• Главная
  • Жасотандықтардың жаңа бағдарламасында қандай жаңашылдық бар
15 сентября, 2020 17:11

Жасотандықтардың жаңа бағдарламасында қандай жаңашылдық бар

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев ұйымның 2025 жылға дейінгі бағдарламаларымен таныстырып, жастар арасындағы жұмыссыздықты жою, тұрғын-үй мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.


Жасотандықтардың жаңа бағдарламасында қандай жаңашылдық бар

«Жас Отан» жастар қанатының құрамына 106 мың азамат бар. Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, 2025 жылға дейін құрылған бағдарлама «Жастар - Отанға!» деп аталады. Жоба жастардың қызығушылығын тудырған. Бағдарлама барлық санаттағы жастарды қамтиды.

«Жастар-Отанға» бағдарламасында 5 негізгі бағыт бар. Олар: азаматтық белсенділік, сапалы білім, жұмысқа тұру, жас отбасыларын баспанамен қамту, тұлғалық даму және бос уақытты тиімді пайдалану. Бұл бағдарлама жасалмас бұрын «Жас Отан» мүшелері республика бойынша онлайн және офлайн режимде 200-ге жуық кездесу өткізген. Кездесулер нәтижесінде жастар тарапынан 3765 ұсыныс түсті. Сонымен қатар jasotan.kz сайтында бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралармен нақты көрсеткіштер көрсетілген 216 жол картасы жарияланды, - деді ол.

Бағдарлама алдында жастар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілген. Канада, Германия секілді елдердің жастар саясатын қолдау бойынша тәжірибелері зерттеліпті. Сондай-ақ БҰҰ жастарды қолдау стратегиясы да бағдарламада назарға алынған. Мемлекет басшысының Жолдауда жастарға қатысты айтқан мәселелері де қамтылды.

Белсенділердің айтуынша, бұл жаңа «Жастар-Отанға!» бағдарламасы аясында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігі туалды. мүмкін болады. Бағдарламаның негізгі бағыты – жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру тетіктерін дамыту мен жастар кәсіпкерлігін қолдау. Жасотандықтар алдағы 5 жылда жастар арасындағы жұмыссыздықты 3,7% - ға дейін, ал NEET үлесін 6,8% - ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.

«Жас Отан» төрағасының айтуынша, әрбір жас қазақстандықтың басында бар проблема ол - баспана

Қазақстан жастарының ішінде тек 1/5 бөлігі ғана өз баспаналарында тұрады. Сондықтан жастардың баспана сатып алуға қолжетімділігін кеңейту бағдарламаның басым бағыттарының бірі. Қазір мемлекет берген мүмкіндіктердің ішінде «7-20-25», «Нұрлы жер», «Жас отбасы» бағдарламалары бар. Бірақ бастапқы жарна мен табыс деңгейіне келгенде көбі өтпей қалып жатады. Жастар жалақысы төмен жұмыстарда істейді. Сәйкесінше ақша жинап үлгермейді, - деді ол.

Төрағаның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар желісі бойынша жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламалары жоқ. Өңірлердегі мәдени демалыс мәселелеріне қатысты да қиындықтар бар.

Мәселен, кей өңірде кітапханалар аз, басқаларында олардың саны ондаған есе көп, спорт кешендерімен, стадиондармен және коворкинг орталықтарымен де жағдай солай. Ауылдарда да, қалада да жастар демалысына арналған мекемелер аз. Жол карталарында ауыл жастарына ерекше көңіл бөлінген. Ауылдық жерлерде жалпы 450 мың адамға есептелген спорт нысаны салынады. Ал қазақстандық студенттердің 1/4 бөлігі жатақханамен қамтамасыз етіледі», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Жасотандықтар білімді жастарды еліміздің саяси және қоғамдық өміріне қатысуға үндеді. Қазіргі таңда республика бойынша мәслихаттарда 96 депутат. «Жасотандықтар олардың санын арттырғылары келеді. Сол себепті жастардың еліміздің саяси өміріне көптеп қатысуына жағдай жасау керек - деп есептейді белсенді жастар.

Жастар саяси және қоғамдық өмірге, сондай-ақ елді жаңғыртуға белсенді араласулары керек. 2020 жылы «Сайлау туралы заңға» түзетулер енгізілді. Әйелдер үшін 30% және жастар үшін 20% міндетті квота белгіленді. Қазір белсенділер көбінесе білім беруге, оның ішінде білім сапасын арттыру мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне бағдарлауға көңіл бөлуде. Көптеген университеттерде болашақта сұранысы жоқ мамандықтар оқытылады. Ал жаңа сұранысқа ие мамандықтар аз. Қала және ауыл мектептерінің арасында білім сапасындағы алшақтық мәселесі бар. Жалпы, бағдарлама 2,5 миллион жастарға көмектесуі керек, - деп қорытты «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы.