• Басты
  • Жақыныңа жанашыр бол: Вирус жұқтырған елордалық халықты санитарлық талаптарды сақтауға шақырды
15 Маусым, 2020 16:14

Жақыныңа жанашыр бол: Вирус жұқтырған елордалық халықты санитарлық талаптарды сақтауға шақырды

Бүгінде жаһанды жайлаған пандемияның салдарынан тек Қазақстан ғана емес, әлемнің барлық мемлекеті зардап шегіп отыр.  Мамандардың айтуынша, мекемелер мен кәсіпорындар жұмысының тоқтауы, мектептер мен балабақшалардың жабылып, карантин енгізілуі әлемдік экономикаға соққы болып тиді. Десек те, осыны көре тұра халықтың біраз бөлігі коронвирус дертінің бар екеніне сенбейді. Ал басқалары мұны саясатпен байланыстыруда. Тіпті дерт жұқтырғандар санының артуы да қазақстандықтардың қоғамдық орындарда қыдыруына тоқтау салып, карантин талаптарын ұстануға әсер етпей отыр. Осы орайда коронавирус инфекциясын жұқтырып, қазір елордадағы жаңадан ашылған жұқпалы ауруларға арналған ауруханада ем қабылдап жатқан "Атамекен бизнес" арнасының журналисі Алмас Амангелдімен сұхбаттасуды жөн көрдік. Ол да бұл дерттен ешкімнің сақтандырылмағанын тілге тиек етіп, қазақстандықтарды карантин талаптарын сақтауға шақырды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Жақыныңа жанашыр бол: Вирус жұқтырған елордалық халықты санитарлық талаптарды сақтауға шақырды

- Сіз бұл инфекцияны қайдан жұқтырдыңыз? Сонымен қатар алғашқы белгілері қандай болды? 

- Менің танысымнан коронавирус оң нәтиже көрсеткеннен кейін өз бетіммен тес тапсырдым. Менен де оң нәтиже көрсетті, бірақ симптомсыз түрі болды бастапқыда. Сол себепті үй карантинінде жаттым. Симптомсыз түрі болғандықтан, жеңіл өтіп кететін шығар деп ойладым. Алайда өткен дүйсенбіде аяқ астынан температурам 38-ге дейін көтеріліп, түспей қойды. Қызу түсіретін дәрі ішіп ем, алайда көмектескен жоқ. Тыныс алуым қиындай түсті. Кеудемнің қызып тұрғаны сезілді. Дереу жедел жәрдем шақырдым. Сөйтіп, кеудемді томографияға түсіргенде, пневмонияның басталғаны анықталды. Содан соң елордадағы жаңадан ашылған модульді жұқпалы ауруханасына жатқызды. Менің жағдайым қазір жаман емес, бірақ әлі де құрғақ жөтел бар. 

- Ауруханада сіздерді қандай дәрі-дәрмекпен емдеп жатыр? 

- Таңертең біздің дене қызуымызды және қанның құрамындағы оттегінің мөлшерін өлшейді. Алувия деген препаратты күніне екеуден екі мезгіл, яғни таңғы аста және кешкі ас кезінде ішеміз. Бұл тамақпен біріледі. Сонымен қатар цефтриаксон деген антибиотикті екі мезгіл қабылдаймыз. Одан соң дәрігерлер науқастардың жағдайын білу мақсатында жеке-жеке аралайды. Адама ағзасына байланысты алувия препараты кері әсер беруі мүмкін. Сондай кезде тағы басқа дәрілерді жазып береді. Мәселен, емделушілердің асқазаны ауыруы мүмкін, оған асқазанның дәрісін береді. Мен бұл препаратты бес күн қабылданағаннан кейін, асқазаным ауыра бастады. Сол себепті креон деген дәрі жазып берді. Сонымен қоса қанды сұйылту үшін клексан деген дәріні егеді. 

- Жалпы аурухананың жағдайына көңіліңіз тола ма? 

- Мен орналасқан аурухана жаңа болғандықтан, жағдайы жақсы. Соңғы технологиялармен жабдықталған. Алайда аймақтардағы ауруханалардың жағдайы да осындай деуге келмейді. Мәселен, бізде вирус бар аймақтағы ауаны тартып алатын технология орнатылған. Күні-түні қосылып тұрады. Бөлмедегі вирус бап ауаны өзіне тартып, сыртқа жібереді. Жалпы, дәрігерлер отыратын жер қауіпсіз аймақ деп саналады, олар үшін арнайы орын белгіленген. Ал біздікі - қауіпті аймақ, себебі бөлмемізде вирус бар. Осылайша, ауаны тазартып тұрады. Сонымен қоса бізге де дәлізге шығуға рұқсат жоқ. Мұнда бір не үш кісілік палаталар бар. Мен бір адамға арналған палатадамын. 

- Коронавирусқа келесі тестті қашан тапсырасыз? Ауруханадан шыққан соң ем алу жалғаса ма?

-Келесі тестті осы аптада тапсырамын. Негізі емдеу курсы 10 күнге созылады. 10 күн өткеннен кейін тест тапсыруға болады. Сонымен қатар 10 күн бойына тұрлі дәрі ішкеннен кейін, бір күн ағзаңызды демалтуға уақыт береді. Содан соң ғана тес тапсырасыз. Өйткені дәрі тест нәтижесін қате беруі мүмкін. Кеудені тағы да томографияға түсіреді. Сонымен қатар ауруханадан шыққаннан кейін де ем жалғасады. Себебі маған өзім тіркелген емханаға хабарласу керегін айтқан болатын.

- Өзіңіз білетіндей, қазір көпшілік бұл аурудың барына сенбейді. Олардың көбісі мемлекеттің саясаты дегенді алға тартады. Осы орайда, өзіңіздің басыңыздан өзткеннен кейін қазақстандықтарға қандай кеңес бересіз?

- Бүкіл дүниежүзі болып жалған вирусқа даурықпайды. Карантин енгізу, қаншама адамды жұмыссыз үйде ұстап отыру - үкметке тиімсіз, ешқандай пайдасы жоқ. Мәселен, жұмыс орындарының тоқтауына байланысты үкіметке салық түсіп жатқан жоқ. Оны саясат деп, бұдан саяси астар іздеудің қажеттілігі жоқ. Мен журналист болған соң, бұл тақырыпты зерттеп шықтым. Аурудың белгілерін де білдім, қолымнан келгенше сақтық шараларын да ұстандым. Соның өзінде мен жұқтырып алдым. Демек, сіздің жұқтырмайтыныңызға ешкім кепілдік бермейді. Ешкім бұл дерттен сақтандырылмаған. Менің ойымша, сіздің таныстарыңыздың, туыстарыңыздың ешқайсысы бұл ауруға шалдықпаса, керісінше қуану керек. Яғни, ауру сіздің ортаңызға жеткен жоқ. Аймақтарда, кішкентай ауылдардағы адамдарға бұған сену қиын. Бірақ сол елдімекендерге жетпегеніне қуануымыз керек. Коронавирус та басқа инфекциялар сияқты вирус. Алайда бұны қалай емдеу керегі, уақыт өткеннен кейін қандай кері әсері болатыны әлі анықталған жоқ. Сол себепті бұл қауіпті болып отыр. Сонымен қатар науқас саны көбейіп кетсе, дәрігерлер жетпей қалуы мүмкін. Сол жағынан да бұл қауіпті дерт. Мәселен, қазір елордадағы ауруханаларда орын жоқ. Соған сәйкес, дәрігерлер де тәулік бойына дем алмастан қызмет көрсетіп жатыр. Қазіргідей күн ыстықта қырыққабат киім кию де оңай емес. Сырт көзге байқалмауы мүмкін. Алайда ауруханада жатып, тыныс-тіршілігімен танысқан соң, көзіңіз жетеді. Ал енді науқастар шамадан тыс асып кетсе, дәрігер де, препарат та, жасанды тыныс алу аппараты да жетпей қалуы мүмкін. Өйткені қарт адамдар мен созылмалы ауруы барлар үшін ауыр жағдайда өтіп жатыр. Міне, нағыз осындай қажет кезде аппарат жетпей қалса, өлім-жітім артып кетуі мүмкін. Сондықтан барлық қазақстандықты санитария талаптарын сақтауға шақырамын. 
 
Cұхбатыңызға рахмет! Сауығып кетіңіз!

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды