• Басты
  • Жамбылдықтар қой етін экспорттауға үлес қосады
28 Қараша, 2019 18:19

Жамбылдықтар қой етін экспорттауға үлес қосады

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры қой шаруашылығын қолдауға бағытталған несиелеу бағдарламаларын жүзеге асырады. Жеңілдікпен берілетін несие қаржыға шағын шаруашылықтар ірі қара, ұсақ мал, жылқы, құс, бал араларын сатып алады. Өңірлерде де бұл бастамаларды белсенді қолданатын шаруа қожалықтары бар, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Жамбылдықтар қой етін экспорттауға үлес қосады

Мәселен, Жамбыл облысында қой шаруашылығымен айналысатын қожалықтар көп.

   Солардың бірі Жуалы ауданы, Күреңбел ауылында тұратын «Диас» шаруа қожалығының басшысы Мөлдір Байсақалова Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие рәсімдеп, қой шаруашылығымен айналысуға мықтап кіріскен.

 Қордың несие шарттары мен талаптары оңай және жеңілдік мерзімі бар, дейді шаруа.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 6,5 жылға 6 процентпен 10 млн теңге несие рәсімдеп, оған 260 бас қой мен 9 қошқар және малдың жем-шөбін сатып алдым. Екі адамға жұмыс беріп отырмын. Өзім 2008-жылы қаржыгер мамандығы бойынша жоғары білім алғанмын. Бірақ, кеңседе жұмыс істегеннен гөрі шаруашылықпен айналысқанды жөн санап, іске кірісіп кеттім. Негізі, малда береке бар», - деді М.Байсақалова.

 Сонымен қатар, кәсіпкер әйел «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген сөзді ұранға алып, еңбегінің жемісін көріп жүргенін айтады.

 «Сол айтқандай, қой шаруашылығы мол табыс табуға болатын сала деп есептеймін. Әрине, мал бағу, өсіру деген қажырлы еңбекті қажет етеді. Әр жұмыстың өз бейнеті бар, соған орай зейнеті де болады. Сондықтан, жұмыстан қорықпау керек, деп ойлаймын. Адал еңбекке не жетсін? Алдағы уақытта осы малымды көбейтіп, етін экспортқа шағырсам, деген жоспарым бар. Қордың несие шарттары мен талаптары көңілімізден шығады. Биыл Қордың құрылғанына 25 жыл толып отыр екен. Құттықтаймын, осы салада жұмыс істеп жатқан барлық азаматтарға мол табыс, зор денсаулық тілеймін!», - дейді қожалық басшысы Мөлдір Байсақалова.

Сонымен қатар, шаруашылық басшысы Мөлдір Байсақалованың қолында ет экспортымен айналысатын «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС-мен жасасқан қой етін тапсыру келісімшарты бар.

 Яғни, таяу уақытта «Диас» шаруа қожалығы қой еті экспортына үлес қосады.

Ал, Жамбыл ауданының Ерназар ауылындағы жеке кәсіпкер Ақжол Теңгебаев Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Жамбыл облысындағы филиалынан несие рәсімдеп, қой шаруашылығын дамытуды қолға алған.

«Қор беретін жеңілдік мерзімі біз сияқты шаруаларға үлкен көмек.Мен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Игілік» бағдарламасы арқылы 6 процентпен 6,5 жылға 4 млн теңге несие рәсімдеп, оған 110 бас қой мен 4 қошқар және мал азығын сатып алдым. Қазір қысқа дайынбыз», - деді ол.

Оның айтуынша, малды қыстан аман-есен алып шығып, көктемде төлдету мақсаты тұр.

«Ауылда тұрғаннан кейін малмен айналысу керек. Бұрынғыдай емес, қазір мемлекеттік қолдаулар бар, соны пайдалана білу керек. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры беретін несиенің шарттары мен талаптары қиын емес және жеңілдік мерзімі бар. Ол біз сияқты шаруаларға үлкен көмек. Ауыл кәсіпкерлерін қаржылай қолдап келе жатқан Қордың құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр екен. Осы Қорда жұмыс істейтін барлық қызметкерлерді 25 жылдық мерейтойларымен құттықтаймын. Еңбектері жемісті, жұмыстары табысты болсын!», - дейді Ақжол Теңгебаев

 Айта кетсек, биыл Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Жамбыл облысындағы филиалы «Сыбаға» бағдарламасымен 58 шаруаға 588 млн 897 мың теңге несие беріп, оған 17 702 бас қой сатып алынды. Бұған қоса «Еңбек» бағдарламасы аясында «Игілік» несие өнімі арқылы да қой сатып алу үшін 316 шаруаға 1 млрд 62 млн 455 мың теңге несие берілді. Бұл қаржыға 30 363 бас қой сатып алған шаруалар қораларын малға толтырды. Әлі де қой шаруашылығымен айналысу үшін несиеге өтінім берген азаматтар баршылық.

 Ал «Сыбаға» бағдарламасының басты мақсаты – ет экспортының әлеуетін арттыру. Сол үшін шаруаларға барынша жеңілдіктер қарастырылады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ұсақ мал басын көбейтуге несие береді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында қой шаруашылығына 12 миллион теңгеге дейінгі несие 6,5 жылға 6 процентпен беріледі. 2 жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Яғни, осы аралықта шаруа негізгі борыш пен үстемені төлемейді.

Несиеге мал, техника және мал азығы сатып алынады. Сондай-ақ, «Игілік» несие өнімі арқылы кәсіппен айналысамын деген азаматтарға 6 процентпен 4 млн теңгеге дейін несие беріледі. Бұл несие өнімі арқылы мал, құс, бал араларын сатып алып, кәсіп істеуге болады. Сондай-ақ, 9 ай жеңілдік мерзімі қарастырылған.   Ең бастысы шаруаның несие тарихы жақсы болуы керек және бюджеттің, қаржы институттары мен салық органдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс. Мал ұстайтын қора-жайы, талапқа сай жайылымдық жері болуы керек. Қордың кепілдік саясатына сәйкес, шаруа кепілдікке жылжитын немесе жылжымайтын мүліктерін қоя алады.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы мен Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік жобаларын қаржыландырып келеді.

   Сондай-ақ, биыл Қордың құрылғанына 25 жыл. Осы уақыт аралығында жалпы сомасы 312 млрд теңге болатын 152 мың несие берілді. Биылғы жылдың соңғы көрсеткіші бойынша барлық бағыттар бойынша 51 млрд 296 млн теңгені құрайтын 11 351 жоба қаржыландырылды.

Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды