• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жалған вакцина төлқұжаттары мен ПТР анықтамаларын анықтау жұмыстары қалай жүруде

Жалған вакцина төлқұжаттары мен ПТР анықтамаларын анықтау жұмыстары қалай жүруде

2 Тамыз, 2021 11:46

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз алаңында Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек ПТР тестілеу қорытындысы мен вакцина паспортын қолдан жасағандар анықталғанын, сондай-ақ, елімізге шетелден 28 мыңнан астам азамат ПТР-сынамасыз келгенін айтып өтті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Бір аптада Қазақстанда 3001 қылмыс жасалды

Брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек бір аптаның ішінде орын алған криминогендік жағдай туралы айтты. Оның мәліметінше, бір апта ішінде Қазақстанда 3001 қылмыс жасалды,оның 2091-і тәулік ішінде ашылған.

«Полиция қызметкерлері ізін суытпай 7 кісі өлтіруді, 11 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 30 тонау және 509 бөтен мүлікті ұрлау қылмысын ашты», - деді ол.

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күрес сияқты негізгі міндеттерінен қоса екінші жыл пандемиямен күрес жұмыстарының алдыңғы қатарында жүргенін атап өтті. Аталған жұмыс денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп қазір де жалғасуда. Сондай-ақ, азаматтардың денсаулығы мен қауіпсізігін қорғау мақсатында оларға ерекше жағдайларда қызмет етеді.

«Бүгінде шектеу шараларының сақтау шараларында денсаулық сақтау органдарына көмек көрсетуді жалғастыруда. 2 санитарлық және 4 блок бекеттің жұмысы ұйымдастырылған. 289 карантиндік нысан және 5 жұқтыру ошағын күзету жүзеге асырылады», - деді Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі.

Сонымен қатар, құқық қорғаушылар көлік объектілерінде санитарлық дәрігерлерге жолаушыларды іріктеп өткізуге де көмек көрсетіледі. Соның ішінде, халықаралық әуежайларда 19, теміржол вокзалдарында 14 бақылау пункті орнатылған.

Елімізге шетелден 28 мыңнан астам азамат ПТР-сынамасыз келген

Баспасөз өкілінің мәліметінше, жыл басынан бері шетелден ПТР анықтамасыз келген 28 мыңнан астам азамат карантинге орналасқан. Сондай-ақ, мониорингтік топ мүшелерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

«Жыл басынан бері олар 144 мың рейдтік іс-шара өткізді. 22 мың карантинді бұзу фактісінің жолы кесілді. Ойын-сауық мекемелерінің тәртібін бұзуға қатысты 8 жарым мыңға жуық фактісі тіркелді», - деді ол.

Оның мәлімдеуінше, соның ішінде 2 мыңға жуық факті той өткізуге қатысты болған. Сонымен қатар, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыға бірдей вакцина алу адамдардың қалыпты өмірін қалпына келтіру мен денсаулығын сақтаудың жалғыз жолы екенін атап өтті. Ішкі істер министрлігі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша коронавирус індетімен байланысты барлық қылмыстық көріністерге ерекше көңіл бөлетінін жеткізді. Бүкіл ел бойынша Ішкі істер органдары жалған ПТР тестілерімен вакцинация паспорттарын қолдан жасауды және пайдалануды жою бойынша жұмыс жүргізуде.

Жалған вакцина төлқұжаттары мен ПТР анықтамаларын анықтау

Оның айтуынша, азаматтардан жалған вакцина төлқұжаттары мен ПТР анықтамаларын беру туралы ақпарат жинау үшін ведомствоаралық арнайы жұмыс тобы құрылған. Ішкі істер министрлігі және аумақтық бөлімшелерінде жалған құжатты сату бойынша хабарландыруларды анықтау бойынша тұрақты мониторингтік топтар жұмыс істейді. Соның ішінде, мессенджерлерде жалған вакцина паспорттарын немесе ПТР анықтамаларын сату туралы 68 хабарландыру анықталған. Олар туралы ақпарат уәкілетті органдарға жіберілетінін атап өтті.

Сонымен қатар, интернет мониторинг кезінде деректер базасында тіркелген анықтамалар немесе вакцина паспорттарын дайындау бойынша жалған ұсыныстар анықталуда. Полиция қызметкерлері медициналық орталықтарды, емханаларды, вакцина алу пунктерін тексеруді жалғастыруда.

«Жыл басынан бері полиция органдары 110 қылмыстық істі қозғады. Оның ішінде 53-і вакцина паспорттарын, 57-сі қолдан жасаған жалған құжат үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салғым келеді», - деді Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі.

ПТР тест қорытындысын жасап сатпақ болған азамат ұсталған

Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілінің мәліметінше, коронавирусқа қарсы ПТР тест қорытындысын қолдан жасап сатпақ болған 34 жастағы өскемендік тұрғын интернетке таратқан хабарландырудың ізімен қолға түскен.

«Полицейлер коронавирус жұқтырмағаны туралы ПТР тест анықтамасын ешқандай зертханалық талдаусыз-ақ рәсімдеп беретінін жарнамалап, хабарлама таратқан 34 жастағы жігітті ұстады. Бұл қызметі үшін ол 15 мың теңге сұраған», - деді ол.

Оның сөзінше, қазір алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 190-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл бап бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын жеткізді.

Шұғыла Тұрлыбектің дерегінше, бұл Шығыс Қазақстанда тіркеліп отырған алғашқы жайт емес. Бұған дейін Семейде 15 мың теңгеге вакцина паспортын сатқан медицина мамандары ұсталған.

Қарағандыда балаларға қатысты видео тараған

Шұғыла Тұрлыбектің мәліметінше, Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция қызметкерлері Қарағанды облысында 2007 және 2009 жылы туған ағалы-қарындасты балаларды азғындық видеоға түсіріп, интернетке таратқан 54 жастағы адамды ұстаған.

«Қарағанды облысының тәртіп сақшылары 54 жастағы тұрғынын ұстады. Ол жас балаларға қатысты азғындық әрекеттер жасап, видеоға түсіріп, интернетте таратқан. Министрліктің кибер-қылмыспен күрес орталығының қызметкерлері шетелдік әріптестерінен TOR жабық желісіне Қазақстан аумағынан белгісіз пайдаланушының жас балалардың қатысуымен азғындық көріністері бар бейнежазбаларды тарататыны туралы ақпарат алды», - деді ол.

Оның айтуынша, орталықтың жедел қызметкерлері шетелдік әріптестерінің жөн сілтеуі бойынша бейнежазбаны егжей-тегжейлі зерделеген екен. Нәтижесінде, белгісіз біреу балаларға азғындық әрекеттер жасаған. Ашық дереккөздерді зерттеу кезінде полиция қызметкерлері бейнежазбаға қатысқан балаларға ұқсас балалардың фотосуреттерін тапқан. Олар былтыр аналары қайтыс болғаннан кейін балалар үйінің бірінде тәрбиеленуде.

«Әкелерінің қайда екені белгісіз. Өздерінің айтуынша, аналарының көзі тірісінде таныс ер адам келіп үй шаруасына көмектескен. Аналары үйде болмаған кезде ол балаларға азғындық әрекеттер жасап, смартфонға түсіріп отырған. Бұл бірнеше рет қайланған. Бірақ ол туралы анасы білмеген», - дейді Шұғыла Тұрлыбек.

Оның сөзінше, ұсталған күдікті қаладағы коммуналдық кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейді. Сонымен қатар, ол жауап алу кезінде өз ісін мойындаған.

«Тінту кезінде одан бейнежазбалар сақталған ұялы телефон тәркіленген. 54 жастағы ер адам қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалды», - деді ол.

Интернет алаяқтарға алданғандардың 1 млрд теңге материалдық шығыны өтелген

Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері қазақстандықтар 11 мыңнан астам интернет алаяқтық әрекетке тап болған.

Оның сөзінше, интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін министрлік халық арасында оның түрлі тәсілдері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын кеңінен жүргізілуде. Сондай-ақ, биылдан бастап ішкі істер органдарының бөлімшелері бұқаралық ақпарат құралдарында алаяқтық жасау тәсілдері мен схемалары, қауіпсіздік шараларын сақтау туралы мыңнан астам жарияланым, оның ішінде жария ету мысалдарын келтіре отырып, жүргізіліп жатқан жұмыс туралы бейнероликтер мен баспасөз релиздерін орналастырылған.

Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп, несие беру, банк қызметі және мобильді жолмен ақша аудару саласындағы алаяқтықтың алдын алуға бағытталған кешенде шаралар қабылдап жатыр екен. Сондай-ақ, департамент бастығы 7 айда осы санаттағы қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында жәбірленушілерге миллиард теңгеден астам материалдық залал өтелгенін хабарлап өтті.

Санжар Әділов брифингте интернет-алаяқтықтың ең көп таралған тәсілдерге тоқталды. Оның айтуынша, әсіресе интернетке хабарландыру қойып, соның негізінде тауардың мен қызмет ақысын ішінара немесе толық көлемде алдын ала сұрау жиі кездеседі екен.

«Хабарландырудағы баға нарықтағы бағадан арзан екеніне қызыққан тұтынушылар мұндай айлаға оңай алданады. Салдарынан интернет арқылы тапсырыс берілген тауарды жеткізбеу, тапсырыс берілген қызметтерді орындамау бойынша полицияға жиі шағым түсуде», - деді Санжар Әділов.


Барлық жаңалықтар