ЖИТС және АИТВ: Ауруды алдын-алу мен емдеу шаралары

25 Қараша, 2021 16:35

Бүгін елордада республика бойынша 15-25 қараша аралығында өтіп жатқан Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес науқаны аясында баспасөз жиыны өтті.  Іс-шарада ЖИТС орталығының директоры Сәбит Абдраимов онкүндікте атқарылған іс-шаралар мен  ЖИТС-тың қаламыздағы бүгінгі ахуалын айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тiлшiсiнiң матеpиалында.

Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес

ЖИТС орталығының директоры Сәбит Абдраимов биылғы жылы ЮНЭЙДС дүниежүзілік науқанына «Теңсіздікті жою. ЖИТС-ті тоқтату. Пандемияны тоқтату»тақырыбы ұсынылғанын айтып өтті. Сондай-ақ, ол жыл сайын 1 желтоқсанда әлемдік қауымдастық, оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтер АИТВ/ЖИТС қарсы күрес күнін өткізіп, тұрақты түрде инфекцияның алдын-алу, тестілеу, емдеу және азаматтарға қызмет көрсету сияқты мәселелерді бірлесіп еңсеруге күш-жігерін салатынын жеткізді.

«ЖИТС індетіне қарсы тұру үшін барлық күш жұмылдырылады. Бүгін Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні өз өзектілігін сақтап, АИТВ-мен әлі күрес аяқталмағанын еске салды. Осыған орай, тұрғындардың АИТВ туралы айтып, стигма мен кемсітушілікті жоюдың және АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың өмір сүру сапасын арттырудың маңыздылығын тағы да атап өткім келеді», - деді Сәбит Абдраимов.

Атқарылған шаралар

Оның айтуынша, науқан аясында он күн ішінде елорда тұрғындарын, әсіресе жастарды ақпараттандыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға, үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттыруға және кемсітушілікті жоюға бағытталған іс-шаралар өткізілген. Нақтырақ айтқанда, алғаш рет онлайн форматта, тікелей эфирде Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған Қазақ ұлттық өнер университетінің Еуразиялық симфоникалық оркестрінің концерті өткен. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде үкіметтік емес ұйымдар мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен #Услышатькаждого#ӘрбірінТүсіну# хештегімен челленджі болғанын айтып өтті.

Жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері, жоғары сынып оқушылары үшін бірқатар іс – шаралар-форум, дебаттар, ойын-викториналар, АИТВ-ға жедел тестілеумен студенттер үшін акциялар және әлеуметтік қолдауды қажет ететін пациенттер үшін қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған.

АИТВ таралу деңгейі

«285 адам ерікті түрде АИТВ-ға (ауыз қуысы сұйықтығы бойынша) немесе капиллярлық қан бойынша (яғни саусақтан қан бойынша) экспресс-тестілеуден өтті. АИТВ-ға тексерілу неғұрлым көп болған сайын жаңа жағдай да артуда. Яғни өткен он айда АИТВ-ның жаңадан 277 жағдайы анықталды. Оның 197-і ерлер қалған 80-і әйелдер», - деді ЖИТС орталығының директоры.

Сәбит Абдраимовтың айтуынша, тұрғындар санына байланысты еліміздің барлық аймақтары АИТВ таралуының деңгейіне қарай 3 топқа бөлінеді. Олар жоғары, орташа және төмен. Соның ішінде, Нұр - Сұлтан қаласы 1 миллионнан астам халқы бар қала ретінде бірінші топта-аурушаңдық деңгейі жоғары қалаға кіреді. Сондай-ақ, ол тестілеу медициналық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, қылмыстық-түзету жүйесі департаментінің. қатысуымен мақсатты бағытталған кешенді жұмыстың нәтижесінде қалада халықты АИТВ-ға тестілеумен қамту көрсеткіші артқанын мәлімдеді.

АИТВ бойынша тестілеу нәтижелері

«Биылғы жылы АИТВ-ға 276699 тест өткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,3% - ға жоғары», - деді Сәбит Абдраимов.

Ол өз сөзінде тестілеу көлемінің өсуіне қатысты негізгі себептерді атап өтті. Соның ішінде, карантиндік шектеулердің алынуы,емханаларда қабылдаудың қайта басталуы, стационарларға жоспарлы емдеуге жатқызу, НҚА жаңа талаптарына сәйкес жүкті әйелдердің жыныстық серіктестерін міндетті тексеруді енгізуі, эпидемиологиялық және клиникалық көрсетілімдер бойынша тексерулердің өсуі себеп болған. Сондай-ақ, ол ДДҰ ұсынымы бойынша АИТВ-инфекциясының таралуын бағалау үшін АИТВ індетінің шоғырланған сатысында халықтың кемінде 10% - ын тексеру қажеттігін айтты. Тестілеу нәтижелері бойынша АИТВ-ны анықтау едәуір жақсарған.

«2020 жылдың кезеңімен салыстырғанда 203 жағдай, 2021 жылдың 10 айында Нұр-Сұлтан қаласында АИТВ 74 жағдайға өскен. (барлығы 277 жағдай). Халықтың әртүрлі топтарын АИТВ-ға уақтылы тексеру нәтижесінде аурудың ерте 1-2 сатысында анықтау 83%-ды құрады. Бұл адам ағзасының иммундық жүйесі оппортунистік инфекциялармен және кейбір қатерлі ісіктермен күресу қабілетін күшейте алатындығын білдіреді, бұл өз кезегінде өмір сүру ұзақтығына оң әсерін тигізеді», - деді ол.

АИТВ таралу жолы

Сондай-ақ, ол балалар арасында ауру жағдайлары тіркелмегенін айтып өтті. Оның айтуынша, көбінесе АИТВ жыныстық жолмен беріледі. Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдайдың дамуын айқындайтын факторлардың бірі ішкі және сыртқы миграция болып қала береді. Жыл сайын анықталған жағдайлардың 25-30% - ын шетелдіктер мен басқа қаладан келген тұрғындар құрайды.

«Ағымдағы жылы АИТВ - ның 19% басқа қалалардан келгендер арасында, 4,2% - шетел азаматтары арасында тіркелді», - деді Сәбит Абдраимов.

ЖИТС орталығының директорының мәліметінше, қазіргі таңда диспансерлік есепте АИТВ диагнозымен 1520 адам тұр. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі 17 науқас бар. Сонымен қатар, ол жоғары тиімді антиретровирустық терапияны енгізу арқылы әйел пациенттер көбіне жүктілікті жоспарлап,дүниеге дені сау бала әкелуге мүмкіндігі бар екенін айтып өтті.

«1997 жылдан бастап әйелдер арасында 233 босану тіркелді, 174 бала дені сау бала ретінде есептен шығарылды, қалғандары алгоритмге сәйкес 2 жасқа дейін бақылауда. АИТВ оң мәртебесі бар 15-тен астам әйел үш немесе одан да көп рет жүкті болып, дені сау балаларды дүниеге әкелді», - деді Сәбит Абдраимов.

Оның айтуынша, қалалық ЖИТС орталығы Қазақстанда АИТВ-инфекциясының таралуына тұрақты ұлттық жауап беру мақсатында халықтың осал топтары мен АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың алдын алу, күту және қолдау қызметтеріне қол жеткізуін кеңейту арқылы 2021-2023 жылдарға арналған АИТВ компоненті бойынша Жаһандық қордың грантын алған. Грант аясында алдын алу қызметтерін, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға күтім мен қолдау көрсететін 3 ҮЕҰ-мен жұмыс атқарылатынын айтып өтті.

«Грантты іске асыру әлеуметтік қорғалмаған топтарды жұмыспен қамту мәселелерін шешуге көмектеседі. Себебі көптеген аутрич-қызметкерлер халықтың негізгі топтарының өкілдері болып табылады және тұрақты табысы жоқ. Нәтижесінде, 44 аутрич-қызметкер жұмыспен және жалақымен қамтамасыз етілді. Біз науқастарды әлеуметтік қолдауға үнемі көңіл бөліп отырамыз. Бұл жұмыс үкіметтік емес ұйымдардың, әлеуметтік қорғау басқармасының қатысуымен тиімді жүзеге асырылуда», - деді Сәбит Абдраимов.

Айта кету керек, АИТВ тестілеу арқылы анықталады. Ал тестілеу міндетті және ерікті түрде жүргізіледі. Міндетті топтарға донорлар, жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері, сотталғандар және сот, прокуратураның сұранысы бойынша тұлғалар жатады. Қалғандары, оның ішінде осал топтар, клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша АИТВ-ға тесттен өтеді. Нәтижесі оң болған жағдайда психолог маманның консультациясы беріледі. Кеңес кезінде міндетті түрде есепке тұрып, ем бастау керектігі айтылып, емделуден жалтарғандар мен АИТВ статусын біле тұра басқа адамдарға жұқтырғандар үшін әкімшілік жаза қолданылып қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертіледі. АИТВ - бұл созылмалы ауру, ол көп жағдайда баяу, бірақ тұрақты түрде дамиды. Орталық АИТВ жұқтырғандарға және ЖИТС-пен ауыратындарға мамандандырылған амбулаториялық-емханалық медициналық көмек көрсетеді және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді.  

Барлық жаңалықтар