• Басты
  • Жанкент қалашығының аумағында археологиялық парк салынбақ

Жанкент қалашығының аумағында археологиялық парк салынбақ

12 Тамыз, 2020 15:20

Жанкент қалашығының аумағында археологиялық парк салынбақ, деп хабарлады Strategy2050.kz

Жанкент қалашығы – Қазақстанның ортағасырлық тарихын, соның ішінде түркі-оғыз тайпаларының тарихын зеттеуде тірек ескерткіш болып табылады. Бұл ескерткіш 2005 жылдан «Халықаралық Жанкент археологиялық экспедициясымен» зерттеліп келеді. Археолог, тарихшы, остеолог, топырақтанушы, архитектор, геофизик, т.б. ғалымдардан құралған экспедиция кешенді археологиялық және пәнаралық зерттеу әдістерін пайдаланып келеді. Айта кететін жайт, облыстық бюджет есебінен Жанкент қалашығындағы қазба жұмыстары 2014 жылдан бастап Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан жүргізілуде.

photo5303164595214593737.jpg

Жанкент қалашығындағы 2016-2020 жылдары бірлесіп жүргізілген ғылыми-зерттеулерінің нәтижелері, қалашық аумағында аспан асты музейін ұйымдастыру, ескерткішті сақтап қалу және қайта-қалпына келтіру жұмыстары таныстырылып, алдағы уақытта облыс аумағындағы археологиялық ескерткіштерді қала типтес ескерткіштерде қазба және барлау жұмыстарын жүргізу, мониторинг, сараптама жасау, өңірдің ішкі туризмін дамыту және туризм картасына ескерткіштерді қосу, археологиялық парк қалыптастыру туралы өзекті мәселелер бағамдалды.

photo5303164595214593740.jpg

Биылғы қазба маусымында археологиялық зерттеулермен қатар, архитектуралық құрылыстарды тұмшалау, қайта қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынған. Мысалы, ескерткіш цитаделінің солтүстік қорған қабырғасында 5 мұнарасы аршылып, мезгілді жауын-шашыннан қорғау мақсатында сырты саман жабындымен жабылды.

photo5303164595214593738.jpg

№1 қазбада орналасқан үйдің орны қалпына келтірілді. Жалпы бұл қазбаның аумағы көлемі 400 шаршы метрге жуық болатын темір жабындымен жабылған. Үйдің үш тұрғын бөлмесінің қабырғалары жергілікті халықтың құрылыс әдісіне айналған «каркасты» әдіспен көтерілді. Бөлмелердің төбесі пашынмен жабылып, бөлме ортасына терезесі орнатылды. Бөлмелердің ішіне ер және әйел адамның, баланың мүсіндері дайындалып қойылды. Осылайша, Жанкентті зертеушілер қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын қайта жандандырды.

Аталмыш жұмыстардың нәтижесінде, ескерткіш аумағындағы үй-жайлардың, бөлмелердің жақсы сақталғандығын байқаймыз. Жанкентті зерттеуші ғалымдардың пікірінше, келешекте осы бағыттағы жұмыстар Жанкент қалашығының аумағында археологиялық паркті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Барлық жаңалықтар