• Басты
  • Жаңа жоба бойынша кәсіпкерлікті дамытуға қандай мүмкіндіктер беріледі
6 Қараша, 2019 10:23

Жаңа жоба бойынша кәсіпкерлікті дамытуға қандай мүмкіндіктер беріледі

Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов "Бизнестің жол картасы 2020" мемлекеттік бағдарламасының іске асу нәтижелерін қорытындылап, 2025 жылға арналған бағдарламада бизнесті дамытуға кәсіпкерлерге қандай мүмкіндіктер берілетінін айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 


Жаңа жоба бойынша кәсіпкерлікті дамытуға қандай мүмкіндіктер беріледі

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, аталған бағдарламаның екінші бес жылдығында бизнес саласы айтарлықтай нәтижелер көрсеткен. 

"Бизнестің жол картасы 2020 мемлекеттік бағдарламасының екінші бес жылдығында нақты нәтижелерге жетті. Мәселен, осы жылы қабылданған шаралардың негізінде Қазақстан дүниежүзілік банктің "Doing business" рейтингінде 25-орынға ие болды. Бұл рейтинг бойынша еліміз 2015 жылмен салыстырғанда 16 бірлікке көтерілді. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 28,4 пайызға дейін артты. 2015 жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 400 мыңға өсіп, 1,3 млн-ды құрады. Жұмыспен қамтылғандардың саны 300 мыңға артып, 3,3 млн адамды құрады", - деді министр.

Сонымен қатар ол бағдарлама аясында кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілгенін атап өтті. Сондай-ақ оның айтуынша, бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен 300 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.

"Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге көптеген қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау, несиелере кепілдік беру, мемлекеттік гранттарды ұсыну, кәсіпкерлерді оқыту және инфрақұрылымды жеткізу. Бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен 282 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 16 мыңнан астам орта және шағын бизнес субьектілері қаржыландырылды. 100 мыңнан астам кәсіпкер оқытылды. 15,5 трлн теңгеге өнім өндірілді, 1 трлн теңге шамасында салық төленді", - деді Дәленов. 

Бұдан бөлек Ұлттық экономика министрі жаңа жоба шеңберінде бизнесті дамытуға берілетін мүмкіндіктерге тоқталып өтті.

"Кәсіпкерлер 7,1 пайызбен несие ала алады. Несие 2,5 млрд теңгеге дейін беріледі. Мемлекет тарапынан 60 млн теңгедей несиеге кепілдік беріледі. Сонымен қатар 3 млн теңгеге дейін өтеусіз грант ұсынылады. Азаматтарды бизнес негіздеріне оқыту бойынша шаралар қарастырылған. Бағдарлама шеңберінде консультациялар өткізіледі, одан басқа оқыту мен тағылымдамадан өту қарасырылған. Олар екі күн немесе екі-үш апта жүргізіледі", - деді ол.

Сондай-ақ оның айтуынша, бағдарламаның екінші бес жылдығында 120 мыңға жуық кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болған. 9 мыңнан астам кәсіпкердің несиесі субсидияланып, 5 мыңнан астам кәсіпкерге кепілдік ұсынылған. 100 мыңнан астам азамат бизнесті жүргізу бойынша оқытылып, 2 мыңға жуық грант берілген. 

Сонымен қатар ол "Бизнестің жол картасы 2020" шаралары осы жылы аяқталатынын атап, бағдарламаның жаңа жобасында көрсетілген міндеттер мен мақсаттарға тоқталды. Сондай-ақ бағдарламаның келесі кезеңін қаржыландыру өткен бес жылдық кезеңмен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғаятынын айтты.

 "Жобада мақсаттар мен міндеттер сақталды. Бірінші, айналым қаражатын несиелеу көлемі 60-тан 360 млн теңгеге дейін ұлғаяды. Екіншіден, несиеге қолжетімілік арттырылуда. Бұл үшін микроқаржы ұйымдардың несиелерін субсиядиялау және кепілдендеіру енгізіледі. Үшінші, кәсіпкерлерге жұмыспен қамту және салық түсімдерін арттыру талабы жетілдірілді. Төртінші, кәсіпкерлерді әр сатыда сүйемелдеу күшейтіледі. Бұл оқыту, несие және қолдау алу үшін тиісті құжаттарды дайындау және тауарларды өткізу жолдарын ұйымдастыру. Бағдарламаның келесі кезеңіне 421 млрд теңге қарастырылған. Қаржыландыру өткен бес жылдық кезеңмен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғаяды", деді ол. 

Сонымен қатар ол 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін кем дегенде 35 пайызға, өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 13,4 пайызға жеткізу көзделгенін атап өтті.
 
"Шағын және орта бизнестің дамуы экономиканың сатылап дамуына ықпал етеді. Ол үшін қажетті шаралар қабылдануда. Бизнесті жүргізу шарттары түбегейлі жақсарып, кедергілер азаяды және рұқсат беру құжаттарының тізбесі қысқарады. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін ынталандыру шаралары қабылдануда. Біздің міндетіміз - іскерлік ортаны жетілдіру. 2025 жылы экономиканың үштен бірінен астамы шағын және орта бизнеске тиесілі болады.  Ал 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес жалпы ішкі өнімнің жартысын құрайды", - деді министр.

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды