• Главная
  • Бұқаралық спортты дамыту саласының проблемалары талқыланды
14 сентября, 2020 18:55

Бұқаралық спортты дамыту саласының проблемалары талқыланды

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіннде өткен брифингте жасөспірімдер спортын дамыту саласындағы проблемаларды, пандемияның спорт нысандарын салу жоспарына әсері туралы айтылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі


Бұқаралық спортты дамыту саласының проблемалары талқыланды

Жасөспірімдерді спортқа баулу саласындағы басты проблема – Қазақстанның кейбір мектептерінде спорт залының жоқтығы. Мектеп спорты федерациясының өкілі Әлия Түсіпбекованың айтуынша, елімізде 2 мыңға жуық мектептің оқушылары үшін спорт залдары арман.

Қазақстандағы спорт үйірмелеріне оқушылардың бару көрсеткіші төмен. Нақтырақ, әлемнің орташа көрсеткішімен салыстырғанда 4 есе аз қамтиды. 1970 мектепте спорт залы тіпті жоқ. 1991 жылдан бері елде 9 мың спорттық құрылым мен мектептерге тиесілі спорт нысандары салынды. 1998 жылдан бері 2 мыңнан аса спорт нысаны бой көтерді. Қазіргі таңда, өкінішке орай, 31 %-ы дене шынықтыру кешенінің жағдайы мәз емес. Спорттың нақты түрлері бойынша жаттығу өткізу үшін спорт мамандары мен қажетті құралдар жетіспейді. Ал ауылдық жерлерде бұқаралық спорттың дамуы тіпті төмен. Ауыл мектептерінде тіпті доп жоқ, - деді Әлия Түсіпбекова.

Спикер «Мектеп спорты» федерациясының осындай 1000 мектепке баскетбол, волейбол және футбол доптарын таратқанын айта кетті. Және мұндай шара жыл сайын ұйымдастырылатынын айтты.

Әлия Түсіпбекованың мәлімдеуінше, аталмыш федерация аймақтардағы мектептерге ұсыныс тасталған хат жолдаған. Алайда, жауапты тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының білім беру ұйымдарының басшылығынан жауап алған.

Ақтөбе облысы «жаңашылдық керек емес» деп хатты қараусыз қалдырды. Жамбыл облысы да сол. Балаларды спортқа тарту үшін конструктивті диалог пен нақты шешімдер қажет. Алдымен басшылармен жұмс жасау керек. Спорт секцияларын ұйымдастыруда олар қабылдаған шешім маңызды. Осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз, алайда осындай проблемалар бар», - деп Әлия Түсіпбекова спортты дамытқысы келмейтін аймақтардағы мектеп басшылығын сынға алды.

Спикердің ақпаратына сенсек, Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің 1/3 ғана белсенді өмір салтын ұстанады, ал әскерге шақырылуға дейінгі жастардың 40%-ы денсаулығының нашар болуына байланысты әскери тексеруден өтпей қалады. Оқушылардың дене шынықтыруға қызықпауы табиғи түрде созылмалы аурулардың өсуіне, жарақаттануға әкеледі және олардың физикалық даму деңгейіне әсер етеді. Спортты сүймеген балалардың көбісінің жыл өткен сайын көру қабілетін де төмендей береді.

1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби спорт клубтарын мемлекет есебінен қаржыландыруды доғарып, бұқаралық спорт пен балалар, жасөспірімдер спортын дамыту туралы айтқан болатын. Тоқаев салауатты өмір салтының басымдығын қайталады. Сондай-ақ оның тапсырмасымен жыл басында алдағы бесжылдыққа арналған дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Енді акцент кәсіпқой спорттан балалар мен жасөспірімдер спортына ауысады. Спорт қоғамдастығы осындай хабарды зор ынтамен қабылдағанға ұқсайды.

Осы брифингте ҚР МСМ «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу - әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК директоры Абзал Мыхыбаев салауатты өмір салтын белсенділік немесе дене шынықтыру арқылы насихаттау және дәріптеу аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.

Президент нақтылаған бағыттарда атқарылып жатқан жұмыс жетерлік. Соның бірі «Бұқаралық спорт - белсенді ел кепілі» атты жоба жүзеге асырылды. Ол интернет, әлеуметтік желілер және теледидар арқылы таратылады. Белсенді өмір салтын насихаттайтын belsendiel.kz сайты жұмыс істейді. Мұнда оқырмандарға жаңалықтардан өзге, дене белсенділігінің пайдасы, оның формалары, әдістері мен құралдары туралы пайдалы кеңестер мен және ғылыми негізделген ақпарат ұсынылады. Абзал Мыхыбаевтың мәлімдеуінше, сайттағы ақпарат барлық жастағы азаматтарға, оның ішінде балаларға, ересектерге, зейнеткерлерге және отбасыларға арналып, бөлімдерге бөлінген.

Сайттағы басты ерекшелік – спорттық нысандар картасы. Осы картаның көмегімен кез келген адам өзінің тұрғылықты жеріне жақын маңда орналасқан спорт зал немесе спорт кешенін тауып, олар туралы бар ақпараты алады. Қазір картаның үштен бір бөлігі ғана толтырылды. Жыл соңына дейін картаны тұгел қамтып, бқл істі соңына дейін жеткіземіз, - деді сала басшысы.

Бұқаралық спортты дамытудың басым бағыты ауылдық жерлерде спортты дамыту еді. Соған орай, республиканың ауылдық округтерін спорт нұсқаушыларымен қамтамасыз етуді мақсат еттін. Қазір аталған мамандар контингенті үшін әдістемелік құралдар әзірленуде. 2021 жылы олардың біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.

«Ұлы Дала скауттары» ҚБ бас хатшысы Ильдар Катеновтың пікірінше, бұқаралық спортты дамыту үшін оны бизнеске айналдыру керек.

Баланы қызықтыру үшін оған үлгі болуымыз қажет. Ата-аналар өздері спортқа қызықпайды немесе уақыты жоқ. Сосын қайдан спортқа барсын?! Біз балалардың қарапайым аула ойындарын білмейтінін, өзара қарым-қатынас орнату дағдылары жоқ екенін, не туралы әңгімелесіп, не ойнау керектігін де білмейтінін көріп жүрміз. Аула клубтары болуы қажет, бірақ тегін емес. Тегін нәрсе қашан да сапалы емес, нәтиже жоқ. Біз тегін дүниенің қадірін білмейміз. Тегін болса, бала да, ата-ана да сабақ жүйесін құра алмаған жаттықтырушының жұмысына жауапсыздықпен қарауы мүмкін, - деді.

Катенов бұқаралық спортты дамытуға бизнес өкілдерін шақыру керек деп есептейді.

Бизнес өкілдері Үкіметтің өзі осы бағытта жұмыс жатқанын білсе, олар да араласады. Бәсекелестік болады. Жүйе орнайды. Бала кейде спорт түрін емес, оның көңілін аулаған жаттықтырушыны таңдайды. Бәсекелестік орта болған кезде жақсы кадрлар да болады. Клубтар субсидиялар мен үздік жаттықтырушыларды қабылдауға қызығушылық танытады. Сондай-ақ, мектеп спортын дамытуға болады. Жаңа ғимараттар салу қаржы мен уақытты талап етеді, ал мектептерде бәрі бар. Бала да үйреншікті мектебінде өзін жайлы сезінеді. Әдетте мектептер оның тұрғылықты жеріне жақын орналасады. Мектеп командаларын дамыту керек, бұрынғыдай «Алтын шайба», «Былғары доп», жеңімпаздарды біліп жүрсін деп олардың суреттерін баннерлерге орналастыру керек», - деді скауттар өкілі.

Баспасөз мәслихатына Олимпиада чемпионы, “Тарлан батырлары” ЖШС директоры Артаев Бахтияр та келді. Ол мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасын орындау аясында спорт кешендері көбейетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл елдегі жаңа бағыт, жаңа бағдарлама мемлекеттік жеке меншік серіктестік шеңберінде жүзеге асырылады.

Жаңа бағдарлама бойынша мемлекеттен алынған субсидия балаларды спортқа тегін баулуға мүмкіндік береді.Спорт кешендерінде барлық жағдай жасалған. Күн сайын 300-500 бала тек бір ғана спорт түрімен емес, 6 спорт түрінен жаттыға алады. Қазіргі кезде спорт орталықтары бес өңірде ашылды. Бұл жұмыстар пандемияға қарамастан жалғасын тауып жатыр, - деді Б.Артаев.

Мұндай спорт орталықтарында қоғаммен қарым-қатынас орнату, күш-қуатты қалай жұмсау қажеттілі туралы ақпарат беретін тәрбиелік сағаттар да өткізіледі.

Фото:  ашық дереккөз