• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жамбыл облысы: Аурудың жоғары деңгейі облыстың барлық қаласы мен ауданында байқалуда

Жамбыл облысы: Аурудың жоғары деңгейі облыстың барлық қаласы мен ауданында байқалуда

12 Тамыз, 2021 12:23

Бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бағлан Қыдырбаев өңірдегі эпидемиологиялық жағдай мен мониторингтік топтардың жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Өткен тәулікте 135 жаңа жағдай тіркелді

Бағлан Қыдырбаевтың мәліметінше, 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, облыста барлығы коронавирус инфекциясының 9630 жағдайы тіркелген. Ал, соңғы тәулікте аурудың 135 жаңа жағдайы анықталып отыр.
«Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес, облыс қызыл аймақта. Ауруханалардың төсек-орынмен қамтылуы 63%-ды құрап отыр. Бүгінгі таңда 2259 науқас аурухан аға жатқызылды», - деді Бақылау департаменті басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, аурудың жоғары деңгейі облыстың барлық қалалары мен аудандарында байқалуда.

Сондай-ақ, ол ауруды жұқтырудың негізгі ықтимал орындары ретінде отбасы мүшелерінің базарларға, сауда объектілеріне баруы (сауда және ойын -сауық орталықтары, ТД, дүкендер, дәріханалар), қоғамдық көлікті жиі пайдалану және отбасылық іс -шаралар (той, құдалықтар және басқалары) инфекцияның ықтимал орындары болып отырғанын да тілге тиек етті.

Мониторингтік топтардың жұмысы

Бұдан бөлек, Бағлан Қыдырбаев коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облысында карантин кезеңінде жұмыс істейтін объектілердің санитарлық-эпидемияға қарсы режимді сақтауын бақылау үшін мониторингтік топтар құрылғанын атап өтті.
«38 мониторингтік топтың құрамына жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жамбыл филиалы мен құқық қорғау органдарының өкілдері кіреді», - деп толықтырды ол.
Департамент басшысы орынбасарының дерегінше, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мониторингтік топтардың мүшелері бұзушылықтары бар 836 объектіні анықтаған. Объектілердің барлық басшыларымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескертулер берілген. Тексеру материалдары мен мониторингтік топтар санитарлық-эпидемиологиялық қызметке берген материалдар негізінде 835 миллион теңгеден астам сомаға 705 айыппұл салынған.

Сонымен қатар, оның сөзінше, бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысында 71 кәсіпкерлік объектілерінде карантиндік шараларды қасақана бұзу фактілері анықталған.
«Тексеру нәтижелері бойынша жалпы сомасы 59 миллион теңгеден асатын айыппұл салумен 262 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Негізгі құқық бұзушылар анықталды, атап айтсақ, 64 қоғамдық тамақтану субъектілері (мейрамханалар, кафелер, банкет залдары, кафе-барлар), 3 компьютерлік клуб, 2 сауда объектісі, 1 лото клубы, 1 балалар ойын-сауық орталығы», - деді ол.
Оның сөзінше, негізгі бұзушылықтар қатарында ұжымдық шаралар, жұмыс кестесінің бұзылуы, жеке құрамның жеке қорғаныс құралдарының болмауы, қашықтық пен дезинфекция режимін сақтамау секілді шаралар бар.
«Жамбыл облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының тексерулерінің нәтижелері Тараз қаласының және Тұрар Рысқұлов ауданының экономикалық мамандандырылған сотына және Қазақстан Республикасы сотының қарауына Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 462 -бабының 3-бөлігі бойынша 22 материал ұсынылды», - деді ол.
Сот шешімімен 15 нысан өз қызметін тоқтатқанын да атап өтті. Нақтырақ айтсақ, олардың қатарында Salvador, MFachiоn, GQ, Koala кафесі, Марко Поло кафесі, Tropkana кафесі, Disco-80-90 кафесі, Toy duman мейрамханасы, «Гаугартас» мейрамханасы, «Golden Hall» мейрамханасы, «Park Palace» кафесі, «Самурай» ойын клубы, «Севинч» мейрамханасы бар.

Инфекцияның таралу себептері

Оның сөзінше, коронавирустық инфекцияның таралуының негізгі себептері ретінде халықтың қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамауын айтуға болады. Бұл, ең алдымен, адамдар көп шоғырланған жерлерде бетпердені дұрыс кию, әлеуметтік қашықтықты ұстанып, сақтамау. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген алгоритмдерді орындамау.
«Аталған індеттің жағдайы халықтың және кәсіпкерлік объектілерінің санитарлық дәрігердің бұйрығында көрсетілген барлық талаптардың орындалуына байланысты екенін түсіну қажет», - деді ол.
Үй карантині кезінде ұстану керек шаралар

Сонымен қатар, ол үй карантині кезінде науқас немесе байланысқа шыққан адам оқшаулау шарттарын сақтауы керек екенін баса айтып өтті. Үй карантинінің мақсаты - аурудың ықтимал көзінен COVID-19 жұқтырудың алдын алу, осылайша COVID-19 таралуын болдырмау. Яғни, байланыста болған, асимптоматикалық вирус тасымалдаушы және басқа да отбасы мүшелері алдын алу шараларын сақтауы керек. Яғни, жиі қолды сабынмен жуып, күнделікті дымқыл тазалауды жүргізіп, үй-жайларды желдетіп, медициналық бетперде киіп жүруі тиіс. Үй карантинін бұзған адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын да еске салып өтті.
«Үй карантинінде отырған тұлға үйден шықпауы керек, түшкіргенде немесе жөтелгенде аузы мен мұрнын жауып, бір реттік майлықпен қолдану керек. Осыдан кейін қолын сабынмен жуып немесе спиртпен негізделген антисептикпен залалсыздандырып, тығыз бекітілген медициналық масканы үнемі киіп, әр 2 сағат сайын ауыстырып отыру қажет. Тамақтанар алдында және дәретханадан кейін қолды сабынмен немесе спирт қосылған антисептикпен жуып, жеке ыдыстарды қолдану қажет», - деді ол.
Сонымен қатар, ол егер дене қызуы көтерілсе немесе әлсіздік белгілері пайда болса, жедел жәрдем бригадасын немесе емханаға карантин туралы хабарлап, шақыртудың себебін айту қажеттігін де атап өтті. Рұқсат етілмеген адамдардың келуін болдырмау қажет.
«Күн сайын, күніне кемінде 2 рет, әрбір отбасы мүшесінің дене температурасын өлшеп, үй -жайларды күніне кемінде 2 рет желдетіп, күнделікті дымқыл тазалау жүргізу керек», - деп түйіндеді Бағлан Қыдырбаев.
Барлық жаңалықтар