• Басты
  • Жамбыл облысы тұрғындарының табысын көбейтуге бағытталған пилоттық жоба қалай іске асуда

Жамбыл облысы тұрғындарының табысын көбейтуге бағытталған пилоттық жоба қалай іске асуда

3 Тамыз, 2021 10:02

Бүгін үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі - министрдің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын жоғарылату бойынша пилоттық жобасын кеңейту туралы баян етті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Вице-министр Ербол Қарашөкеев мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 мамырдағы тапсырмасына сәйкес Президент Әкімшілігі мен орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен құралған Ведомствоаралық топ Пилоттық жобаны іске асырудың аралық қорытындыларына талдау жүргізілгенін атап өтті.

«Пилоттық жобаның қатысушыларымен кездесулер өткізіліп, олардың қорытындылары бойынша Пилоттық жобаны іске асырудың оң нәтижелері расталды», - деді ол.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі 2021-2025 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаға Жамбыл облысындағы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны одан әрі Қазақстанның барлық өңірлеріне көбейтуді енгізгенін де айтып өтті. Бүгінгі таңда Ұлттық жоба мемлекеттік органдарда келісу рәсімі өтіп жатыр.

Вице-министрдің мәліметінше, ұсылынып отырған жоба үш фазаға бөлінеді:

Бастапқы фаза нарықты зерделеуді, қаржыны жеке қосалқы шаруашылықтарға жеткізетін инфрақұрылымды дайындауды, мамандар даярлауды және жобаларды қаржыландыру жұмыстарын бастауды болжайды.

Кеңейту фазасы жобаға тартылған жеке қосалқы шаруашылықтар санын одан әрі көбейтуге бағытталатын болады.

Дамыту фазасында жеке қосалқы шаруашылықтар жобасына қатысушылар саны ең жоғарғы көрсеткішке жететін болады.

«Осылайша 2022 жылға есептелген қаржыландыруға деген қажеттілік 163 млрд теңгені құрайды, оның ішінде Жамбыл облысындағы кезекті кеңейту фазасы бойынша 46 млрд теңгені қаржыландыруға бағыттау жоспарланса, жобаның ауқымын басқа да өңірлерге кеңейту үшін 117 млрд теңге қажет», - деді Ербол Қарашөкеев.

Жеке қосалқы шаруашылықтар үшін қаржыландыру шарттары жеңілдетілмек:

- қарыз мөлшерлемелері – жылдық 2,5%

- орташа қарыз сомасы – 4 млн теңгеге дейін

- қарыз беру мерзімі – 7 жылға дейін

Бастапқы фазада жеке қосалқы шаруашылықтар жобасына қатысуға жоспарланғандардың 15%-ы қамтылатын болады. Ал, кеңейту фазасында жеке қосалқы шаруашылықтар саны 55%-ға артады. Дамыту фазасында жалпы жобаға қатысатын 195 мың жеке қосалқы шаруашылықтар 100% қаржыландырылатын болады», - деді АШ министрінің міндетін атқарушы.

Жобаның ауқымын ойдағыдай кеңейту үшін облыс әкімдіктері:

➢     біріншіден, Жамбыл облысының тәжірибесіне сүйене отырып, өңірдің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының атынан сенім білдірілген агент арқылы микрокредит беру ерекшелігін зерделеу қажет.

➢     екіншіден, ауылдық округтердің тұрғындарымен жобаны іске асыру шарттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет;

➢     үшіншіден, өңірлерде мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын дамытудың қолда бар әлеуетіне, ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етілу деңгейіне, өндірілген өнімді өткізу мүмкіндігіне талдау жасаулары қажет.

«Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жобаның әр Фазасындағы әлеуетті қарыз алушылардың алдын ала пулын пысықтау қажет. Облыстардың әкімдіктері жоба іске асырылатын ауылдық округтердің нақты тізбесін айқындаулары тиіс», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, жобаны іске асыру өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған ауыл халқының кәсіпкерлік белсенділігін анағұрлым арттыруға, атаулы әлеуметтік көмек алатындардың санын төмендетуге мүмкіндік береді және ауыл халқының әл-ауқатын көтеруге ықпал ететін болады.

Барлық жаңалықтар