• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жергілікті қамтуды дамыту: Инвестиция қоры, қосылған құн салығы мен мұнай-газ саласы

Жергілікті қамтуды дамыту: Инвестиция қоры, қосылған құн салығы мен мұнай-газ саласы

23 Қараша, 2021 15:09

Бүгін үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуындағы жергілікті қамтуды дамыту туралы айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Көмірсутек шикізаты және уран өндіру саласы

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің мәліметінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша көмірсутек шикізаты және уран өндіру саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуының жалпы көлемі шамамен 5,4 триллион теңгені құраған. Бұл ретте осы сатып алулардағы жергілікті қамту үлесі 46%-ды құраған.

«Оның ішінде тауарларды сатып алудағы жергілікті қамту 19,7%-ды құраса, жұмыстардағы бұл көрсеткіш 51,3%-ға тең. Қызметтерді сатып алуда жергілікті қамту деңгейі 50,3%-ды құрады », - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Жер қойнауын пайдаланушылар

Оның сөзінше, қазіргі уақытта жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуындағы жергілікті қамтуды дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Сондай-ақ, ол жер қойнауын пайдаланушылардың 2021 жылға арналған сатып алу жоспары 6,8 триллион теңгені көздейтінін айтып өтті. Министрдің дерегінше, ондағы жергілікті қамту үлесінің болжамды көрсеткіші 46,5%-ды құрайды.

«Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемінің шамамен 77%-ды үш ірі операторға тиесілі. Олар - "Теңізшевройл" ЖШС, "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." және "Норт Каспиан Оперейтинг Н.В." », - деді энергетика министрі

Министрдің мәліметінше, сатып алудың қалған 13%-ы "Самұрық-Қазына" компаниялар тобының және 10%-ы басқа да жер қойнауын пайдаланушылардың үлесінде», - деді ол.

Тауар өндірушілер толық қамтамасыз етілетін тауарлар

Сонымен қатар, ол жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қазір отандық тауар өндірушілер келесі тауарлармен толық қамтамасыз етілетінін жеткізді.Атап айтқанда:

-        құрылыс-монтаж материалдары (сэндвич панельдері, металл конструкциялары, темірбетон және арматуралық стрежнилер)

-        құбыр материалдары (құбырлар мен фитингтер, фланецтер, клапандар, арнайы құбыр тіректері)

-        механикалық жабдықтар (ыдыстар, жылу алмастырғыштар және т. б.);

-        электроматериалдар (трансформаторлар, электр қалқандары, жарықтандыру);

-        телекоммуникация материалдары (телекоммуникациялық кабельдер, бейнебақылау жүйесі және т.б.).

-        жанар-жағармай материалдары (мотор майларын қоса алғанда).

«Осылайша, отандық тауар өндірісі дамуының оң қарқынын атап өтуге болады. Отандық тауар өндірушілердің ірі жобаларға қатысу үлесінің төмендігі – шетелдік және отандық өндірушілер арасында қалыптасқан дискриминациялық жағдайларға байланысты болып отыр», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Қосылған құн салығы

Оның сөзінше, ірі операторларға берілген кедендік преференциялар нәтижесінде олар шетелдік тауарларды қосылған құн салығын нақты төлемей сатып ала алады. Ал отандық өндірушілерден тауарларды сатып алу кезінде 12% мөлшерінде салық төлетінін жеткізді. Сонымен қатар, ол бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру жолдарының бірі салық кодексіне өзгерістер енгізу екенін айтты. Бұл өзгерістер ірі жобалар үшін тауарларды жеткізу кезінде отандық өндірушілердің ішкі айналымын қосылған құн салығынан босатуды қамтиды.

«Бұл шара шетелдік және отандық компаниялар арасындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік береді. Өз тарапынан Министрлік жергілікті қамтуды дамыту бойынша бірқатар шаралар мен бастамаларды жүргізуде. Олардың негізгілерінің бірі елімізде кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімдер жасасу болып табылады», - деді министр.

"Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы" келісім

Министрлік "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланушылармен "кәсіпкерлікті ынталандыру туралы" келісім жасасуға бастамашылық жасаған. Бұл келісімдер ерікті түрде жасалады. Министрдің айтуынша, қазіргі таңла көмірсутектер мен уран бойынша 282 келісімшарттың 164-і бойынша келісімге қол жеткізілген. Олардың ішінде көмірсутектер саласындағы 84 жер қойнауын пайдаланушылармен 147 келісім жасалып, уран өндіру саласында 13 жер қойнауын пайдаланушылармен – 17 келісімге қол қойылған.

«Аталған келісімдер тауарлардағы жергілікті қамту үлесін 19,5%-дан 31%-ға дейін, жұмыстарда –66,8%-дан 78,6%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту деңгейі де 69,4%-дан 88,8%-ға артатын болады», - деді Мырзағалиев.

Мұнай-газ машинасын жасауды дамыту

Министр өз сөзінде жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі келесі бастама ағымдағы жылы құрылған мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы болып табылатынын жеткізді. Орталық жұмысының негізгі мақсаты – еліміздегі мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндірісін жергіліктендіру болып табылады.

«Ол үшін орталық жаңа өндірістер ашуды, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтуді жүзеге асырады. Қазіргі уақытта операторлардың ұсынысы бойынша (жоғары қажеттілікке байланысты) орталық үш тауар тобын талдауды және жергіліктендіруді қолға алды», - деді ол.

Атап айтқанда:

- Бекіту арматурасы (клапандар);

- Электротехникалық жабдық;

- Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика.

Сондай-ақ, орталық отандық өндірушілердің қажеттіліктері бойынша толық деректерге және тиісті мүмкіндіктерге талдау жүргізгеннен кейін қалған тауар топтары бойынша ұсыныстар енгізетін болады. Ағымдағы жылы жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қоры құрылған. Сонымен қатар, министр инвестициялар технология мен IT, базалық тауарлар өндірісі және мұнай-газ секторына арналған жабдықтардың жекелеген түрлерін құрастыру және қоршаған ортаны қорғау салаларына бөлінетінін жеткізді. Аталған қор "Астана" халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркелген. Қазіргі таңда өтінімдерді қабылдау бойынша электрондық портал әзірленуде.

Барлық жаңалықтар