• Басты
  • Жамбыл облысының дамуы: Фармацевтика, жұмыспен қамту мәселесі және коронавируспен күрес шаралары

Жамбыл облысының дамуы: Фармацевтика, жұмыспен қамту мәселесі және коронавируспен күрес шаралары

2 Желтоқсан, 2020 13:55

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында берілген тапсырмалардың іске асырылу барысы жөнінде баяндады. Сонымен қатар ол аймақтағы фармацевтика, азық-түлік, жұмыспен қамту мәселесі және коронавируспен күрес шаралары жөнінде айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Облыс басшысының мәліметінше, биылғы 10 айдағы қорытынды бойынша экономиканың өсуі 102,1%-ды құраған.

«Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6%-ға, ауыл шаруашылығы - 4,4%-ға, құрылыс – 39,5%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үй – 7%-ға, байланыс – 1,6%-ға артты. Негізгі капиталға салынған инвестиция 7,8 пайызға өскен. Ал инфляция деңгейі жыл басынан 105,3%-ды құрады, бұл республикалық орта көрсеткіштен төмен. Жмыссыздық деңгейі – 4,9%, бюджеттік кіріс 324,5 млрд теңгені құрады. Ал жыл қорытындысымен өндіріс көлемі 508 млрд. теңгеге жетеді деп күтілуде. Негізгі капиталға 255 миллиард теңге инвестиция тартылса, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 368 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қоса, облыс әкімінің сөзіне сенсек, жыл басынан 1300 аса жұмыс орны құрылатын 94 млрд теңгеге 17 жоба іске асырылып жатыр, оның ішінде бүгінге 25,6 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асырылып, 850-ден аса жұмыс орны құрылған.

Атап айтсақ, құны 54,5 млрд теңге болатын баламалы электр қуатын өндіретін 4 жоба іске асырылуда. Жобалар аяқталғаннан кейін жалпы қуаттылық 403,65 МВт құрамақ. Олармен өндірілетін баламалы электр қуатының үлесі жалпы көлемнің 30%-на дейін жеткізілмек.

Фармацевтика саласын дамыту

Сонымен қоса, аймақ басшысы ел президентінің жолдауындағы міндеттерді іске асыру аясында фармацевтика саласы дамыту қолға алынғанын атап өтті.

«Мәселен, Гвардейск ауылында биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл аяқталады. Зауыт өз жұмысын келесі жылдың бірінші тоқсанында бастайды. Мұнда әлемдік стандарттар бойынша иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирустық инфекцияға, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығарылатын болады. Жыл сайын биопрепараттардың 60 миллион дозасына дейін өндіру жоспарланып отыр», - деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ қызметкерлері үшін 60 пәтерлі тұрғын үй салынып жатқанын, тағы екі үйдің құрылысы жоспарланғанын атап өтті.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Сонымен қоса, оның айтуынша, биыл әлемдік экономикалық дағдарыс пен пандемияны ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік өнімдерінің импортын алмастыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше назар аударылған. Осылайша, егістік алқабы 47 мың га ұлғайып, 735 мың га жеткен. 817 мың тонна астық жиналды.

«Жамбыл облысы пияз өндірісі бойынша республикада көшбасшы болып табылады. Өңірде елдегі жалпы өнімнің 75 пайызы өсіріледі. Ағымдағы жылы 691 мың тонна пияз жиналды. Бүгінге, 41,2 мың тоннасы жақын және алыс шетелдерге, атап айтсақ, Ресей, Ирак, Австралия, Сербия, Түркия, Пәкістан, Польша және ТМД елдеріне экспортқа жіберілді. Біз көкөніс қоймаларын көбейтіп, жаңа технологиялар мен сорттарды енгізе отырып, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруымыз керек», - деді ол.

Осы орайда, егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында түрік компаниясының қатысуымен таңқурай мен құлпынайды өндірістік отырғызу жүргізілді, сондай-ақ алғаш рет 835 га алқапта қысқы рапс егілген. Озық технологияларды енгізу арқылы үдемелі бақ 27%-ға ұлғайып, 1313 га жеткен.

«Қант қызылшасы өндірісі 133 мың тоннаға жетіп, 4,2%-ға артты. Қант өндірісін дамыту үшін қуаттылығы жылына 148 мың теңге өндіретін, 300 жұмыс орнын, құны   85 млрд. теңгені құрайтын заманауи қант зауытының құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорынды іске қосу 2023 жылға жоспарланған», - деді ол.

Бұдан басқа, облыс басшысының сөзіне сенсек, аймақта алғаш рет Нидерландтық инвесторлардың қатысуымен "K-АГРО" холдингі қуаттылығы 70 мың тонна, құны 54 млрд теңге, 300 жұмыс орнын құра отырып, фри картобын кешенді өндіру зауытын салуды жоспарланған. «Алель Агро» ЖШС-гі құс фабрикасының бірінші кезеңінің құрылысы аяқталуға жақын, қуаттылығы 45 мың тонна, құны 28 млрд теңге құрайтын өндіріс орны 150 жаңа жұмыс орнын ашпақ.

«Нәтижесінде, жыл қорытындысымен 382 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 4,6%-ға, еңбек өнімділігі 7%-ға артады деп күтілуде», - деді Бердібек Сапарбаев.

Бұдан бөлек, облыс басшысының сөзінше, тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен жүріп жатыр. 460,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 7%-ды құраған.

«Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламалары аясында тұрғын үйлер мен инженерлік желілердің құрылысына 33,2 млрд теңге бөлінген. Биыл 3766 пәтерлі 65 тұрғын үй, 945 пәтерлі 17 тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал жыл соңына дейін 2236 пәтерлі 38 тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Газдандыру

Әкімнің айтуынша, жыл соңына дейін 45 елдімекендегі 120 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді. Жобалардың құны - 14,1 млрд теңгені құрайды, Жыл қорытындысымен газбен қамтылған тұрғындар деңгейі 74,4%-дан 82,4%-ға артады.

Тұрғындардың жұмыспен қамтылуы

Өңірде жұмыспен қамтудың белсенді шаралары негізінде 72,8 мың адам жұмыспен қамтылған. «Еңбек» бағдарламасымен 51 мыңнан аса адам қамтылып, 20,6 мың адам жұмысқа орналастырылған.

«Есепті кезеңге облыста 30,6 мың жаңа жұмыс орны ашылды, оның 19,1 мыңы тұрақты. Бұл жерде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жақсы нәтиже берді. 20 мың жұмыс орны құрылды. 809 жобаны іске асыруға 64,2 млрд.теңге бөлінді. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға 51 мың компьютер, 16 мыңнан астам роутер-модем үлестірілді. Жыл басынан бері жан басына шаққандағы халықтың орташа табысы 70,3 мың теңгеден 78,7 мыңға өссе, орташа айлық жалақы 127 мың теңгеден 150,4 мыңға артты», - деді ол.

Коронавирустың екінші толқынына дайындық шаралары

Аймақ басшысының дерегінше, жалпы пандемиямен күреске 11,1 млрд теңге бөлінген. Атап айтқанда, медициналық мекемелерді жабдықтауға 4,7 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде - 55 жедел жәрдем көлігі, 4 КТ, 97 ӨЖА (14-і демеушінің көмегімен), 2 ЭКО-аппараты (экстракорпоралды мембраналық оксигенация), 100 көпфункцияналды және реанимациялық төсек және 4 ауруханаға оттегі станциялары орнатылды.

КВИ-мен күреске тартылған 4 мыңға жуық медицина қызметкеріне 3,4 млрд теңге сомасында үстеме ақы төленді. Тараз қаласындағы қалалық перинаталды орталық және Т.Рысқұлов ауданындағы өкпе ауруы диспансері жұқпалы ауруханаға қайта бейімделген, оның төсек қоры – 350 орын.

«Жалпы облысымыз бойынша 4,5 мың инфекциялық, сондай-ақ 450 реанимациялық төсекпен жабдықталған. 7 мың медицина қызметкерін жұмылдыру жоспарланған (1413 дәрігер, 2826 медбике, 2826 кіші буын қызметкерлері). Бұдан басқа, 280 дәрігерден резерв жасақталды. Бірыңғай дистрибьютормен облыстық медициналық ұйымдарда 11,8 млрд.теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар қамтамасыз етілді. Тұрақтандыру қорында 730 млн теңгеге коронавирусты емдеуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың екі айлық қоры қалыптастырылды», - деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қоса, COVID-19 короновирустық індетпен ауырған пациенттерге арналған 120 төсектік оңалту орталығы ашылған, онда науқастарды оңалту және медициналық оңалту бөлімшелері жұмыс істейді. Орталық 2,1 млрд теңгеге заманауи медициналық техникалар мен оңалту құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Бұдан бөлек, облыс басшысы 2021 жылы 12 мыңға жуық медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 30%-ға артатынын, бұл мақсатқа 6 млрд теңге қарастырылғанын жеткізді.

Барлық жаңалықтар