындарындағы білім сапасы талқыланды

Қазақстан университеттері қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың айтуынша, соңғы жылдары ЖОО-дағы білім сапасына көп көңіл бөлінуде.

«Бүгін де заңға бірқатар өзгеріс енгізіліп, жоғары оқу орындары өзінің құзырына біраз мүмкіндікшілік алды. Мәселен, білім бағдарламасын өздері жасайды. Сонымен қоса жоғары оқу орындарын бірнеше категорияға бөлу керек. Ералы Тоғжановтың бастамасымен арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Бүгін де талқыға түсті, бірқатар ұсыныс енгізілді. Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Гумилев атындағы ЕҰУ секілді оқу орындары зерттеу институты дәрежесіне көтеру, қаржы бөлу, шетелдік студенттерді шақыру, байланысты нығайту керек», - деді Рахман Алшанов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде жоғары оқу орындарына тексеріс жұмыстары жүргізілуде және ол жалғасын табады.

«130-дан астам университет бар, оларды тексере келе оның 10 шақтысы талаптарға сай емес екені анықталды. Мәселен, мамандықтарда 2-3 студент қана оқиды. Осындай мәселелер ескеріліп, бірталай жоғары оқу орнының лицензиясы қайтарылды», - деді қауымдастық президенті.

Бұдан бөлек Ректорлар кеңесінің төрағасы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов еліміздегі ұстаздарды, оқытушылардың жалақысын көтеру арқылы білім сапасын артттыруға болатынатап өтті.

«Кез-келген мемлекеттің құндылығы – адам, адами капитал. Ал оны оқу орындары қалыптастырады. Сондықтан да ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырдан бастап осы проблемаға қатты көңіл бөліп келеді. Мәселен, былтыр мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі көтерілсін деген талап қойды. Қазіргі таңда бұл іске асып жатыр. Сонымен қоса жоғары оқу орны оқытушыларының айлығын көтеру үшін Білім және ғылым министрлігі ректорлар кеңесімен келісе отырып, өз мұғалімдерінің жалқысын көтеруге тапсырма берілді. Екі жылдан бері 20 пайызға көтерілді», - деді ол.

Кеңес төрағасының айтуынша, жоғары оқу орындарына оқытушылық қызметке жас, білімді, талантты азаматтар келуі тиіс. Ал олар білім ордасының жалақысы жоғары болғанда оқытушылыққа бет бұрады.

«Қазақстанда қанша жоғары оқу орны болса да, сапаға мән берілу керек. Кезінде көптеген оқу орындары ашылып кетті, бірақ қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр, соның нәтижесінде талапқа сай емес оқу орындарының цицензиясы қайтарып алынды. Бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады», - деді ЕҰУ ректоры.

Сонымен қоса ол соңғы жылдары министрілктің тапсырмасымен білім ордаларындағы оқу бағдарламасы жұмыс берушілермен келісіп жасалып жатқанын тілге тиек етті. Оның пайымынша, осылайша, студенттер бірінші курстан бастап жұмыс берушілермен тығыз байланыста болады, сонымен қатар жұмыс берушілердің талабына сай дайындалмақ.

«Бұл студенттер оқуын тәмәмдап, дипломын алғаннан кейін, жұмыс табуға көп мүмкіндік бермек. Мәселен, ЕҰУ-ды бітірген түлектердің 80 пайызы жұмысқа орналасып жатыр. Өйткені университеттің талабы, беделі бар. Сонымен қатар әлемдік ұйымдар жасайтын рейтингтерде де жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. Бұдан бөлек айта кету керек, біздің университетте профессорлар 300 мың артық жалақы алады. Зерттеуші-оқытушы деген категориядағы қстаздар 600 мыңға дейін айлық алады. Сонымен қоса әлемдік ғылыми журналдарда да мақаласы жарияланған оқытушыларға да материалдық жағынан ынталандырамыз. Бұл да сапаға әсер етеді деп ойлаймын», - деп толықтырды ректор.

Десек те, ол тек жалақы көтеру арқылы сапаны көтеру мүмкін емес екенін атап өтті. Осы бағытта кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Елбасының тапсырмасы бойынша, жоғары оқу орындарына академиялық еркіндіктер берілді. Барлығы коммерциялық-акционерлік қоғамға көшіп жатыр. Мұндай тәжірибе батыста бар, бірақ бізге жаңадан келіп жатыр. Сонымен қоса бұған дейін мұғалімнен бастап ректорға дейін министрлікке түрлі анықтама қағаздар арқылы есеп беріп отыратынбыз. Соның бәрі бір бұйрықпен тоқтатылды. Қазір ұстаздардан ешқандай да есеп алынбайды. Тек өз жұмысын атқарып, сапалы жұмыс жүргізсе болғаны», - деді Ерлан Сыдықов.

Бұдан бөлек ректорлар кеңесінің төрағасы биыл жоғары оқу орындарына бөлінген грант саны артқанын тілге тиек етті.

«Президенттің тапсырмасымен грант санының ек-үш есеге артқанын айта кету керек. Әсіресе, педагогтарды дайындауға грант саны көп бөлінді. Бұл көптен бері болмаған дүние. Осы гранттар арқылы университеттің бюджеті қалыптасады, яғни бюджеті көбейеді. Ал ол өз кезегінде сапаны арттырып, бәсекелестікті күшейтеді деп ойлаймын», - деді ЕҰУ ректоры.

Барлық жаңалықтар