• Басты
  • ЖЭК-ті дамыту: ЖЭК үлесін 10%-ға жеткiзу, аукцион жүйесі және биыл іске қосылатын нысандар

ЖЭК-ті дамыту: ЖЭК үлесін 10%-ға жеткiзу, аукцион жүйесі және биыл іске қосылатын нысандар

9 Ақпан, 2021 10:43

Бүгін үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жаңартылатын энергия көздерiн (ЖЭК) дамыту мәселелерi, қолға алынған шаралар жөнінде баян етті. Оның айтуынша, жалпы энергия тұтынудың кемiнде жартысы жаңартылатын және баламалы энергия көздерiне тиесiлi болуы керек, сондықтан бүгінде жүйелі түрде жұмыстар жүрігізіліп жатыр. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

ҚР Энергетика министрi Нұрлан Ноғаев ел президентiнiң халыққа жолдаған жолдауында декарбонизация саясатын iске асыруды тапсырғанын атап өттi. Оның пайымынша, электр энергетикасындағы жаңа технологиялар энергия жүйесiн басқарудың, нарыққа қатысушылардың өзара қарым-қатынасының жаңа қағидаттарын, сондай-ақ ұзақ мерзiмге егжей-тегжейлi жоспарлауды қажет етедi.

ЖЭК үлесін 6%-ға жеткiзілмек

«Елiмiзде жаңартылатын энергетиканы дамыту соңғы онжылдықта электр энергетикасы саласындағы тәсiлдердi қайта қарауды талап етiп жатыр», - дедi министр.

Оның сөзiнше, мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттарында мынадай нақты мақсаттар қойылған.

Атап айтсақ:

- электр энергиясын өндiрудiң жалпы көлемiндегi жаңартылатын энергетиканың үлесiн 2025 жылы 6%-ға жеткiзу

- 2030 жылы 10%-ға дейiн жеткiзу

- 2050 жылға қарай жалпы энергия тұтынудың кемiнде жартысы жаңартылатын және баламалы энергия көздерiне тиесiлi болуы тиiс.

Оның пiкiрiнше, Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасында 2020 жыл жаңартылатын энергетика индикаторын орындаудың межелiк кезеңi болған. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, электр энергиясын өндiрудiң жалпы көлемiндегi жаңартылатын энергетиканың үш пайыздық үлесi толық орындалған.

«Жаңартылатын энергетика саласының қалыптасу кезеңiнде үкiмет барлық қажеттi жағдайды жасады. Үздiк халықаралық тәжiрибенi ескере отырып, 2013 жылы тiркелген тарифтер жүйесi енгiзiлiп, жаңартылатын энергия көздерi электр энергиясын бiрыңғай сатып алушы құрылды. Электронды аукционға көшу жүзеге асырылды», - дедi министр.

Оның пайымынша, тiркелген тарифтер тетiгi жаңартылатын энергетика дамуының бастапқы кезеңiнде осы сала нарығын жылдам iске қосып, жел, күн энергетикасының бiрқатар жобалсын жүзеге асыруға мүмкiндiк бермек.

Аукциондар жүйесі: ЖЭК-не бағаның төмендеуіне қол жеткізілді

«Саланың дамуына көрсетiлген қолдаулардың нәтижесiнде жаңартылатын энергия көлемi тұрақты өсуде. Соңғы 6 жылда жаңартылатын энергетика нысандарының белгiленген қуаты шамамен 10 есеге ұлғайып – 2014 жылғы 178 МВт-тан 2020 жылы 1635 МВт-ты құрады. Жиынтық қуаты 1,5 ГВт жаңартылатын энергетика жобалары үшiн 2018-2020 жылдардағы халықаралық аукциондық сауда - саттық электрондық форматта өткiзiлдi. Сауда-саттыққа 12 елден, яғни Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркия, Германия, Франция, Болгария, Италия, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi, Нидерланды, Малайзия, Испания елдерiнен 172 компания қатысты», - дедi Нұрлан Ноғаев.

Аукциондық сауда-саттық қорытындылары бойынша, 58 компания жаңартылатын энергия көздерi электр энергиясын бiрыңғай сатып алушымен жиынтық қуаты 1219 МВт-қа 15 жылға арналған келiсiмшарттарға қол қойылған.

Оның сөзiне сенсек, аукциондық жүйе «жасыл экономика» қағидатына сәйкес жүзеге асырылатын жобалар бағасының айтарлықтай төмендеуiне қол жеткiзуге мүмкiндiк берген. Жекелеген жобалар бойынша тарифтердiң барынша төмендеуi күн электр станциялары үшiн – 64%, жел электр станциялары үшiн– 30% және гидро электр станциялары үшiн – 19 % құраған.

Қазiргi уақытта республикада белгiленген қуаты 1685 МВт болатын 116 жаңартылатын энергетика нысаны жұмыс iстейдi, соның iшiнде:

- 29 жел электр станциясы , қуаты – 486 МВт;

- 44 күн электр станциясы , қуаты - 962 МВт;

– 38 гидро электр станциясы , қуаты - 229 МВт;

- 5 био электр станциясы , қуаты - 8 МВт.

2020 жылдың қорытындысы бойынша өндiрiлген жасыл энергия көлемi 3,24 млрд кВтсағ құраған.

Өңірлердегі ЖЭК-ті дамыту мәселелері

Министрдiң айтуынша, өңiрлерде жаңартылатын энергия көздерi нысандарын орналастыру ресурстық әлеуеттi, электр энергиясына қажеттiлiктi, бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнiң аймақтары бойынша барынша жол берiлетiн қуаттарды және инфрақұрылымның әзiрлiгiн ескере отырып жүргiзiледi.

«Бұл Қазақстанның бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнiң сенiмдi жұмысы үшiн жаңартылатын энергия қуатының лимиттерiн сақтауға мүмкiндiк бередi. Осыған орай, ең көп жоба Алматы облысында (32 нысан – 332,5 МВт), Жамбыл облысында                     (15 нысан - 318 МВт) және Қарағанды облысында (9 нысан -233 МВт) жүзеге асуда», - дедi ол.

Сонымен бiрге, ол Ақтөбе, Ақмола және Түркiстан облыстарының әкiмдiктерi инвесторларға үлкен қолдау көрсетiп жатқанын тiлге тиек еттi. Мәселен, соңғы жылдары шамамен халықаралық қаржы институттарымен және ұйымдармен бiрқатар келiсiмдер мен меморандумдарға қол қою арқылы секторға 240 млрд теңге (немесе 613 млн, АҚШ доллары) сомаға инвестициялар тарту бойынша жұмыс жүргiзiлдi. Сонымен қатар, «Жасыл» энергия секторында қазiр әлемнiң 10 елiнен инвесторлар, сондай-ақ Еуропа Қайта Құру және даму банкi, Азия Даму Банкi, Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкi, Қазақстан Даму Банкi сияқты iрi қаржы ұйымдары жұмыс iстейтiнiн атап өттi.

«Сонымен қатар «Жасыл» энергия саласына инвесторлар ретiнде Эни, Тоталь сияқты iрi мұнай компаниялары келiп, Қазақстанда бiрқатар жаңартылатын энергетика жобаларын iске асырды, әрi олардың осы саланы одан әрi дамыту жөнiнде жоспарлары бар», - дедi Нұрлан Ноғаев.

Министрдiң мәлiметiнше, Қаржы-есеп айырысу орталығы қызметiн бастаған сәттен бастап жаңартылатын энергетика секторына шамамен 626 млрд теңге тартылған, ал салынған нысандар шамамен 81 млрд теңге салық төлейтiн болады.

«Биыл қуаты 381,1 МВт болатын 23 жаңартылатын энергетика нысаны iске қосылатын болады», - дедi министр.

Саланы дамыту шаралары

Жаңартылатын энергетика секторын одан әрi дамыту үшiн министрлiк мүдделi тараптармен бiрлесiп бiрқатар шараны қолға алмақ.

- 250 МВт жаңартылатын энергетика жобаларын iрiктеу бойынша аукциондық сауда-саттық өткiзу

- Электр энергиясын жинақтау жүйелерi бар жаңартылатын энергетиканы дамыту

- Халық пен шағын және орта бизнес арасында жаңартылатын энергетиканың бөлiнген генерациясы тетiгiн жетiлдiру

- Iрi гидроэлектр станциялары үшiн ынталандыру тетiктерiн ұсыну

- 2025 жылға дейiн экологиялық таза энергия көлемiн 2 есеге ұлғайту бағытында жұмыс жүргiзiлмек

«Қазақстанда энергетиканы әртараптандыру және тұрақты дамыту мақсатында жаңартылатын энергия көздерi нарығын дамыту одан әрi жалғасатын болады», - дедi министр.

Оның айтуынша, жаңартылатын энергия көздерiн дамытудың алғашқы сатысын сәттi аяқтай отырып, келесi кезеңде осы саладағы мүдделi тараптарды, оның iшiнде ғалымдар мен инженерлердi тарта отырып, жүйелiк негiзде «жасыл» энергетиканы серпiндi дамыту басты назарда болмақ.

Барлық жаңалықтар