• Главная
  • Жаңа жолдау: Мемлекет басшысы қандай тапсырмалар берді
1 сентября, 2020 17:56

Жаңа жолдау: Мемлекет басшысы қандай тапсырмалар берді

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазасқтан халқына жолдау жариялады. Ол өз жолдауында қазіргідей қиын жағдайда қызмет еткен дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, еріктілерге, кәсіпкерлерге алғыс айтты. Сонымен қатар мемлекет тарапынан жасалған шараларға баса назар аударып өтті. Сондай-ақ ол сарапшылардың жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет деген болжамын тілге тиек етті. Осы орайда, Тоқаев әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта Қазақстан да жаңа реформалар қабылдауға тиіс екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет. Сонымен қатар азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасап, олардың құқығын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту үшін бірқатар шараны ұсынды. Мемлекет басшысының жолдауда айтылған басты ұсыныстары мен тапсырмаларын Strategy2050.kz тілшісі дайындаған материалдан оқи аласыздар.

Жаңа жолдау: Мемлекет басшысы қандай тапсырмалар берді

Жолдау барысында мемлекет басшысы пандемия кезінде халыққа көрсетілген көмек туралы айтып өтті. Президенттің сөзіне сүйенсек, бүгінде 4,5 миллионнан астам азамат 42 мың 500 теңге көлемінде көмек алған. Оған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған. Миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілген. «Nur Otan» партиясы төрағасының бастамасымен 550 мыңнан аса отбасы «Біргеміз» қорының қолдауымен бір жолғы қаржылай көмекке ие болды. Сонымен қоса Тоқаевтың айтуынша, мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінуде. Сонымен қатар әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысына 2023 жылға дейін шамамен 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.


Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқартуды жеделдету

Тоқаевтың айтуынша, ол үшін мемлекеттік қызмет жүйесін қайта жүктеу керек. Пандемия кезінде мемлекеттік шенеуніктердің қашықтан жұмыс істеуі - мемлекеттік аппаратты қысқартуға және азайтуға болатындығын көрсетті.

«Мен мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің қысқару мерзімін жеделдетуді тапсырамын. Биыл оларды 10%, ал келесі жылы тағы 15% қысқарту керек. Осылайша, біз шенеуніктерді 2021 жылы 25% қысқарту мәселесін шешеміз», - деді Тоқаев жолдауда.

Оның сөзінше, цифрландыруды ескере отырып, одан әрі азайту туралы шешім қабылданады. Ал үнемделген қаражат қалған жұмысшылардың жалақысын арттырады. Төмен жалақы төленетін мемлекеттік қызмет қоғам үшін тым қымбат. Сондықтан 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап фактор-балдық шкала енгізілуі керек. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі мен ынтасының артуына әкеледі.

Жаңа бағыттағы экономиканың дамуы

Шынайы әртараптандырылған, технологиялық экономиканы құру қажет. Сонымен бірге экономика халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жұмыс істеуі тиіс. Ұлттық табыстың өсуінен алынатын жеңілдіктерді әділ бөлуге, тиімді әлеуметтік «өсуге» деген халықтың сұранысын қанағаттандыруы керек. Сондықтан Тоқаевтың сөзінше, біздің еліміздің жаңа экономикалық бағыты жеті негізгі қағидаға негізделуі керек:

1.    пайда мен жауапкершіліктің әділ бөлінуі

2.    жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі

3.    әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарықтардың ашылуы

4.    өнімділікті арттыру

5.    адама капиталының дамуы, жаңа типтегі білім беру саласына инвестиция құю

6.    экономиканы «көгалдандыру» және қоршаған ортаны қорғау

7.    мемлекеттің саналы шешімдер қабылдауы және ол үшін қоғам алдындағы жауапкершілік

 

Өнеркәсіптік әлеуетті толық пайдалану

Өнеркәсіп саласындағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді.

Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды.

«Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажет. Өнеркәсіпті реттеу және оған қолдау көрсету мәселелері түрлі заңнамалық актілерде көрініс тапқан. Бірақ, ортақ мақсат көрсетілмеген, жүзеге асырылатын саясат пен шаралардың арасында өзара байланыс жоқ. Сондай-ақ, жекелеген секторларды немесе салаларды реттейтін көптеген заң бар. Мысалы, «Электр энергетикасы туралы» заң, «Көлік туралы» заң. Өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» бірізді заң жыл соңына дейін әзірленуге тиіс», - деді Тоқаев.

Сонымен қоса ол өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керегін еске салды. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ. Соның салдарынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп отырмыз деді мемлекет басшысы.


Ауыл шарушылығын дамыту

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін еске салды. Оның сөзінше, салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы.   

«Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек», - деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, Қазақстанда ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік бар.

Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік береді. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек.

«Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады», - деді Тоқаев.

Сол себепті ол субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ, Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет.

 

Көлік-логистикалық кешенді дамыту

«Көлік жүйесінің жаңа инфрақұрылымдық негіздері қалыптасты, елдің әлемдік көлік дәліздеріне интеграциясы қамтамасыз етілді, Қазақстанның тарихи мәртебесі Азия мен Еуропаны байланыстырушы буын ретінде қалпына келтірілді», - деді мемлекет басшысы.

Бірақ оның айтуынша, бұл саладағы бәсекелестік өте жоғары. Орталық Азия аймағында Қазақстанның транзиттік әлеуетін төмендетуге мүмкіндік беретін баламалы жобалар пайда болды. Сондықтан «Нұрлы жолдың» екінші кезеңі Қазақстанның еліміздің көлік-транзиттік секторының жетекші рөлін шоғырландыруға бағытталуы керек.

2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолға, яғни барлық республикалық жолдарға қайта құру және жол қызметін ұсыну.


Шағын және орта бизнеске қолдау

Ұлттық банк ең көп зардап шеккен секторларда ШОБ үшін арнайы айналым қаражатын толтыру бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұрын ол осы жылы жұмысын аяқтайды деп болжанған болатын. Тоқаев бұл бағдарламаны қазіргі дағдарыс жағдайында 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды, сондай-ақ оның қамту аясын кеңейтуді тапсырды.

«Осы үшін бағдарламаның жалпы көлемін 800 миллиард теңгеге жеткізіп, қосымша 200 миллиард теңге қарастырылуы керек», - деді президент.

Сонымен қоса ол мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік объектілеріне ШОБ үшін жалдау ақысын жыл соңына дейін тоқтата тұруды тапсырды.

 

Ақша-несие саясатын реттейтін комитет құрылады

Қаржы секторындағы негативті фактор тұтынушылық сегмент пен бизнесті несиелеу арасындағы дисбаланс болып отыр. Сондықтан тұтынушыларға шектеусіз, кейде жауапсыз несие беруді тоқтату ​​қажет, бұл әлеуметтік салдарға алып келеді. Азаматтардың қаржылық сауаттылығының болмауы несиелік өнімді таңуға себеп болмауы керек.

Ол биыл өзінің бастамасымен заңнамалық және нормативтік-құқықтық база өзгертілгенін атап өтті. Қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалауға қойылатын талаптар едәуір күшейтілді.

«Бұрын тұтынушылық несиелер берген микроқаржы ұйымдары, ломбардтар және басқа қаржы институттары мемлекеттік бақылауға алынды. Бірақ тәуекелдер сақталады. Әсіресе, дағдарыс кезінде, халықтың кірісінің төмендеуі кезінде тәуекелдер сақталуы керек. Қаржы нарығын реттейтін агенттік пен Ұлттық банк бұл проблеманы шешу үшін қосымша шаралар қабылдауы тиіс. Бұл несие беретін ұйымдарға да қатысты. Біз ақша-несие сасатына қатысты сенімділікті қалыптастыруымыз керек. Сондықтан елімізде Ұлттық банктің структурасында ақша-несие саясаты комитеті құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына тәуелсіз сарапшылар да кіреді», - деді президент.

 

Жаңа жекешелендіру жоспары

«Мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалуы керек», - деді Тоқаев.

Оның сөзінше, квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуға тиіс.

«Бәйтерек» және «ҚазАгро» компаниялары индустрияландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне елеулі үлес қосып, бұрын бір-бірімен байланыссыз болған қаржы институттарының қызметін ретке келтірді.  Оның пайымынша, осы екі ұйымды біріктіріп, қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құрған керек.

«Бұл ретте, портфельді компаниялардың саны 2 есеге азайып, штат саны да 50 пайызға қысқаруға тиіс», - деді мемлекет басшысы.

 

Аймақтарды дамыту

Аймақтардың бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып дамыту қажет. Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының өнеркәсіптік әлеуетін белсенді түрде дамыту керек. Мемлекеттің еңбек ресурстарының жартысы осында шоғырланған, жоғары сапалы жұмыс орындары осы аймақтарды дамыту үшін өте маңызды. Аграрлық секторды дәстүрлі қолдаумен қатар, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуге, тамақ және тоқыма өнеркәсібін дамытуға, құрылыс материалдары өндірісіне және басқа да өнеркәсіптік салаларға мейлінше назар аудару қажет.

Ірі металлургиялық кәсіпорындар жұмыс істейтін аймақтарды дамытудың жаңа көзқарас қалыптасуы керек. Бұл, ең алдымен, Шығыс Қазақстан, Қарағанды ​​және Павлодар облыстары. Бұл аймақтар жоғары технологиялық, ғылымды қажет ететін өндірістер мен техникалық қызметтердің орталықтарына айналуы тиіс.

Қазақстанның батыс аймақтары мұнай-химия кешендерін салуға, қосылған құны жоғары жаңа өндіріс циклдарын құруға инвестицияларды тарту орталығына айналуы керек.

«Ауылдың әлеуетін толық ашу проблемасы стратегиялық маңызды болып қала береді. Ауылдағы ең өткір мәселелерді шешуге бағытталған «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасады», - деді Тоқаев.

 

Азаматтардың жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар

Баспана мәселесі

Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, тұрғын үй мәселесімен тығыз байланысты.

Мемлекет басшысының нұсқауы бойынша тұрғындарды олардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мәселесі айтылды.

«Қазірдің өзінде 2021 жылы 700 мың БЖЗҚ салымшылары жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе оны қаржы компанияларының басқаруына беру үшін пайдалана алады», - деді Тоқаев.

Тоқаев үкіметке Ұлттық банкпен бірге барлық қажетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдауды және осы жылдың аяғына дейін дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Тұрғын үй мәселелерін дербес шешу үшін табысы жеткіліксіз азаматтарға тиімді әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

«Осы жылы «5-10-25» бағдарламасы жұмыс істей бастады. 390 миллиард теңге бөлінді. Осы бағдарламаның орындалуын Үкімет үнемі қадағалап отыруы керек», - деп атап өтті мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Тоқаев «Отбасы банкіне» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің базасында жасалып жатқан бұл жұмысты оңтайландыруды тапсырғанын атап өтті.


«Аңсаған сәби» бағдарламасы

Тоқаевтың сөзінше, Қазақстандағы әрбір алтыншы отбасы балалы бола алмайды.

Тоқаев үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырды. ЭКО бағдарламаларына квоталар санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есеге дейін арттыру қажет.

«Біз кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікті едәуір күшейттік. Бірақ мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Мұндай қылмыскерлер кешірім жасау және мерзімінен бұрын босату құқығынсыз неғұрлым қатаң жазаға лайық. Олар барынша қауіпсіз орындарда болуы керек», - деді Тоқаев.

 

Білім саласы

Тоқаев білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы екенін еске салды.

«Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25  пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді», - деді мемлекет басшысы.  

Бұл мақсатқа алдындағы үш жылда косымша 1,2 триллион теңге бөлінбек.

Тоқаев 2025 жылға дейін 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтуды қамтамасыз ету туралы міндет қойғанын атап өтті.

«Тек мемлекеттік балабақшалар салу бұл мәселені шеше алмайды. Бізге жеке бизнесті тарту, қолдаудың жаңа формаларын, оның ішінде ваучерлік қаржыландыру механизмін табу қажет. Ата-аналар кез-келген балабақшаны немесе мектепті таңдап, мемлекеттен жолдамамен төлей алады», - деді Тоқаев.

 

«Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлінеді

Тоқаевтың сөзінше, ғылым саласын дамыту үшін бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет.

«Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын», - деді ол.

Үкіметке қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қоса ірі бизнес өкілдері өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қамқорлыққа алуын тілге тиек етті.

 

Медициналық инфрақұрылымды дамыту

Тоқаев медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында үстеме ақы үшін 150 миллиард теңге бөлуді тапсырды.

«Дәрігерлердің 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері шешілді, бірақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тік тұрғызу керек. Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдары Қазақстанда өндірілуге тиіс», - деді мемлекет басшысы.

Жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі. Елбасының бастамасымен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2  көпсалалы медициналық орталық салынады. Бұл орталықтар еліміздің бетке ұстар мекемелеріне айналып, инновациялық өсімге және қолданбалы медицинаның дамуына тың серпін беретін болады.

 

Экологияны сақтау

Бірқатар жүйелік мәселелерді шешу үшін жаңа Экологиялық кодекстің жобасы әзірленді. Тоқаев парламенттен осы маңызды құжатты жылдың соңына дейін қарастырып, қабылдауды сұрады.

«Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту бойынша практикалық шараларды жүзеге асыруды бастауды тапсырамын. Биологиялық әртүрлілікті сақтау мен орнықты пайдаланудың ұзақ мерзімді жоспарлары бекітілуі керек», - деді Тоқаев.

Оның сөзінше, алдағы бес жылда орман қорына 2 миллиардтан астам, елді мекендерге 15 миллион ағаш отырғызылады. Елорданың да айналасына жасыл белдеу құру мәселесі өзекті болып отыр.

Заңды және нормативтік тұрғыдан Қазақстанның ұлттық саябақтарын және басқа да табиғи байлықтарын қорғау, осы салада құқық бұзушылық жасаған азаматтарға қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартуды күшейту қажет. Мектептер мен университеттерде жас ұрпақтың экологиялық тәрбиесіне тиісті назар аудару қажет. Қоғамдағы экологиялық құндылықтарды нығайтуға арналған «Birge - taza Qazaqstan» экологиялық акциясы жүйелі түрде жүргізілуі керек.

Тоқаев үкіметке азаматтық сектормен бірге жануарларды қорғау туралы заң жобасын әзірлеуге тапсырма берді.

Фото: ашық дереккөз