• Басты
  • Жаһандану және жастар тәрбиесі

Жаһандану және жастар тәрбиесі

9 Шілде, 2021 18:31

Кез-келген мемлекеттің қозғаушы күші, қоғамның драйвері – жастар. Жастар жаңалыққа, өзгерістер мен жедел іс-қимылға бейім. Еуразия кеңістігіндегі елдердің тарихына үңілсек, жастар және олардың қозғалыстары мемлекеттің дамуына үлкен түрткі болған. Қоғамды дүр сілкіндірген тағдыршешті оқиғалардың бел ортасында белсенді жастар жүрді. Қазіргі уақытта да мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өміріне жастар белсенді араласып, елеулі орын алып келеді. Мемлекет өзінің әлеуметтік саясатына сәйкес жастардың білім алуы, баспанамен және жұмыспен қамтылуына қажетті бағдарламаларды қабылдады. Дегенмен, жастар арасындағы қылмыс, нашақорлық, жат ағымның жетегінде кету, сыртқы миграция, ажырасу сияқты проблемалар да жоқ емес. Сондықтан жаһандану жағдайында жастарға мемлекет тарапынан көңіл бөліп, рухани-патриоттық тәрбие беру – өзектілігі жоғалмайтын міндет.

Қазіргі уақытта адамзат білімі мен дүниетанымына сыртқы ықпалы үлкен, әлемдік қоғамдастықтың келешек даму бағыт-бағдарын айқындайтын жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатыр. Бұл барлық елдерге, оның ішінде әсіресе халықаралық қауымдастықпен интеграциялануға дайын,  экономикалық және саяси жүйесі ашық елдерге тікелей қатысты. Әрине, алыс-жақын мемлекеттер сауда-экономикалық, ақпараттық-мәдени ынтымақтасып жатқан уақытта оқшауланып өмір сүру мүмкін емес. Бірақ көптеген елдер мемлекеттің ішкі саясаты, өзіндік мәдениеті, дүниетанымы сияқты объективті және субъективті себептерге сәйкес жаһандануды қабылдауға дайын емес. Жаһандану біздің өміріміздің барлық салаларына, атап айтқанда экономикалық, саяси, мәдени салаларға, қоғамға, отбасына, қауіпсіздікке, әлеуметтік өмірге тікелей әсер етеді. Интернеттің пайда болуымен ақпараттық кеңістіктің шекаралары бұзылып, кез-келген жаңалықты жар салып, еш кедергісіз әлемнің бір бұрышынан екіншісіне жеткізу мүмкіндігі кеңейе түсті. Жаңа технологиялардың пайда болып, жаңа экономикалық аймақтардың құрылып, өндіргіш күштердің өзгеруімен әлем дамудың жаңа интеграциялық кезеңіне қадам басты. Яғни, барлық қоғамдық құбылыстар бір-бірімен  терең байланысып, жең ұшына жеңі жалғасып жатыр. Инновацияны, технологияны, білім мен өнерді ең бірінші болып қабылдайтын жастар болғандықтан, олардың өмірге, материалдық және рухани құндылықтарға, төл тарихы мен дәстүр-тіліне, қоғамдағы қарым-қатынас процестеріне көзқарасы өзгеріске ұшырауда. Осы орайда рухани мәселеге қарағанда материалдық қажеттіліктердің алға шыққаны жиі айтылып жатады. Жастар белсенді, көзқарасы тың, энергиясы мол болғандықтан тәжірибесі аз болса да, жұмысы өнімді болып, кез-келген процеске шынайы қызығушылықпен қатысады. Көптеген жастардың шет тілдерін үйренуі коммуникациялық кедергілерді бұзады және кез-келген мемлекеттің жастарымен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Жаһандану жастарға, оның қазіргі өмірге бейімделуіне және сайып келгенде оның әлеуметтенуіне әсер етеді.   

Жаһандану жағдайында әр елдің өзгеруі мен дамуы үшін жаңа күштер, жаңа идеялар, ізгі құндылықтар қажет. Олардың барлығына жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеу арқылы қол жеткізуге болады. Өйткені, жаһанданудың жағымсыз жақтары жастарды жарға жығуы да ықтимал. Қазіргі уақытта тәрбие беру процесі жастардың бойына жақсы қасиеттерді сіңіру ғана емес, заманның кері ықпалынан қорғауға да бағытталған. Жаһандану процесі кезеңінде уақыт ағымы жас ұрпақты қиын таңдау жасауға итермелейді.  Буырқанған бұқаралық мәдениет жеке моральдық және рухани принциптерді шайып жіберіп, этикалық қағидалар жастарды рухани тәрбиелеуде бағдар бола алмай қалады. Әр елдің өз ұлттық мәдениетін нығайту, жергілікті дәстүр-салтын сақтау және жаһанданудың кері ықпалын еңсеру көптеген мемлекеттердің ішкі саяси бағытының басымдықтарына кіреді. Әрбір мәдениет бағзыдан келе жатқан рухани мұрасы негізінде қалыптасады және ары қарай кеңейіп, жаңаша түрленіп отырады. Жаһандық сын-қатерлерге жауап бере отырып, әртүрлі мәдени дәстүрлері бар адамдар мен этнотоптардың үйлесімді және бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз етудің маңызы зор. 

БҰҰ Мыңжылдық да­му бағдарламасында шешуші мәселе ретінде – жас­тар, олардың қалыпты тұрмысы, денсаулығы, тиімді еңбек етуі айтылған. Қазіргі уақытта дүниежүзі мемлекеттерінің 62%-ы (122 ел) жастарға қатысты ұлттық саясат жүргізіп, оны дамыту және қорғау туралы арнайы заңнама қабылдаған. Бұл мемлекеттердің көпшілігінде жастар саясатын іске асыратын мемлекеттік органдар жұмыс істейді. Қазір әлем халқының 50%-дан астамын 30 жасқа дейінгі азаматтар құрайды. Осы көрсеткіш те жаһандық деңгейде жастардың рөлі мен жастар саясатын іске асырудың мақсаттылығын көрсетеді. Қазақстанда тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап жастар қатысты арнайы заңдар мен тұжырымдамалар қабылданып, Президенттің жанындағы және мемлекеттік органдарға қарасты жастар ісі жөніндегі кеңестер, Жастар және отбасы істері жөніндегі комитет, жергілікті әкімдіктерде жастар саясаты жөніндегі басқармалар құрылды. ҚР Президенті Қ.Тоқаев ұсынған «Жастар кадрлық резерві» жобасы кең қолдау тауып, мемлекеттік қызметшілер қатарын жаңа толқынмен көбейді. Кадрлық резервке іріктелген 300 азаматтың 150-і орталық және жергілікті органдарда, ЖОО мен ұлттық компанияларда қызмет етеді. 2020 жылғы сайлаудың нәтижесінде ҚР Парламенті мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарда партиялық тізімде кемінде 30% әйелдер және 20%-ы 35 жасқа дейінгі жастар ұсынылып, қатары көбейді. Қ.Тоқаевтың Жолдаудағы тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы бойынша «Ғалымдар» санаты бекітілді. Ол бойынша ғылыми қызметкерлер әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу, ақыл-ой орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Сондай-ақ жас ғалымдарға 1000 грант тағайындалады. Сондай-ақ жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендия, талантты жастарды қолдайтын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, Тұңғыш Президент – Елбасы қоры мен Кітапханасының арнайы марапттары бекітілген. Қ.Тоқаев былтыр жастарға арналған «Тәуелсіздік құрдастары» сыйлығын тағайындауды ұсынған еді.

 Қазақстан Республикасының жас­тар са­я­са­ты әлеуметтік саясаттың жаңа бағыты бо­лып отыр. Оны қалыптастыруда 1999 жы­лы 28 та­мыз­да қабылданған «Қазақстан Респубикасының Жас­тар са­я­са­ты ту­ра­лы кон­цеп­ци­я­», 2004 жы­лы 7 шілдедегі «Жас­тар са­я­са­ты ту­ра­лы заң» және "Қазақстан 2020: болашаққа жол" мемлекеттік тұжырымдамасы негіз болады. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық кезеңінде елімізде жас­тар ісімен айн­алысатын мемлекеттік құрылым қалыптасты. Жастар ұйымдарының саны 7 есе өсті. Жастарды баспанамен қамту, жұмысқа орналастыру, талантын ашуға арналған бағдарламалар қабылданды. Бірақ осы игіліктер мен жетістіктер жастардың арасында проблема жоқ дегенді білдірмейді. Сындарлы кезеңде қордаланған сын-қатерлер жастар арасындағы байланысты нығайтуға себеп болатыны белгілі. Айтар болсақ, "Қазақстан 2020: болашаққа жол" тұжырымдамасында қазіргі жастардың өзекті проблемасы ретінде:

1. Дәстүрлі құндылықтар жүйесіне жаһанданудың әсері.

2. Материалдық игіліктерге ұмтылу, тұтынушылыққа құштарлық.

3. Патернализм және әлеуметтік инфантилизм.

4. Жастар арасындағы радикализм қаупі.

5. Жастарды жұмыспен қамту, олардың денсаулығы көрсетілген.

Аталған проблемалар тізбесінен көріп отырғанымыздай, жастарға рухани-отаншылдық бағытта тәрбие берудің, әрдайым етене жұмыс істеудің мән-маңызы зор. Бүгінде мемлекет, азаматтық қоғам тарапынан жастардың дамуына байланысты көптеген игі іс-шаралар атқарылып жатыр. Дәстүрлі құндылықтар жүйесін шайқалтпай, рухани игіліктерді биік ұстап, жастарды радикализмнен сақтау, тәуелсіздікті нығайтуға жұмылдыру, ұлттық тәрбие беруде әдебиет әлемінің орны ерекше. Отаншылдық құндылықтар насихатталып, біртұтас ұлт болып қалыптасу үшін кез-келген мемлекетте ең алдымен дамыған экономика, білім мен ғылым, дәстүрлердің сақталуы мен ұлттық мәдениеттің дамуына жағдай жасалуы керек. Осы орайда, халықтың рухани өміріндегі өзекті сұрақтарды көтеретін ақын-жазушылардың шығармалары өзекті бола түседі. Тәуелсіздік тақырыбы да осы қатарға жатқызылады. Оларды тану және білу халықтың ұлттық рухын нығайтып, жалғасып келе жатқан дәстүрлі мәдени және адамгершілік құндылықтарды қайта жаңғыртады. Жаңа тарихтың дәуірлік сипаттары ұлттық әдебиетіміздің кескін-келбетін өзгертіп, оның жаңа идеалдары мен құндылықтарын алға шығарып отырды. Бүгінгі және кешегі классикалық зерттеулерді шығару әдебиет пен әдебиеттану ғылымын дамытуға ықпал етті. Сөз, көркем образдар арқылы қазақ әдебиеті бізге маңызды және терең идеяларды ұсынады. Әдебиет қазіргі қоғамда дәл бұрынғыдай ерекше орын алады және тәрбиелік мән-маңызы зор. Жаңа әлеуметтік-мәдени шындыққа бейімделу арқылы отандық әдебиет Батыс пен Шығыстың әдебиет әлемімен интеграциясын нығайтуда.

Әдебиеттің әлемді танудағы, халықтың рухани сана-сезімін қалыптастырудағы орны үлкен. 2015 жылғы сәуірдегі Қазақстан Халқы Ассамблеясының отырысында Н. Назарбаев қазақстандық интеллигенцияның алдына жалпыхалықтық құндылықтарды насихаттайтын, өскелең ұрпақты Отаны мен өлкесін сүюге тәрбиелейтін туындыларды шығаруға шақырды. Оның айтуы бойынша келбеті өзгерген заманауи мемлекетке жаңа шығармалар, жаңа идеалдар мен құндылықтар насихатталуы тиіс. Халық зиялы қауым өкілдері, өнер мен мәдениеттің өкілдерінен асқақ рух, абырой мен намыс, отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерін көрсететін туындылар күтетінін де басып айтқан еді. Н. Назарбаевтың еңбектері мен сұхбаттарында, атап айтқанда Ұлытаудағы рухани даму туралы сұхбатында туған тарихымызды тануға және оны мақтан тұтуға, тәуелсіздік басты байлығымыз екенін түсінуге шақырды.  

Президент болып сайланғаннан кейінгі алғашқы сұхбатында Қ. Тоқаев жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу ісін басты назарда ұстау қажеттігін айтты. Ол сөзінде: «Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік, ұлттық ұстанымға адал, білімді, өткір, отаншыл жастарымыздың тұтас бір буыны қалыптасты. Біз соларға арқа сүйейміз. Олар Абай айтқан бес асыл іске берік – талапшыл, еңбекшіл, ойшыл, қанағатшыл, рақымшыл болса – онда біздің еліміздің болашағы жарқын, жұлдызы жоғары болмақ!» дей отырып, Абай мұрасының бүгінгі ұрпаққа жол сілтеуші темірқазық екендігін білдіргендей. Абай мұрасы – қазіргі жастарға қажетті рухани азық, онымен Ғаламтор желісі арқылы ғана емес, қаламыздағы кітапханалардан танысқан дұрысырақ. Абай жаңашылдығының терең мағынасы мен ашық айтқан өткірлігі – түрлі өмірлік жағдайларда қажет болатын кеңестер. Оларды түсінуге тырысу, жастардың адамгершілік құндылықтарды қабылдауы мен Отан алдындағы парызын түсінуі – қазіргі уақытта өте қажет маңызды құбылыс. Шынайы гуманизм, адамның мейірімі мен қажеттіліктеріне назар аудару, өмір сүру салтындағы әділеттілік, әлемге ашық көзқарас, немқұрайлылық, рухани жалқаулық, дүниеқоңыздық, бұзақылық, ойсыздық пен бейберекетсіздік, артта қалғандық пен надандықты жақтырмайтын рухани максимализм – Абай қозғаған кешегі және бүгінгі қоғамдағы жастарға қажетті құнды дүниелер. Яғни, Абайдың мұрасы, тәуелсіздік құндылығы жастардың жаңа замандағы жол сілтеушісі бола алады.

Қазақстанның тәуелсіздік алуы жаңа мемлекеттің жастарын этикалық және адамгершілік, отаншылдық тәрбиелеу мәселелерін алға шығарды. Кеңес Одағы ыдыраған соң, тәуелсіздік алғашқы жылдарындағы тоқырауында қылмыс, нашақорлық, маскүнемдіктің саны көбейсе, екінші жағынан қоғамда жаңа құндылықтар орнай бастады. Қазір елімізде бірнеше тілді меңгерген, заманауи ақпараттық технологияларды білетін белсенді, белгілі бір мақсатқа ұмтылатын жас ұрпақ өсіп келеді. Бұл ұрпақты қолдап, әмбебап адами құндылықтар ұғымын қалыптастыру қажет екені рас. Сонда ғана белгілі бір топтардың, шектеулі адамдардың емес, жалпы қоғамның өркендеуіне мүдделі сауатты, өнегелі азаматтар өсіп шығады. Өз Отанын сүйетін, осы жердің тарихы мен тілін құрметтейтін, ондағы өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін сыйлайтын, бірақ ортақ құндылықтары бар екенін түсінетін, өзара сенім мен түсіністік рухында тәрбиеленген азаматтар әрқашан әлемге ашық, ізденімпаз, білім мен ғылымға құмар, жат қылықтардан аулақ және өз халқын шын сүйетін болады.

Барлық жаңалықтар