• Басты
  • Жастар тек біліммен бәйгеге түсу керек – Азамат Біржанов
31 Қаңтар, 2020 13:15

Жастар тек біліммен бәйгеге түсу керек – Азамат Біржанов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жастар кадрлық резервіне өткен 300 азаматпен кездескені мәлім. Кадрлық резервке өту үшін 13 мың азамат құжат тапсырған. Олардың ішінде «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Азамат Біржанов та бар. Ол Strategy2050.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында резервке өтпеудің машақаты туралы айтып берді.

Жастар тек біліммен бәйгеге түсу керек – Азамат Біржанов

- Азамат Дулатұлы, өзіңіз туралы айтып берсеңіз, еңбек жолыңыз қандай?

   -      Мен жоғары білімді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде алдым. Университет бітірген соң «Нұр Отан» партиясына қарасты «Жас Отан» жастар қанаты бірлестігінде Ақмола облысы бойынша төраға қызметін атқардым. Ол қызметте 2 жылдай жұмыс істедім. Кейін «Нұр Отан» партиясының саяси бөлімінің кеңесшісі, тағы екі жылдан соң партияның облыс бойынша ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалдым. 2016 жылдан бері «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарып келемін. Менің жасым отызда. Әлеуметтік лифт процесіне өзім куәгермін. Оны менің еңбек жолыма қарап та айтуға болады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, тынымсыз еңбектің нәтижесінде жетістікке жетуге болады.

   - Кадрлық резервке құжат тапсыру шешімі қалай туды? Қандай қиындықтар кездесті?

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасы мен Жолдауында айтылған Президенттік кадрлық резерв туралы көп оқыдым, жан-жақты іздендім. Құжаттарымды жинап, тапсыруға шешім қабылдадым. Құжат тапсыру кезінде ешбір қиындық туған жоқ. Кейбір жастарға ұсыныс жинау кезінде қиындықтар туған шығар. Себебі, ұсынысты тек лауазымды тұлғалар ғана бере алады. Мәселен, аудан, қала әкімдері, мәслихат хатшылары да бар. Олардың барлығы құжат тапсырған әрбір жасқа ұсыныс бере бермейді. Алайда, бұл жастарды шыңдай түседі деп ойлаймын. Себебі, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, ерікті ретінде барлық жұмыстарға қатысқан жалынды жастар көзге түспей қоймайды. Цифрландыру жоғары деңгейде дамыған, барлық құжаттың элетрондық нұсқасын оңайлықпен тапсыруға болады.

   - 300-дің құрамына кіру үшін сізге не жетіспеді деп ойлайсыз? Әлде, іріктеу жүргізген комиссия жұмысына наразылығыңыз бар ма?

   -Менің шалынған тұсым тест болды. Екінші кезеңнен өтпедім. Ешкімге ешқандай кінә артпаймын. Барлығы өзімнен. Себебі, қандай сұрақтар келетінін болжадым, білдім. Бірақ, өз-өзіме сеніп, аса дайындалмадым. Математикадан жақсы көрсеткішке ие болдым. Өйткені, математиканы жақсы көремін. Алайда, логикалық сұрақтардан жаңылдым. Қажетті ұпайды жинай алмадым. Комиссияға дейін жеткен жоқпын. Сондықтан да оларға наразылығым да жоқ.

- Келесі жолы резервке тапсыратын ойыңыз бар ма?

-Әрине, келесі жылы жалғасын тапса, қатысамын. Өз-өзіме сенімдімін. «Қатарыңның алды бол» деген дана сөзді ұранға алып, мақсат етіп отырмын.

- Жалпы, осындай бастамалар ел жастарына керек пе? Қандай септігін тигізеді деп ойлайсыз?

-Бұл бастама жастардың жоғары қызметке тағайындалуына немесе қыруар қаржы табуына емес, әр жасқа өзін сынап, тәуекелге баруға шешім қабылдауға жәрдемдесу үшін қажет. Мәселен, қазір мен тек Ақмола облысы бойынша ғана қызмет атқарып жүрмін. Ал «республика бойынша жұмыс істеуге қауқарым жете ме? Бағымды сынай алам ба?» деген сұрақтарға жауапты осы бастама арқылы алуға болады. Себебі, өз қатарымдағы жалынды жастармен бәсекеге түсіп, бағымды сынауды мақсат етіп отырмын. Жастар тек біліммен бәйгеге түсу керек. Келесі жылы тапсырамын деген үміттемін. Жалпы, Ақмола облысында меритократияға қатты көңіл бөлінеді. Лауазымды қызметте отырған жастар саны жетерлік. Қазір жастарды мемлекеттік қызметке не өзге саладағы лауазымдарға тарту өте қиын. Себебі, жастар бизнеске кетіп жатыр. Алайда, мемлекеттік қызметте сатылап, мансап құрып жүрген азамттар да жетерлік. Ал Президенттік кадрлық резерв әрбір жас азаматқа өзін-өзі көрсетуге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұл- барлық әлеуетіңді қолдану арқылы тартысқа түсіп, бағыңды сынау. Іріктелген 300 азамат әрі қарай ел үшін қызмет етсе, халық үшін аянбай тер төгетін болса, әрине, пайдасы көл-көсір болатын еді. Жастар ортақ мүддеге топтасып, оны қорғамаса, іске асырмаса келесіде қиын болады. Ал осы өткен жастар әрі қарай дамып, жұмысты арттыра түссе, нұр үстіне нұр болатын еді. Тәуелсіздік жылдарынан кейін жастардың көп бөлігі «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білімін шыңдады. Елімізге келіп жұмыс істеп жатыр. Елде жастарға көп көңіл бөлініп жатыр. Республиканың әр түкпірінде білімді, ынталы жастар көп. Осы сынды жастардың сыртқа шығуына кадрлық резерв керемет мүмкіндік деп ойлаймын.

-Сұхбатыңызға рақмет!

Аягөз Құрмаш

Барлық жаңалықтар