• Басты
  • Жастар резерві – жаңа мүмкіндіктер платформасы
4 Қазан, 2019 15:10

Жастар резерві – жаңа мүмкіндіктер платформасы

Қазір кезеңде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын іске асыру міндеті қойылып отыр. Бұл мемлекеттік басқару саласына тың серпіліс бермек. Өйткені, билік пен қоғам арасындағы диалог сыртқы геосаяси ахуал мен ішкі дамудың үйлесімін қамтамасыз етеді. Қоғамдық сұраныстарға жауап беру үшін ашықтық пен әділеттілік принциптерінің орнауы туралы жиі айтылып келеді. Осы орайда қоғамның қозғаушы күші саналатын жастарды қолдау, мемлекет ісіне жұмылдыру бойынша биылғы Жастар жылында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.  

Жастар резерві – жаңа мүмкіндіктер платформасы

Кез-келген мемлекеттің дамуы оның азаматтарының әл-ауқаты, денсаулығы және білімінің деңгейімен бағаланатыны рас. Әлемдегі жетекші экономикалар адами капиталдың үлесімен өркендеуге қол жеткізіп отыр. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2018 жылғы Жаһандық бәсекелестік индексінде Қазақстан 140 мемлекеттің ішінде 59 орынды алды. Оның ішінде білім деңгейі бойынша 40-орын(0,814), адами потенциалдың дамуы бойынша – 58-орында(0,800). ҚР Қоғамдық даму экс-министрі Д.Қалетаевтің айтуынша, Жаһандық жастардың даму индексінде Қазақстан 183 мемлекеттің арасында 61 орында

 

   1 сурет.jpg

Жастар жылында қазақстандық жастардың дамуы үшін қабылданған бірқатар бағдарламаны атап өтуге болады. Түпкі мақсат – адами капиталды дамыту, заманауи қазақстандық жастарды қалыптастыру. 2019 жылдың басында Жастар жылын өткізу бойынша арнайы іс-қимыл жоспары - Жол картасы дайындалды. ҚР Үкіметінің 02.04.2019 № 153 қаулысымен бекітілген, 4 бағыт, 89 пункттен тұратын құжатта тірек іс-шаралар, жаңа бастамалар, үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қолдау және мемлекеттік органдар өткізетін шаралар қарастырылған. Оның ішінде жастардың ауқымды бөлігін қамтыған бірнеше бағытты атап өтсек:

- Жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыруды жыл сайын 3 млрд. теңгеге ұлғайтып, 2020-2022 жылдары 9 млрд теңге бөлу жоспарланған. Конкурстың мақсаты – 40 жасқа дейінгі ғалымдардың ғылыми-зерттеу бастамаларын ынталандыру. Жас ғалымдарға мұндай масштабтағы қолдау алғашқы рет ұсынылып отыр. Конкурстың ережесі бойынша 7 басым бағыты мен мамандандырылған тармақтары анықталды.  Конкурстық құжаттарды тапсыру www.is.ncste.kz ақпараттық жүйесі арқылы барынша оңтайландырылған. Оған жауапты «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-сараптамалық орталығы» АҚ порталында 2019 жылдың 22 тамызына дейін барлық құжаттар қабылданды.

2 сурет.jpg

 

- Сонымен қоса, 2019-2021 жылдары жас мамандар үшін жыл сайын үш қалаға (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) жалға берілетін пәтерлер салуды қамтамасыз ету, осы мақсатқа республикалық және жергілікті бюджетпен бірге 21 млрд 600 млн теңге  қаражат бөлу көзделген.  Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін түрғынжай беру қағидалары 2019 жылғы 5 қыркүйектегі ҚР АҚМ бекіткен қағидада көрсетілген. Яғин, 29 жасқа толмаған, орта, кәсіптік және жоғарғы білімі бар, еңбек етуші азаматтар қатысады. Биылғы жылы конкурстың құжаттары балдық жүйеге сәйкес бағаланады. Халық көп шоғырланған Нұр-Сұлтанда - 1050 пәтер, Алматыда - 1050 пәтер, Шымкентте - 904 пәтер беріліп, ай сайынғы жалдау ақысы 10-12 мың шамасында болмақ. Бұл жұмысшы жастардың 5 жыл көлемінде өз пәтерін сатып алуға қаражат жинастырып, әлеуметтік мәселесін жеңілдетуге үлкен мүмкіндік береді. Дегенмен, пәтер кезегінде тұрған жастар саны да аз емес. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Т.Рахманбердінің айтуынша, қалада 14-29 жас аралығындағы 245 мыңнан аса азамат бар. Құжаттарды қабылдау қараша айында «Smart Astana» алаңында толығымен электронды жүргізіліп, желтоқсан айында пәтер кілттері табысталады.

- «Жол Картасына» енбеген, бірақ осы жылғы жастар ғана емес, мемлекет үшін ең маңызды жобаның бірі – ҚР Президентінің жастар кадрлық резерві. Бұл жобаның мақсат-міндеті ҚР Президентінің 2019 жылғы  27 тамыздағы №  141  Жарлығымен бекітілген Ережеде көрсетілген

Кадрлық резервтің жұмысын 6 адамнан тұратын ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссия жүзеге асырады. Барлық ақпарат құралында жарияланғандай, резервке 35 жастан аспаған, жоғарғы білімі және 5 жылдан кем емес еңбек өтілі бар азаматтар алынады.

 

Безымянный.jpg

   Қатысушылар www.pkrezerv.kz порталында өздерінің жеке мәліметтерін, атап айтқанда: жеке куәлігі, ЖОО дипломдарын, 5 жыл жұмыс өтілін растайтын құжаттардың көшірмелері, сондай-ақ жұмыс орны басшылары және лауазымды қызмет иелерінен ұсыныс хаттар жүктеді. Талапқа сәйкес, кандидаттар өздері туралы қысқаша ақпарат және видеосәлемдеме жүктеуі қажет. Аталған порталға жалпы саны 13208 адам тіркеліп, оның 7312-і тіркелуді толық аяқтады. Яғни, байқау барысында 1 орынға шамамен 24 үміткер өзара біліктілік сынасады. Тіркеуден кейінгі іріктеу 5 кезеңнен тұрады. Оның ішінде қабілеттерді тестілеу, тестілеуді верификациялау, жобаны ұсыну, эссе жазу онлайн жүргізілсе, тек әлеуетті бағалау мен сұхбат кезеңі үміткердің жеке келуімен өтеді. Соңында 2019 жылы 25 желтоқсанда үздік 300 қатысушыға Президенттік резервке қабылданғаны туралы хабарланады. Айрықша жобаның электронды форматта ұйымдастырылуы алыс аймақтардағы жастарға қолайлы болып отыр.

   5.jpg

Резервті қалыптастыру қағидасына сәйкес, қабылданған азаматтар:

·        салалық лауазымнан: ҚР министрлері, олардың орынбасарлары; облыс әкімдерінің орынбасарлары; орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары; ұлттық басқарушы холдингтердің төрағалары;

·        өңірлік лауазымнан: облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері; осы қалалардағы аудандардың әкімдері;

·        басқарушылық лауазымнан: орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары; аппарат басшылары, комитет төрағалары, хатшылықтарының басшылығына тағайындала алады.  

Дегенмен, Мемлекеттік қызмет агенттігінің басшылығы айтқандай, Кадрлық резервке қабылдану міндетті түрде жауапты қызметке тағайындалуды білдірмейді. Кандидаттар берілген 5 жыл аралығында ҚР Президенті жанындағы басқару академиясында кәсіби біліктілігін арттырып, алдымен орынбасарлық қызмет тәжірибесінен өткен соң, басшылық лауазымға тағайындалуы мүмкін. Қалай болғанда бұл еліміздің 35 жасқа дейінгі азаматтарының карьералық өсуіне ашық және әділетті тікелей жол деп айтуға болады. Сарапшы Исламбек Дастанның айтуынша, Жастар кадрлық резерві өз кәсібі ретінде мемлекеттік қызметті таңдайтын азаматтар үшін жақсы импульс береді. Бірақ конкурс талабындағы басшылықтан ұсыныс хат алу қазіргі жастардың менталитеті мен критерийіне сәйкес келмейді деп санайды.

Биылғы жылы 6 тамызда Назарбаев орталығында өткен жас ғалымдармен кездесуде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы А.Жайылғанова жедел шешім қабылдап, заманауи өзгерістерге тез бейімделетін жаңа формациядағы басшылар құрамын жасақтау мақсатында әлемдік жетекші оқу орындарында PhD тәмамдаған, халықаралық және трансұлттық корпорацияларда жұмыс тәжірибесі бар азаматтарды мемлекеттік қызметке конкурстан тыс қаьылдау туралы айтқан еді.Бұл да мемлекеттік қызмет жаңа көзқарастағы мамандармен толықтыруға өз септігін тигізеді.

2019 жылы 3 қазанда ҚР Парламенті Сенатының отырысында Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары бойынша комитеттің отырысында да «ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы екінші оқылымда бекітілді. Мемлекеттік қызмет саласын модернизациялау бойынша конкурстық процедураларды жеңілдету, жетекші әлемдік оқу орындарында докторантура бағдарламасы бойынша оқыған және халықаралық ұйымдарда тәжірибесі бар азаматтарды конкурстан тыс мемлекеттік қызметке алу, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселелері бекітілген.  Осы бағытта отандық ЖОО тәмамдаған докторанттардың потенциалына да көңіл бөлу қажет деп есептейміз.

Үкімет мемлекеттік қызметті реформалауды оның санын қысқартып, сапасын арттыру арқылы жүзеге асырмақ. 2020 жылдан мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқарып, 2024 жылға қарай қысқару саны 25 пайызға жетуі тиіс. Қазіргі уақытта нақты жұмыс істеп жатқан 90 мыңнан астам мемлекеттік қызметші болса, оның 22 мыңнан астамы жас мамандар екен.

Халық үніне құлақ асатын мемлекет – заманауи тиімді мемлекет құру бағытындағы жаңа концепция. Ол азаматтардың сұранысына оперативті және конструктивті жауап берудің жолы дейтін болсақ, Жастар кадрлық резерві - осы мақсатқа сапалы және уақытында жетудің құралы. Жалпы, Жастар жылы шеңберінде «Жастар елі тірегі», «Жас кәсіпкер» «100 жаңа есім» сынды бірқатар маңдайалды жобалар да бар. Келесі Волонтерлер жылына орай, Үкімет волонтерлік қызметпен белсенді айналысатын ЖОО-ның студенттеріне стипендия мөлшерін 30 %-ға арттыруға 7 млрд 200 млн теңге бөлгелі отыр. 

Республикадағы мәслихаттардың келесі сайлауы партиялық тізім бойынша өткізіліп, оған жастарды көбірек тарту мақсаты да қойылды. Осы шешімдердің барлығы мемлекеттік басқару саласын реформалауға, талантты жастарды мемлекеттік қызметке жұмылдыруға, оның әділетті және ашық болуына септігін тигізеді. Қалай болғанда жастар саясаты мен тәрбиесінде биыл науқаншылдық емес, нақты істерге көп бөлінгендігіне көз жеткіземіз.

Олжас Бейсенбаев 


 

 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды