• Басты
  • Жердің шөлейттену проблемасы және халықаралық тәжірибе
27 Тамыз, 2020 10:51

Жердің шөлейттену проблемасы және халықаралық тәжірибе

Әлем COVID-19 індетімен күресіп жатқанда одан бөлек бірқатар экологиялық проблемалардың бар екендігін де естен шығармау қажет. Тыныс жолдарының аурулары, денсаулықтың нашарлауы құрғақшылықтың көбеюі, биоәртүрліліктің бұзылуымен де тікелей байланысты. Әдетте жер бетінің шөлейттену немесе шөл басуы туралы айтқанда ірі шөлдер жатқан аймақтарға, сонымен қоса Африка құрлығына ғана қатысты проблема ретінде қабылдайтынымыз жасырын емес. Дегенмен, Орталық Азия аумағының 2/3 бөлігі құрғақшылық басып жатыр. Шөлейттену жер қабатының құнарсыз, тіршілік пен шаруашылыққа жарамсыз болуына әкеп соғады. Осының барлығы жаһандық климаттан бастап, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, халықтың денсаулығына тікелей әсер етеді. Бұл әсіресе дамушы мемлекеттерге қауіп төндіретіні рас.

Жердің шөлейттену проблемасы және халықаралық тәжірибе

Шөлейттену дегеніміз – жер қыртысының, топырақтың өнімділігінің едәуір төмендеуіне байланысты оның тозып-жұтаңдану процесі. Әрине, шөл басып жатқан аймақтарға ең алдымен адамдар мен жануарлардың тіршілігіне, сондай-ақ климаттың өзгеруіне өте сезімтал, құрғақ, субаридті және құрғақ климаттық жағдайлары басым аймақтар жатады. Шөл басқан аймақтарда топырақ эрозияға ұшырайды және тұзды болады, олар ылғалды ұстап тұру қабілетін жоғалтады, жер асты суларының деңгейі төмендейді, өсімдік жамылғысы азаяды немесе мүлдем жоғалады. Шөлейттену, жер қабатының тозуы және құрғақшылық – бұл жаһандық ауқымдағы проблемалар. БҰҰ мәліметтері бойынша, құрғақшылық жайлаған жерлер әлемнің 100-ден астам елін, жер бетінің 30 пайызын алып жатыр. Ал қазіргі уақытта бұл территорияларда 2 млрд-тан астам халық тұрады. Шөлейттенудің қазіргі қарқынын ескере отырып, БҰҰ ұсынған сценарий расталған жағдайда, 2025 жылға қарай жердің әрбір бесінші тұрғыны құрғақшылыққа ұшыраған аумақта тұруы ықтимал екен. Қазіргі уақытта бүкіл әлем бойынша екі миллиард гектардан астам продуктивтік жер тозуға айналған және ол жыл сайын тағы 12 миллион гектарға көбейіп отыратыны болжанған.

Шөлейттену – жаһандық қауымдастыққа тұрақсыздық қаупін тудыратын көрінбейтін дағдарыс. Шөлейттену кедейлік, денсаулық жағдайының нашарлауы, азық-түлік қауіпсіздігінің төмендеуі, биоәртүрліліктің жоғалуы, судың тапшылығы, климаттың өзгеруіне төзімділіктің төмендеуі және мәжбүрлі көші-қон сияқты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық проблемаларды ушықтырады. Соның ішінде бірнеше мәселені ерекше атап өтуге болады:

- Кедейшіліктің бір себебі – шөлейттену. Құрғақшылық жайлаған аймақтарда тұратын адамдардың 90 пайызы дамушы елдерде тұрады. Ал климаттың өзгеруімен қоса шөлейттенудің көбеюі аз дамыған елдерде аштық тудыруы мүмкін.

-ДДСҰ мәліметіне сәйкес, шөлейттенудің ықтимал әсері азық-түлік және су қорларының, таза судың азаюынан, атмосфералық шаңнан туындаған респираторлық аурулардың қаупінен, шөлейттенуге байланысты мәжбүрлі көші-қон кезінде жұқпалы аурулардың таралу қаупінен де көрінеді.

- Шөлейттену азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді: жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2050 жылға қарай азық-түлік өнімдерін өндіруді 70 пайызға ұлғайту жөніндегі міндет қойылғанын ескерсек, жердің тозуы жаһандық азық-түлікке қауіп екені айдан анық.

- Шөлейттену биоәртүрліліктің жоғалуы, экожүйелер қызметінің төмендеуі, жаңа түрлердің пайда болуы, сондай-ақ биомасса өндірісіндегі өзгерістер нәтижесінде биоәртүрлілікке кері әсерін тигізеді.

- Шөлейттену мен құрғақшылық су ресурстарының қолжетімділігіне, саны мен сапасына кері әсер етеді және су тапшылығына әкеп соғады.

- Әсіресе ауылды аймақтардағы өнімді жерлердің азаюы адамдардың миграциясына ықпал етеді. Өнім алып отырған жерлердің шөлейттенуі мен құрғашылық басуы нәтижесінде болжам бойынша, 2045 жылға қарай шамамен 135 миллион адам қоныс аударуға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл қалалардағы білім беру, денсаулық, тұрғын үй және т.б әлеуметтік мәселелердің тууына тікелей әсер етеді.


ллл.png

Жер бетіндегі шөлейтті аумақтардың көрінісі

Осы орайда, БҰҰ шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі Конвенциясы жаһандық платформа ретінде маңызды рөл атқарады. 1994 жылғы 17 маусымда қабылданған осы Конвенция қоршаған орта мен дамуды жер ресурстарын тұрақты басқарумен байланыстыратын заңды әрі міндетті халықаралық келісім болып табылады. Конвенцияда құрғақ, жартылай құрғақ және құрғақ субгумидті аймақтар қарастырылған. БҰҰ аталған Конвенциясының он жылдық стратегиясында - "кедейшілікті азайту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жердің шөлейттенуінің алдын алу және зардап шеккен аудандардағы құрғақшылықтың салдарын азайту үшін жаһандық серіктестік құру" негізгі мақсаттардың бірі ретінде көрсетілген. 

БҰҰ тұрақты даму мақсаттарының ішінде де 15-мақсат – «Құрлық экожүйелерін қорғау және қалпына келтіру және оларды ұтымды пайдалануға жәрдемдесу, орманды ұтымды пайдалану, шөлейттенуге қарсы күрес, жердің тозу процесін тоқтату және қалпына келтіру және биоәртүрлілікті жоғалту процесін тоқтату» деп көрсетілген. Яғни, мемлекеттер тұрақты түрде дамуы үшін шөлейттенуге қарсы күрес алдыңғы қатарлы мәселеге айналды. Биоәртүрлілік пен экожүйелік қызметтерді жаһандық бағалау жөніндегі 2019 жылғы есепке сәйкес, жануарлар мен өсімдіктердің 1 миллионға жуық түрінің жойылу қаупі бар және олардың көпшілігі алдағы онжылдықтарда жойылып кетуі мүмкін. Адамның іс-әрекеті мен климаттың өзгеруіне байланысты ормандардың жойылуы мен шөлейттенуі тұрақты дамуға қол жеткізуге айтарлықтай кедергі болып табылады және миллиондаған адамдардың күнделікті өміріне әсер етеді. 2020 жылғы "әлем ормандарының жай-күйі" құжатында 1990 жылдан бастап ауылшаруашылығы мен басқа да жер пайдалану түрлері үшін шамамен 420 миллион гектар ағаш жоғалғаны атап өтілді. 

 

Орталық Азия мен Қазақстандағы ахуал

Кейбір зерттеулерге сәйкес, Каспий теңізі мен Памир таулары арасындағы аймақтағы төрт миллион шаршы шақырым территорияға шөлейттену қаупі туып тұр. Бүгінде Орталық Азия аумағының 2/3 бөлігі құрғақшылық басқан жерлер болып саналады. Орталық Азияда егіс алқаптарының 4-10 пайызы, жайылым жерлердің 27-68 пайызы және ормандардың 1-8 пайызы жұтаңданып, тозуға айналған. Әрине, мемлекетте өндіріс пен азық-түлік үшін қоршаған орта ресурстарын пайдаланады. Дегенмен, оны орынды пайдалану және қалпына келтіріп отыру жағы жетіспейді. Жердің тозу себептері көптеген елдерде күрделі және әртүрлі, бірақ тұтастай алғанда табиғи ресурстарды шамадан тыс пайдалану, атап айтқанда ауылшаруашылығының тұрақсыз тәжірибесі, жайылымдарды шамадан тыс таптау, орманды кесу, олардың қараусыз қалуы және табиғи апаттар.

Бүкіл әлемдегі сияқты, Орталық Азия елдеріндегі шөлейттену мен құрғақшылық экологиялық қана емес, сондай-ақ экономикалық және әлеуметтік проблема болып табылады. Орталық Азия экономикасы ауылшаруашылығына негізделгендіктен, ол ЖІӨ-нің 10-38 пайызын және жұмыспен қамтудың 18-65 пайызын құрайды. Шөлейттену себебінен азық-түлік, сауда, нарыққа қол жеткізу бағасына теріс әсер етеді және фермерлер мен жұмыссыздықтың көбеюіне әкеледі. Сондықтан ОА елдері бірлесіп іс-қимыл жүргізудің жолдарын да қарастырып келеді. Шөлейттену мен құрғақшылық бірлескен іс-қимылды талап ететін трансшекаралық проблема екенін түсініп және БҰҰ Конвенциясын басшылыққа ала отырып, Орталық Азия елдері 2003 жылы шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі Субаймақтық іс-қимыл бағдарламасын қабылдады. Бағдарламаның мақсаты субаймақтық мүдделерді келісе отырып орындау, осы салада ақпарат және тәжірибе алмасу, шөлейттенуге қарсы донорларды тарту, жалпы экологиялық конвенцияларды жүзеге асыру кезінде бірлескен бағдарламаларды басшылыққа алу, солайша әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту болып табылады. Қазіргі уақытта БҰҰ осы мәселе бойынша Орталық Азия елдерімен ынтымақтасып жұмыс істеуде.

лллббьоо.png

NASA Earth Observatory зерттеуі бойынша жер бетінің көгалдануы 

 

Қазақстан БҰҰ шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясын 1997 жылы ратификациялады. Сол жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарын қабылдады. 2005 жылғы қаңтарда ҚР Үкіметі Қазақстан Республикасында шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі 2005-2015 жылдарға арналған бағдарламаны да бекітті. 2008 жылы Үкіметтің салалық бағдарламаларының санын оңтайландыруға байланысты аталған бағдарлама тоқтатылып, оның жекелеген тармақтары 2010-2014 жылдарға арналған "Жасыл даму" бағдарламасына енгізілді. Қазақстан Республикасының "жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасы шөлейттену проблемасының күрделілігін растайды және келесідей "жасыл" ауылшаруашылығы қағидаттарын ұсынады: а) жердің тозуын болдырмау және тозған жерлерді қалпына келтіру; б) жайылым жерлердің одан әрі тапталуын болдырмау; в) суды тиімді пайдалану; г) ресурстарды ұтымды пайдалану; д) қалдықтарды азайту және қайта өңдеу; е) көмірқышқыл газын таратпау. БҰҰ-ның Қазақстандағы шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясын іске асыру шеңберінде "2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі стратегиялық шаралар" құжаты да дайындалған. Қазақстан сонымен қоса БҰҰ биологиялық әртүрлілік туралы конвенциясын 1994 жылы ҚР Министрлер кабинетінің №918 қаулысымен растады. Бірақ сонымен еліміздегі шөлейттену және құрғақшылық мәселесі шешілді деп айтуға келмейді. Мысалы, экологиялық эксперт Ж.Каринаның айтуынша, Қазақстанда Дүниежүзілік Банктің есептеуі бойынша ел аумағының 66% шөлейттену қаупі бар. Ал БҰҰ даму бағдарламасының аға кеңесшісі Э.Кодс Қазақстан жерінің 50-ден 80 пайызға дейінгі аумағы шөлейттенген және тозған, ол азық-түлік өндірісі мен ауылшаруашылығына қажетті судың тапшылығынан көрінеді деп айтады.

Еуропалық экономикалық комиссияның 2008 жылғы Қазақстандағы «Экологиялық қызметтің нәтижелілігі туралы шолуы» бірқатар маңызды мәселеге назар аударған. Жердің тозуы жəне шөлейттену құрғақ климатпен, жауын-шашынның төмен деңгейімен, қатты буланумен жəне қуаншылықтармен сипатталатын Қазақстанның экожүйесі шөлге айналуға бейім. Жердің тозуы мен шөлейттену проблемасы Кеңес заманында ауыл шарушылығы мен жер пайдаланудың есепсіз жолдарынан кейін күрделі жағдайға келді. Ахуал елдің бидай өсіретін солтүстік аудандарында, сондай-ақ мақта мен күріш егілетін Сырдария өзенінің аңғарында, Оңтүстік аудандарда қиындай түседі. Егін шарушылығы экожүйелерге зиян келтіріп, жел эрозиясы мен тұздың ұлғаюының əсерінен топырақ құнарсызданды. БҰҰ шөлейттенуге қарсы күрес Конвенциясы бойынша үшінші есепте (2006 ж.) көрсетілгендей, жердің шөлейттенуі мен тозуына байланысты жылдық экономикалық шығын 93 миллиард теңгені құрауы мүмкін (6,2 миллиард АҚШ доллары).

 

Шетелдік тәжірибе

Қытай мен Үндістандағы көгалдандыру жұмыстарының жетістіктері кездейсоқ емес. Бұл елдерде адамзат тарихындағы ең үлкен ағаш отырғызу бағдарламасы жүзеге асырылуда және Қытайдағы ормандардың жалпы ауданы 2000-2015 жылдары 32 пайызға өскен екен. 2018 жылы отырғызылған ағаштар ауданы Ирландияға тең келеді. Үндістандағы жағдай осыған ұқсас келеді: экономикалық және демографиялық өсу жергілікті фермерлерді егістік алқаптарын, соның ішінде бұрынғы құрғақ жерлерді (суару арқылы) кеңейтуге мәжбүр етті. Тиісінше, Үндістанды көгалдандырудың 82 пайызы егістікке келеді. Қытай бүгінде әлемдегі екінші экономика және өндірісі қарқынды дамушы мемлекет екендігін білеміз. Сондықтан қоршаған ортадағы өзгерістерді қалпына келтіруге күш салады.

Қытай шөлдерге жасанды тосқауыл жасау үшін үлкен қаражат бөліп келеді. Мәселен, 2010 жылы Қытай Ішкі Моңғолия автономиялық ауданының Алашан аймағында 70 мың гектарға жуық орман отырғызуға 480 миллион юань инвестиция тартқан. Бадан-Жарэнг және Тенгри шөлдері қосылып кетпеуі үшін осы орман алқабын кеңейткен. Аумағы 44,3 мың шаршы км болатын Бадан-Джарэнг шөлі Қытайдың үшінші шөлі болып табылады. Ол негізінен Ішкі Моңғолия автономиялық ауданының батыс бөлігінде Алашан аймағында орналасқан. Аумағы 42,7 мың шаршы км болатын Тенгри шөлі, Қытайдағы көлемі бойынша төртінші.


лллбб.png

ҚХР Ішкі Моңғолия өлкесі Кузупчи шөлі 

ҚХР Ішкі Моңғолия автономиялық ауданы Му-Ус шөлінің таралуын тежеуге де жергілікті үкімет күш салып, бүгінде Ордостағы құмды жерлердің 70 пайызы бақылауға алынған екен. Ал қазіргі уақытта Му-Ус құмды «теңізі» іс жүзінде жоғалып, жансыз жер тіршілік ортасына айналған. "Бұрын шөптері бар жайылым жер 100 му- ден асса, қазір талдар мен ағаштар отырғызылған аумақ 6000 му-ден асқан. Ауылдар мен жергілікті кәсіпорындарға көмек көрсету мекемелері ұсынған 3 миллион юаннан астам қаражат есебінен Уланшибатай ауылы құмды талды өңдейтін өз зауытын ашқан. Сонымен қоса, аталған аймақтарға жол салынып, су-жарық тартылған соң, халық қоныстанып, олардың шаруашылықпен айналысуына субсидиялар бөлінеді. Құмды-шөлейтті аймақтарға келетін шет елдік және қытайлық туристер де аз емес, сондықтан жергілікті халық кәсіпкерлікпен де айналысуда. Экологиялық ортаны жақсарту барлығына пайда әкеледі. Бұрын өсімдіктерден мүлдем мақұрым болған құмды жерлерде бүгінде тары, жүгері, қарбыз, шабдалы және қара өрік өседі. Бұл жерді құм мен жел әсерінен тастап кеткен құстар мен жануарлар қайтадан оралып, тіпті популяциясын көбейткен екен.

Ұлттық және өңірлік деңгейде қабылданған шараларға қарамастан, Орталық Азияның барлық елдері БҰҰ жоғарыда аталған және басқа конвенцияларды орындауда белгілі бір қиындықтарды бастан кешуде. Өзара міндеттемелерді орындау үшін тиісті институционалдық, қаржылық және техникалық мүмкіндіктердің жоқтығы, ұлттық және өңірлік деңгейде ведомствоаралық кооперацияның жеткіліксіздігі және ОА елдерінің ортақ көзқарасының болмауы кедергі келтіреді. Дегенмен бірлесіп атқарып жатқан үлкенді-кішілі жобалар да жоқ емес. Қазақстан мен Өзбекстан тарапы Арал проблемасын бірлесіп шешу мақсатында #GreenAralSea жобасын қолға алып, Арал теңізінің құрғап қалған түбінде құрғақшылыққа төзімді сексеуіл отырғызу акциясын жүргізіп жатыр. Арал теңізі Амудария мен Сырдария өзендерінің экожүйесіне тікелей әсер етеді. Арал түбінен бүгінде 75 млн тонна улы тұз бен құм ауа арқылы тарап жатыр, ал теңіз аумағындағы рак және түберкүлезбен ауру деңгейі басқа жақтардан 50 пайызға жоғары. Сондықтан халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетіп отырған осы жоба Аралды көгалдандыруға едәуір үлесін қосып келеді. Жалпы алғанда Қазақстан құрғақшылық және шөлейттенумен күресте алыстағының емес, көршілес мемлекеттердің де тәжірибесін ескеріп отыруы қажет.

 Фото: ашық дереккөз 

Барлық жаңалықтар