• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жалпыға бірдей декларация: Бірінші кезең нәтижелері және «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы

Жалпыға бірдей декларация: Бірінші кезең нәтижелері және «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы

30 Қыркүйек, 2021 13:02

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың мәліметінше, жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінде 497 283 адам декларация тапсырған. Нәтижесінде, декларация ұсынған 497 мың жеке тұлғаның 440-ында 58 елдің шетелдік банк шоттары бар екендігі анықталған.Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Жалпыға бірдей декларациялау

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың мәлімдеуіше, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – ұлт жоспарының 42-қадамын және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын орындау үшін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізілуде.Оның айтуынша, жеке тұлғалар бірінші жылы декларациялау жүйесіне кіру күніне жинақталған активтерді тіркеу үшін активтер мен міндеттемелер туралы «кіріс» декларациясын тапсырады. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары өздерінің жеке активтері мен міндеттемелерін бірінші болып декларациялайтынын айтып өтті. Өйткені бұл азаматтардың дайындалған бөлігі болып табылады.

«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары активтері мен міндеттемелері туралы «кіріс» декларациясын екінші кезеңде ұсынады», -деді Жайдар Іңкәрбаев.

Сондай-ақ, ол 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларациялаумен бизнес өкілдері, яғни заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің басшылары, құрылтайшылары жұбайларымен қамтылатынын жеткізді.

«Соңғысы 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалған азаматтар декларациялаудан өтеді. Алдын ала деректер бойынша жалпыға бірдей Декларациялау жүйесіне 13 миллион адам кіреді», -деді ол.

Оның айтуынша, жалпыға бірдей декларациялауға көшу көлеңкелі айналымды. Яғни, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге және мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, ол декларацияда 31 желтоқсандағы жағдай бойынша қолда бар активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтерді көрсету қажеттігін жеткізді. Атап айтқанда:

- шет мемлекетте тіркелген не тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік, көлік құралдары;

- Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банктік шоттардағы 1000 еселенген айлық есептеме көрсеткіштен асатын қаражат;

- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша сомалар;

- Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;

- бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары;

- инвестициялық алтын;

- зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері;

- 10 000 айлық есептік көрсеткіш шегіндегі сомада көрсетілетін қолма-қол ақша;

Оның айтуынша, активтер мен міндеттемелер туралы декларация тұрғылықты жері бойынша, яғни жеке тұлға тіркелген салық органына ұсынылады.

«Декларацияны қағаз түрінде – декларацияны табыс ету жөніндегі міндеттеме туындаған ағымдағы жылғы 15 шілдеден кешіктірмей, электрондық түрде – 15 қыркүйектен кешіктірмей табыс етуге болады», -деді Жайдар Іңкәрбаев.

«e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы

Декларацияны электронды түрде салық төлеушінің кабинеті                             Cabinet.salyk.kz, «Электрондық үкімет» порталы egov.kz арқылы, сондай-ақ «e-Salyq Azamat» және «eGov mobile» мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады.

Оның мәліметінше, табыс ету мерзімінің аяқталуына қарай, яғни 2021 жылғы 15 қыркүйекке қоса алғанда, декларацияны 497 мың адам табыс еткен. Сондай-ақ, ол қабылданған 512 мың декларацияның ішінде ең көп таралған өтінім беру тәсілі болып «e-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасы екендігін атап өтті. Оның көмегімен декларациялардың 54% ұсынылған. Сонымен қатар, «Салық төлеушінің кабинеті» және СОНО арқылы – 40%, «Электрондық үкімет» порталы арқылы – 5%, ал декларацияны қағаз тасығышта 414 адам немесе жалпы санының 0,1% ұсынған.

«Декларацияны ұсынған 497 мың жеке тұлғаның 440-ында 58 елдің шетелдік банктерінде банктік шоттары бар. Ақшаның жалпы сомасы 691 млрд. теңгені құрайды. Ресей Федерациясында, Америка Құрама Штаттарында, Швейцарияда банктік шоттардың ең көп саны ашылды», -деді ол.

Сондай-ақ, ол 494 жеке тұлға 26 елде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде 666 жылжымайтын мүлік объектісін декларациялағанын атап өтті. Оның ішінде Ресейде 436 объекті, Біріккен Араб Әмірліктері 44, Түркияда 38 екендігін жеткізді.

«1030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте тіркелген 1198 көлік құралын, оның ішінде 292 Ресейде, 235 Арменияда, 221 Жапонияда, 162 Германияда декларациялады», -деді Жайдар Іңкәрбаев.

Сонымен қатар, ол 47 жеке тұлғаның біздің елден тыс 57 заңды тұлғада қатысу үлесі бар екендігін айтып өтті. Соның ішінде, 1585 жеке тұлға 11 елде 1603 жылжымайтын мүлік объектісінің құрылысына қатысу үлесінің бар екенін көрсеткен, оның ішінде Қазақстанда 1568.

«116 адам инвестициялық алтынды жариялады, 25 елде 918 адам бағалы қағаздарды жариялады, 635 инвестициялық пай қорларында 608 адамның пайлары бар, 212 адамның 218 зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері бар, 355 адамның дебиторлық берешегі бар, 578 адамның кредиторлық берешегі бар», -деді ол.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеке тұлғалардың декларацияларын ұсыну жөніндегі міндет жүктелген тұлғалар, активтері мен міндеттемелері туралы декларацияға қосымшаларда мүлікті сенімгерлік басқаруға беру туралы мәліметтер де көрсетіледі.

«1 704 жеке тұлға 2 327 нысанды сенімді басқаруға берді. Жалпыға бірдей декларациялау ережелерін түсіндіру үшін бірыңғай республикалық нөмір 1414 платформасында салық және кеден мәселелері жөніндегі байланыс орталығы іске қосылды», -деді Жайдар Іңкәрбаев.

Бұдан бөлек, жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға қатысты толық ақпаратты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтының Kgd.gov.kz «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінен алуға болады.

«Әлеуметтік желілерде Telegram каналы, Instagram аккаунты, Facebook парқашаларында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Апта сайын сәрсенбі күндері Мемлекеттік кірістер департаменттері Zoom арқылы «сұрақ-жауап» форматында түсіндіру жүргізеді», -деді Жайдар Іңкәрбаев.

 

Барлық жаңалықтар