• Басты
  • Жастарға балық берудің қажеті жоқ, қармақ берсе де жетеді– Н.Наурызбаев
30 Қазан, 2019 18:45

Жастарға балық берудің қажеті жоқ, қармақ берсе де жетеді– Н.Наурызбаев

«Жастар қызметкерлері қауымдастығының» төрағасы Нұрлыбай Наурызбаев Жастар жылы аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен мемлекеттік қолдау туралы Strategy2050.kz ақпарат агенттігіне айтып берді.


Жастарға балық берудің қажеті жоқ, қармақ берсе де жетеді– Н.Наурызбаев
«Жастар жылы аясында Жастар қызметкерлері қауымдастығы бірқатар шараларды жүзеге асырып жатыр. Мәселен, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Жаса» атты  жастар бастамаларын қолдау жобасы іске асырылды. Осы жоба аясында біздің тарапымыздан 68 жас қызметкер дайындалды. Олар жастарға шеберлік сыныптарын қалай өткізу керек, жастар бастамаларына қалай қолдау керектігін үйретеді. Оларды үш деңгейлі оқытудан өткіздік», - деді ол.

Сонымен қатар, Н.Наурызбаев жастардың аулалары мен тұрып жатқан жерлерін одан әрі дамыту жөніндегі урбанистикалық бастамаларын қолдау бойынша байқау өткізілгенін айтты.

«Аталмыш байқауға 2500 астам жас қатысты. Оның ішінде 650 баланы таңдап алып, оларды оқытудан өткіздік. Қазір 600-ден астам жас «100 жастар бастамалары» тобына бірігіп, жобаларын ұсынды. Олар қазір шағын жобаларын жүзеге асырып жатыр.Ол өз аулаларын дамыту, саябақтар мен шағын парктерді ұйымдастыру сынды жұмыстарды қамтиды. Осы істерді жүзеге асыру үшін біз 600 мыңнан астам қаражат береміз. Оның 200 мыңы оқуға, ментерлік бастамаларды қолдауға бағытталса, 400 мың тікелей жобаны жүзеге асыруға бағытталған», - деді ол.

Оған қоса, Н.Наурызбаев айтып өткендей, биыл Атырау облысының әкімдігінің қолдауымен Атырау облысында екі ауқымды жоба іске асырылып жатыр.

 «Жоба аясында Атырау аймағындағы барлық жастарды қамти отыра, 2000-ға жуық жасқа өмірлік дағдыларды дамытуды оқыту қарастырылып отыр. Ол көшбасшылық, командада жұмыс жасай білу, қаржылық сауаттылық, белсенді азаматтылық сияқты дағдылар. Осы дағдыларды үйрету үшін облыс бойынша 170-тен аса тренер жасақталды. Олар 4 айлық 4 деңгейден тұратын оқытуды жүзеге асырады. Сондай-ақ, тағы бір жоба облыстағы 7 аудан мен бір қаланың 8 жастар ресурстық орталығын 6 айлық курстан өткізіп, оларға әдістемелік материалдар әзірлейміз. Жаңа жұмыс тәртібін әзірлеп, іске асыру мақсаты қойылып отыр», - деді Н.Наурызбаев.

Сонымен қатар, ол үкіметтік емес ұйым ретінде мемлекет көрсететін қолдау туралы айтып өтті.

«Біздің бастамаларға қолдау көрсетіледі. Жылдың басында БҰҰ Балаларды қорғау ЮНИСЕФ Қазақстанмен бірлесіп, Жастар ресурстық орталықтарына зерттеу жүргізген болатынбыз. Ол зерттеудің нәтижесінде ЖРО-ның жаңа үлгілік ережелерінің құжатының жобасын дайындап, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істер комитетіне тапсырған болатынбыз. Қазір Комитет ережені қабылдау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. «Балалар және кәсіпкерлік», «Жаса» жобалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобалар жетерлік», - дед ол.

 Сондай-ақ, жас маман Жастар жылы аясында жастарды қолдауға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Жастарды қолдау әрқашан қажет. Қолдау қандай болады, соған байланысты. Жастарға әркез тек қаржылай қолдау көрсету міндетті емес. Мәселен, жастардың бастамаларын жүзеге асыру кезінде дұрыс қолдай білуіміз керек. Елде, шетелде бар мүмкіндіктер туралы ақпараттандыра білуіміз керек. Кейін білім беру бағдарламалары мен курстар, семинарлар өткізіп, олардың білім, дағды, құндылықты қасиеттерін дамыту жөніндегі шаралар кешенін іске асырсақ, оның өзі бір қолдау болмақ. Сондықтан да, балық берудің қажеті жоқ, қармақ берсе де жеткілікті.Оссындай тетіктер арқылы бастамаларын іске асыруды сүйемелдеу қажет деп ойлаймын. Себебі, кез келген жас өзінің жобасын іске асырса, мемлекеттің қолдауын көреді, тәжірибе керек. Осы тәжірибені жастарға бере алуымыз керек», - деді ол.

Н.Наурызбаев жастар жаңашылдыққа жақын тұратынын да атап өтті.

«Қолдауға әртүрлі қарауға болады. Алайда, қолдау әрқашан қажет. Себебі, балалықтан ересек кезеңге өту кезінде жастарға психологиялық қолдау да қажет болып жатады», - деп түйіндеді ол.

Аягөз Құрмаш 

Барлық жаңалықтар