• Басты
  • Жазғы демалыстағы балалар қауіпсіздігі: Шомылу, өрт қауіпсіздігі және жұмыспен қамту мәселелері

Жазғы демалыстағы балалар қауіпсіздігі: Шомылу, өрт қауіпсіздігі және жұмыспен қамту мәселелері

31 Мамыр, 2021 15:33

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде балалардың жазғы демалыстағы қауіпсіздігі туралы баспасөз конференциясы өтті. Шараға ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Сыздықов Бауыржан, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің сондай-ақ, Ішкі істер министрлігінің өкілдері қатысты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі

Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Есенғазы Иманғалиев каникул кезінде балалардың қауіпсіздігі мәселелерін жүйелі ұйымдастыру үшін ҚР Премьер-Министрінің "2020-2023 жылдарға арналған каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы" өкімі қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ, 2020 жылдың наурыз айында ҚР Үкіметі 2020-2023 жылдарға арналған Бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтік мәселелерін шешу жөніндегі «жол картасын» бекіткен болатын.

«Министрлік кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың рөлін өңірлік деңгейде нығайту жөніндегі жұмысты жалғастыруда, республика өңірлерінде 2 мыңға жуық психологиялық қызмет көрсететін ұйым жұмыс істейді, оларға 11 мыңнан астам маман тартылған», - деді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасы Иманғалиев Есенғазы.

Оның айтуынша, кеңестердің ұсынымдарымен жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша толық шаралар қабылдау қажеттілігі бекітілген.

Сонымен қатар, каникул кезінде балалардың жұмыспен қамтылуын және демалысын ұйымдастыру мәселелерін жедел қарау мақсатында Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармалары басшыларының орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатарынан арнайы жұмыс тобы құрылған.

Комитет төрағасының дерегінше, ағымдағы жылы 1-10 сынып оқушыларының контингенті 3 млн.317 мың баланы құраған. Сондай-ақ, ол ЖАО деректері бойынша 13 мың сауықтыру лагерлері мен алаңдарының, 235 қала сыртындағы лагерьлердің жыл бойы және маусымдық жұмысын ұйымдастыруға болатынын жеткізді.

Оның айтуынша, қолайлы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларда 2 миллионнан астам баланы немесе 1-10 сынып оқушыларының жалпы санының 87,5%-ын, оның ішінде 500 мыңнан астам әлеуметтік осал санаттағы балаларды сауықтырумен лагерьлердегі демалыспен қамту жоспарланып отыр.

«Балалардың қауіпсіздігі-біздің ортақ міндетіміз. 2021 жылғы 1 маусым қарсаңында өңірлерде "қауіпсіз аттракцион" республикалық акциясы басталды, ойын және балалар алаңдары бойынша рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды», - деді комитеті төрағасы.

Шомылу қауіпсіздігі сақталмай тұр

ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, барлық халықтың арасында қауіпсіздік мәселелерін түсіндіру мақсатында оқу орындарында 640 интерактивті сабақ, 880жиын, 89брифинг, радио және теледидар арқылы 1160 сөз сөйлеу, газеттер мен журналдарда 580 мақала жарияландыған. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде су айдындарындағы қауіпсіздік бойынша бейнероликтер дайындалған.

«Бүгінгі таңда 6150 патрульдеу және рейдтер жүргізілді, оған 16 300 қызметкер жұмылдырылды, оның нәтижелері бойынша жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 393 құқық бұзушыға әкімшілік айыппұл салынып отыр», -деді Бауыржан Сыздықов.

Бауыржан Сыздықов өз сөзінде, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жыл басынан бері балаларды қараусыз қалдыру себебінен шомылуға белгіленбеген орындарда балалардың өлімінің 34 жағдайы тіркелгенін айтып өтті. Былтырмен салыстырғанда 67%-ға өсім бар. Былтыр бұл уақытта 21 бала суға кетсе, бұл жылы оның саны көбейіп отырғанын жеткізді.

«Оның ең бірінші себебі - ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы. Екіншісі - тағайындалмаған яғни рұқсат берілмеген қауіпті аймақта шомылуы.Осы екі мәселеге назар аудару керек», -деді ол.

Оның айтуынша, бұл фактілер Түркістан, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген.

Өрт қауіпсіздігі

Сондай-ақ, Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасының пайымынша, екінші маңызды мәселе балалар лагерлері мен демалыс аймақтарында балалардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

«Соңғы 3 жылда республика аумағында өрт салдарынан кәмелетке толмаған 87 бала көз жұмды. Нақтырақ, 2021ж. - 17, 2020ж. - 41, 2019ж. - 29 бала. Улы газбен уланудан өрт туындамай 33 бала қаза тапты. 2021ж. – 5, 2020ж. – 10, 2019ж. – 18 бала», -деді Сыздықов.

Оның дерегінше, жыл сайын республикада балалардың отпен ойнауына байланысты үш жүзге жуық өрт болады. Сондай-ақ, балалар өлімінің негізгі себебі ата-аналардың немқұрайлылығы, олар балаларды қараусыз қалдырады немесе ұйқыда болады.

Өз кезегінде азаматтық қорғау органдарымен өрттердің алдын алу, соның ішінде балалардың отпен ойнауының, жарақаттанудың алдын алу мақсатында және республика бойынша өрт қауіпсіздігі бойынша білімді жақсарту үшін жазғы каникул кезінде келесі іс-шаралар жоспарланған:

·       мамырдан тамызға дейін "Қауіпсіз балалық шақ", "Отсыз демалыс!""Менің қауіпсіз демалысым", " Оттан сақ бол!»;

·       шілдеден тамызға дейін «Сіріңке-бір өмірдің бағасы»;

·       "Өрттің себептері", "Темекіден өрттің алдын алу", "Орман өрттері" тақырыптарына аудиороликтерді күн сайын (шілде-тамыз) трансляциялау»;

·       FM радиостанцияларында өрт қауіпсіздігі ережелерін білуге арналған викториналар өткізу;

·       1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай (мәдениет және білім беру ұйымдарының өкілдерімен) театрландырылған көріністер, спорттық жарыстар, өрт кезінде өзін-өзі ұстау ережелерін білуге арналған викториналар ұйымдастыру жоспарлануда;

Оның айтуынша, балалардың тентектігі себебінен өрттерді алдын алу мақсатында отпен, сондай-ақ қауіпсіз жүріс-тұрыс бойынша білім деңгейін арттыру бойынша 1 211 интерактивті сабақ 19 мыңнан астам баланы қамти отырып 19 жарыс өткізілген.

Сондай-ақ, жас құтқарушылар жасағымен 17 мыңнан астам баланы қамти отырып, өрт-техникалық орталықтарына 738 экскурсия және 400-ден астам Ашық есік күні ұйымдастырылған.

«Алайда, өрт салдарынан жыл басынан бері қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өрт кезінде 17 бала қаза тапты, 17 бала жарақат алды. Улы газбен уланудан, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу нәтижесінде 5 бала қаза тапты», -деді Сыздықов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, өрт кезінде балалардың қаза болуы мен улы газбен улануының өсу себептерінің бірі карантинге байланысты білім беру объектілерінің қызметін шектеуге байланысты олардың өз бетінше жұмыспен қамтылуымен байланысты екен.

Қазіргі уақытта Министрліктің аумақтық бөлімшелері өрт қауіпсіздігі саласындағы ерекше тәртіп бойынша 25 лагерьді тексерген. Тексеру нәтижелері бойынша 171 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылық анықталған. Алдымен басшыларға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Сондай-ақ, лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар, комитет басшысы балалардың терезеден құлап кету мәселесін де атап өтті.

«Ағымдағы жылдың өзінде балалардың терезеден құлауына байланысты 27 жазатайым оқиға тіркелді, оның 5-уі қаза тапты, 10 баланың жағдайы ауыр және 12 баланың жағдайы орташа ауыр», -деді Сыздықов.

Оның айтуынша, ең маңыздысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін баса назарда ұстау керек.

Барлық жаңалықтар