• Басты
  • Жамбылдағы жарылыс: себеп пен салдар

Жамбылдағы жарылыс: себеп пен салдар

27 Тамыз, 2021 14:12

Кеше 26 маусымда Жамбыл облысы Байзақ ауданында ҚР Қорғаныс министрлігінің №28340 әскери бөлімінде инженерлік оқ-дәрілер қоймасында жарылыс болды. Жамбыл облысындағы қазіргі жағдай және келтірілген залал туралы толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Арыстағы жарылыс Жамбылда қайталанды

Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын яғни, 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласында таңғы сағат 09:20 шамасында №44859 әскери бөлімінде оқ-дәрі салдарынан әуелі өрт шығып, көп ұзамай бірнеше жарылыс болған болатын. Оқиға салдарынан қала тұрғындары үйлерін тастап, қашуға мәжбүр болған еді. Апат салдарынан 3 адам қайтыс болып, 21 тұрғын үй толықтай өртеніп кетті. Жарылыс ісі бойынша 16 адам сотқа тартылды. Оқиға салдарынан 1473 адам зардап шекті. Ал қылмыстық істің өзі 550 томнан құралды. Сот 2020 жылдың маусымында басталған болатын. 2021 жылдың қаңтарында іс прокуратураға қайтарылып, әлі де тергелетіні хабарланды. 26 шілдеде әскери қоймадағы жарылыс бойынша айыпталғандарға қатысты сот шешімі шықты. Айып тағылған 16 адамның 12 сотталушы 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, ал төртеуі 4 жылдан жеті жылға дейін шартты түрде сотталды. Арыстағы жарылыстың шығыны 173 млрд теңгені құрады.

Жамбыл облысындағы жарылыс

Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, өрттің алғашқы минуттарынан бастап дабыл бойынша әскери бөлімнің өрт сөндіру командалары көтерген. Олар шынжыр табанды және дөңгелекті өрт сөндіру техникамен өртті оқшаулауға кіріскен. Жамбыл облысы бойынша ТЖД-дан өрт сөндірушілер шақырылған. Шамамен сағат 19.15-тен бастап әскери қалашықтың 16 үйінің тұрғындарын эвакуациялау басталған Содан кейін оқиға орнынан 3 шақырым қашықтықта орналасқан 3 елді мекеннің тұрғындарын эвакуациялау ұйымдастырылған. Мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер Жамбыл облысының әскери бөлімдеріне жөнелтілген.

Айта кетейік, инженерлік оқ-дәрілер – бұл табиғи (жартастар, таулар), сондай-ақ, сияқты салынған (ғимараттар, құрылыстар) әртүрлі объектілерді бұзуға арналған құрылғылар болып табылады. Оларды жаудың техникасы мен адам күшін жою үшін де қолдануға болады. Бұлар – зарядтар, фугастар жеке құрамға қарсы және танкке қарсы миналар, тротил және басқа да жарылғыш заттар.

88 адам медициналық көмекке жүгінген

Байзақ ауданында орын алған төтенше жағдайға байланысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекет басшысының тапсырмасымен облыстық штаб құрылғанын мәлімдеді. Оған барлық мемлекеттік орган өкілдері енген. Шығындарды есептеу және қалпына келтіру үшін қандай жұмыстар қажет екендігі талқыланған. Жарылыс болған жерге жақын орналасқан үш елді мекен бар. Олар 1 км жерде Қайнар ауылы және 5 шақырым жерде тағы екі елді мекенде жалпы саны 718 адам тұрады. Облыс әкімінің айтуынша, тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп, 10 мектеп, 5 колледждің жатақханаларына орналастырылған.

«Кеше қорғаныс және ТЖ министрлерімен және ІІМ басшысының орынбасары келді. Түні бойы жұмыс істедік, облыстық штаб отырысы өтті. Оқиға салдарынан 88 адам медициналық көмекке жүгінген. Оларға тиісті көмек көрсетіліп, жеңіл жарақат алған 60 жуық адам үйлеріне қайтарылды», - деді Бердібек Сапарбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның дерегінше, қазіргі таңда Тараз қалалық орталық ауруханасында 28 адам жатыр.

«Оның алтауының жағдайы орташа ауыр. Бірақ, өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ. Таңертең науқастармен кездестік, жағдайларын сұрадық. Дәрігерлерден оларға қандай көмек көрсететіндігін білдік. Дәрі-дәрмекке қатысты еш мәселе жоқ. Қазір олардың жағдайы тұрақты», - деді Бердібек Сапарбаев.

Кеше Жамбыл облысында орын алған төтенше жағдай салдарынан теміржол, көлік қатынасы тоқтатылған болатын. Сондай-ақ, қалаға екі жолаушылар пойызы келген. Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі таңда Жамбыл облысында жолаушылар пойызы тоқтап тұрған жоқ. Сонымен қатар, халықтың сұрақтарына жауап беретін тәулік бойы жұмыс істейтін ТЖ штаб кезекшілері тоқтаусыз жұмыс істеуде.

«Қосымша 20 шақты автокөлік ұйымдастырылды, адамдарды баратын жерлеріне жөнелттік. Ал көліктер үшін айналма жол жасалды, негізгі жол оқиға болған жерге жақын болғандықтан ол уақытша жабық, кейін жағдайға байланысты шешім қабылданады», - деді Сапарбаев.

Өрт салдары әлі белгісіз

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен шұғыл брифингте Қайнар ауылында болған жағдайды тез қалпына келтіру үшін 1000-нан астам әскери адам, 120 техника тартылған. 30-дан астам жедел жәрдем көлігі жұмыс істеген.

Қорғаныс министрінің пайымынша, жарылыс кезінде инженерлік оқ-дәрілер алыс қашықтыққа ұшпайды. Негізгі зақымдаушы фактор жарылыс толқыны болуы мүмкін екендігін жеткізді. Алайда, өрттің шығу себебі әлі толық анықталмаған.

Сондай-ақ, ол өртті оқшаулау мүмкін болмай ол басқа қоймаларға таралғанын атап өтті. Өрт салдарынан инженерлік оқ-дәрілердің бірнеше жарылысы орын алған. Оның мәліметінше, түрлі аралықпен салыстырмалы түрде қуаттылығы төмен 10-нан астам жарылыс болған.

Ресми мәліметтер бойынша, 26 тамызда сағат 18.45-те «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының инженерлік оқ-дәрілер базасында қоймалардың бірі өртенген. Өртті ауыздықтауға үш есептоптан тұратын әскери бөлімнің өрт сөндіру командалары дереу кіріскен. Әскери бөлім бойынша кезекші бірден «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының басқармасы мен Байзақ ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің жедел кезекш ісін хабардар еткен.

Өртті оқшаулауға бірінші кезеңде 500-ге жуық адам тартылған болса, содан кейін олардың саны көбейтіген. Нақтырақ айтар болсақ, 31 әскери техника, 24 өрт сөндіру машинасы және ТЖМ жұмылдырылған. Өрт сөндірушілердің әрекеттеріне қарамастан, өрт шыққан соң бір сағат өткеннен кейін алғашқы жарылыстар болған.

Нұрлан Ермекбаевтың сөзінше, Бұл базада тек инженерлік оқ-дәрілер ғана сақталған. Олардың бір бөлігі 2 жыл бұрын Арыс қаласынан шығарылған. Инженерлік оқ-дәрілер жарылыс кезінде алыс қашықтыққа ұшпайды, сол орнында жарылады. Негізгі зақымдайтын фактор жарылыс толқыны болуы мүмкін.

«Фрагменттердің таралу ауқымы тұрғысынан ең қауіпті оқ-дәрілер база аумағында аз болды. Жарылыс болған жағдайда фрагменттердің ұшу қашықтығы ең көп дегенде 3 км-ге дейін жетеді, бірақ адамдарды қорғау үшін 3 км радиуста орналасқан үш елді мекеннің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылданды», - деді ол.

Қорғаныс министрінің мәліметінше, Қаракемер базасы сақталған инженерлік оқ-дәрілердің саны мен қуаты бойынша көлемі Арыс қаласындағыға қарағанда 7 есе аз. Оның айтуынша, жарылыстар мен тарсылдар түнде тоқтаған. Қазіргі кезде бірнеше қоймадағы өрт қалдықтары бықсып жатыр. Барлық зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілуде.

Қаза болғандар саны 9-ға жетті

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы төтенше оқиға бойынша сағат 13:00-дегі жағдай туралы жедел деректер бойынша, қаза болғандар саны 9-ға жеткен.

Оқиға салдарын жою кезінде 4 әскери қызметші қаза тапты. Жамбыл облысындағы жарылыста қаза тапқан әскерилердің аты-жөні жарияланды.Бұл полковник Қапезов - оңтүстік өңірдің әскери прокуроры, келісімшарт бойынша сержант Мешінбай, келісімшарт бойынша ефрейтор Жанболатов, әскерилендірілген күзет қызметшісі Далибаев.

Төтенше жағдайды жоюға:

- ТЖМ-153 қызметкер, 46 техника,

- ДП-400 қызметкер, 54 техника,

- №28349 ә/б-8 қызметкер, 2 техника,

- №5513 ә/б-273 әскери қызметші, 12 техника жұмылдырылды.

Ұлттық Ұлан-520 адам және 250 адам резервте.

Байланысқа шықпаған бірнеше қызметкерді іздеу жұмыстары жалғасуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысындағы жағдай туралы ТЖ министрі Юрий Ильиннің айтуынша, ТЖМ Алматы мен Шымкент гарнизондары бөлімшелерінің күштері мен құралдарының қосымша тобын құрған. Авиациялық техника, барлау жүргізу үшін Қорғаныс министрлігінің де, ТЖМ - нің де пилотсыз ұшу аппараттары дайын. Бұған қоса, психологтар жұмыс істейтінін жеткізді.

Сондай-ақ, ол бөлімшілердің бірінші кезектегі маңызды міндеттерін атап өтті. Соның ішінде, қоймалар аумағында қалған өрт ошақтарын сөндіру, халыққа белгілі бір қауіп төндіретін жарылыстарды тоқтату және эвакуацияланған тұрғындарды үйлеріне қайтару. Теміржолдар мен автомобиль жолдарының ашылуы шиеленісті азайтуға мүмкіндік береді. Басқа бағыттар бойынша да жұмыстар жалғасуда.

Оның дерегінше, төтенше жағдай салдарынан өрт сөндіру орталығында болған 49 қызметкер зардап шеккен. Олардың көбі медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілген.

«Тұрақты ауыр жағдайдағы үш адам реанимацияда жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олардың өміріне қауіп жоқ. Бұл қызметкерлердің бір бөлігі жақын арада амбулаториялық емдеуге жіберіледі деп ойлаймын. Байланысқа шықпаған бірнеше қызметкерді іздеу жұмыстары жалғасуда», - деді Юрий Ильин.

Министр сондай-ақ барлық жаңа деректер баспасөз қызметі және басқа да ақпарат көздері арқылы жедел форматта жеткізілетініне сендірді.

Жалған ақпарат таратқандар жазаланады

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқаны үшін сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастағанын айтып өтті. Оның айтуынша, жағдай қатаң бақыланады.

Ішкі істер органдарының 1000-нан астам қызметкері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері жұмылдырылған. Уақытылы қабылданған шаралар жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік берген. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіп бұзушылық және тонаушылық орын алмаған. Оның мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 462-бабы «Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде жалған мәліметтер таратылуына байланысты ҚР ҚК 274-бабы «Әлеуметтік желілерде көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын жеткізді.

«Екі қылмыстық бап бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Жалпы жағдай бақылауда. Біз жұмысты жалғастырамыз, қоғамдық тәртіпке қатысты келіп түскен өтініштерге уақытылы ден қоюды қамтамасыз етеміз», - деді ол.

Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев зардап шеккендердің барлығына қолдау және көмек көрсету жөніндегі президенттің тапсырмасы бар екенін айтып өтті.Сонымен қатар, оның сөзінше демеушілер, жергілікті бюджет есебінен қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетіледі.

«Зардап шеккендерге келетін болсақ, залал деңгейі, мүгедектік және т.б. бойынша заңға сәйкес жергілікті органдар тарапынан да мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Тұрғын үйлерді қалпына келтіру және көрсетілетін көмекке келетін болсақ: бүгін таңертең біз және Байзақ ауданының қызметкерлері осы үш елді мекенді аралап шықтық, онда өртенген тұрғын үйлер жоқ, басқа нысандар жоқ, тек шатырлар, төбелер құлаған, әйнектер сынып, есіктер бұзылған», - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, ол ТЖ қызметкерлері, басқа да мемлекеттік органдар қатарынан арнайы комиссия әрбір үйге және елді мекендерге тексеру жүргізетінін алға тартты.

Жедел байланыс нөмірлері

Облыс әкімі сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Барлық сұрақтар бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы құрылған жедел штабқа жүгінуге болады. Жедел желі телефондары: 8 (7262) 51-41-67, 8(7262) 51-37-75. Сонымен қатар, 109 нөміріне қоңырау шалуға; 8-778-810-91-09 WhatsApp желісіне хабарлама жіберуге болады.

Айта кетейік, БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жарылыс салдарын толығымен жойғаннан кейін отставкаға өтініш беретіндігін жеткізді.

Барлық жаңалықтар