• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жердің шетелдіктерге сатылмауы мен жалға да берілмеуі – халық күтіп отырған ең басты мәселе. Сарапшылар пікірі

Жердің шетелдіктерге сатылмауы мен жалға да берілмеуі – халық күтіп отырған ең басты мәселе. Сарапшылар пікірі

25 Ақпан, 2021 16:33

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында көтерілген мәселелер туралы Кеңес мүшелері Strategy2050.kz тілшісіне пікір білдірді.


Қазыбек Иса: Мораторий аяқаталатын жылы жерді сату мәселесіне нүкте қойылды

photo_350782.jpeg

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Исаның пікірінше жердің шетелдіктерге сатылмауы немесе жалға берілмеуі – халық көп күткен мәселе.

«Бүгін Президент тағы да шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Жердің шетелдіктерге сатылмауы мен жалға да берілмеуі – халық күтіп отырған ең басты мәселе. Бұндай талап «Ақ жол» партиясының саяси бағдарламасында жазылған болатын», - деді Қазыбек Иса.

Оның айтуынша, «Ақжол» фракциясы биылғы 20 қаңтарда Парламент Мәжілісінің жаңа құрамының алғашқы жалпы отырысында да жер мәселесін қайта көтеріп, мораторий аяқталып келе жатқандықтан, жер мәселесіне түбегейлі нүкте қоюға шақырған.

Президент биыл тамыз-желтоқсан айлары арасында 786 ауыл әкімін халық сайлайтынын айтқан болатын. 2024 жылы аудан әкімдерін де тікелей халық сайлайтын болады. Қазыбек Иса бұл бастаманы да қолдайтынын жеткізді.

Қазыбек Исаның айтуынша, жастар мәселесі бүгінгі жиында ерекше көтерілді.

«Әлі тамыры жойылмай отырған ауыр кесел - құмар ойындарының жолын кесуде қоғамдық бақылаудың рөлін арттырып, тиісті құзыретті органдар жұмысын күшейту керектігіне тоқталды. Ұлттық кеңесте мемлекеттік мүдде тұрғысынан жақсы сөйлеген белгілі журналист, қоғам қайраткері Максим Рожин болды. Бір қызығы Максим Рожин мемлекеттік тілде майын тамызып, маңызды мәселе көтерді», - деп ризашылығын білдірді тіл жанашыры.

Қазыбек Иса айтқандай, қазір халықтың қоғамдық-саяси белсенділігі артып, үкіметке қояр талабы күннен күнге күшейіп келе жатыр. Мұны мемлекет басшысы жақсы түсінеді.

«Иә, саяси реформалар барлық жаңғырудың басы екені анық. Әлеуметтік әділетсіздіктерге қарсылық артуда. Ең бастысы, мемлекет басшысы айтқандай, «жаңғырудың түпкі мақсаты – әділ қоғам орнату» болуы тиіс», - деп қорытты депутат.        

Мұрат Әбенов: Тоқаевтың бүгінгі шешімі тарихта Қазақстанның болашағы үшін жасаған ең сәтті қадамы болып қалмақ

dbc4d84bfcfe2284ba11beffb853a8c4.jpg

Қоғам белсендісі, Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов те Президент нүктесін қойған жер дауы мәселесіне тоқталды.

«Бес жыл бұрын, яғни 2016 жылы Жер реформасына қарсы елде митингтер болған еді. Ол кезде Үкімет шетелдіктерге жер сату туралы аукциондар жариялаған болатын. Тіпті мерзімі айтылып, бағасы қойылып, сатылатын жер учаскелері көрсетілді. Биліктегі лоббишілер қоғам бұған назар аудармайды деп ойлаған болуы тиіс. Қазақтың жерлерін шетелдік компаниялар мен өзге мемлекеттердің азаматтарына сату туралы шешім қабылдаған. Қазақстандықтар сол кезде «Жерді сату – Отанды сату» деген ұранмен қарсылық танытты», - деді Әбенов.

Билік сол кезде көпшілікке қарсы шықпауды ұйғарды. Алайда, дау тудырған бұл заң нормасын тоқтатқан жоқ. Сөйтіп, уақытша 5 жылға мораторий жариялады. 2021 жылы сол 5 жылдық мерзім аяқталды.

«Бүгінгі Ұлттық сенім кеңесінің отырысында Президент жер дауына нүкте қойып, жердің сатылуы мен жалға берілуіне тыйым салуды өз мойнына алды. Президенттің бұл қадамы үлкен құрметке лайық», - деді Әбенов.

Кеңес мүшесі лоббишілерге халықты алдауға, билікке үстемдік етіп, шетелдік тапсырыс берушілерге ыңғайлы Заңды қабылдауға үміт те беруге болмайды деп санайды.

«Келесі қадам – осы салада тәртіп орнату. Латифундистердің арнайы тобы бар. Олар шетелдіктердің жеке меншігіне жерді рәсімдейді. Сосын сол шетелдіктер ұрпақтан ұрпаққа Қазақстан азаматтарына өз жерлерін өздеріне жалға беріп отыруға дайын. Осы келеңсіздікті жою керек. Қазақстанның тарихында Тоқаевтың бүгінгі шешімі оның уақытша саяси пайда үшін емес, Қазақстанның болашағы үшін жасаған ең сәтті қадамы болып қалмақ», - деді Мұрат Әбенов.


Барлық жаңалықтар