• Басты
  • Жаңа жағдайдағы неке мен отбасы мәселелері

Жаңа жағдайдағы неке мен отбасы мәселелері

30 Қараша, 2020 11:41

Қазіргі таңда отбасы және бала тәрбиесі – ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені, отбасы – қоғамның негізгі әлеуметтік институты, адам өмірінің ошағы. Бүгінгі күннің өмір салты мен талаптарына сәйкес отбасы институты өзінің дәстүрлі формасынан жаңа модельге біртіндеп өзгеріп келе жатыр. «Бұл заманның ағымына сай қалыпты үрдіс және оған алаңдаудың қажеті жоқ» деп айтушылар да аз емес. Дегенмен, Қазақстан үшін отбасы құндылығы, тәрбие, ана мен бала денсаулығы, әлеуметтік жағдайы мен қауіпсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі шешілуі тиіс өзекті проблемалар. COVID-19 кезеңінде аталмыш мәселе өзекті бола түседі.

Соңғы онжылдықтарда отбасы институты мыңдаған жылдарға қарағанда көп өзгерді. Ұлыбритания мен Австралияда неке санының төмендеуі байқалды және қазіргі уақытта ол өз тарихындағы ең төменгі деңгейіне жеткен. Некенің саны дамыған елдерде ғана төмендеген жоқ, өйткені Латын Америкасынан, Африкадан және Азиядан алынған зерттеулер оның азаюын көрсеткен. 1990-2010 жылдар аралығында әлемнің көптеген елдерінде неке санының азаюы байқалды. Бірақ осы трендтің айналасында әр мемлекеттің өзіндік айырмашылықтары бар. Кейбір елдерде оның саны аз да болса артқан, мысалы, Қытайда, Ресейде және Бангладеште неке бірнеше онжылдыққа қарағанда көбейген деген деректер бар.

Көптеген елдерде неке санының азаюы неке жасының ұлғаюымен қатар жүреді. Адамдардың үйлену жасының ұлғаюы дамыған елдерде, әсіресе Солтүстік Америкада және Еуропада айқын көрінеді. Мысалы, Швецияда әйелдердің үйлену жасы орташа 1990 жылғы 28 жастан 2017 жылы 34 жасқа дейін өсті. Бангладеште және Африканың бірқатар елдерінде неке жасы төмен қалпында бірнеше жыл бойы сақталған. Балалар некесі кең тараған Нигерде 1990-шы жылдардың басынан әйелдердің отбасын құру орташа жасы 17 жас болып келеді. Бірақ әр елдегі жағдайдың өзіндік ерекшелігі бар. Норвегиядан Жапония, Чилиге дейінгі аймақтағы мемлекеттерде әйелдердің некеге тұру жасы артып келеді. Өткен ғасырдан бастап әлемнің батыс бөлігінде некеге, ажырасуға, отбасының өміріне, бір жынысты некеге деген көзқарас өзгергені белгілі. Мысалы, Ұлыбританияда 1971 жылы шамамен 405 000 адам некеге отырса, 2011 жылы ол 275 000-ға дейін азайған. Оның басты себептеріне қаржы шығындары, қоғамның «үйлену керек» дегенге көзқарасының өзгеруі, әйелдердің еркектерден қаржылық тәуелсіздігі де жатқызылады. Қоғам неғұрлым ашық бола бастаған сайын, некедегі кейбір құндылықтар маңыздылығын жоғалтып, екіншісі алға шығады. Соның ішінде бірнеше тенденцияға тоқтала кетуге болады:

-   Неке қидырмай бірге өмір сүру. Бүгінгі таңда Еуропадағы барлық некенің шамамен 60 пайызы алдымен бірге тұру тәжірибесінен өтеді екен. Бұл қаржылық немесе әлеуметтік себептермен, мысалы, дінаралық қатынастарға байланысты үйлене алмайтын адамдар арасында болуы мүмкін. Бірге тұру жастар арасында да кеңінен тарала бастады, өйткені олар некеге дейін адамдар бір-бірін танып-білуі қажет деп санайды. Бүгінгі қоғамда некеден тыс бала туу мысалдары да жиі кездеседі.

-   Отбасын құрудың орташа жасы өсіп, бала туудың кейінге қалдырылуы немесе әлеуметтік-денсаулық жағдайына байланысты баласыз отбасылар да аз емес. Тіпті, батыс қоғамында кең тараған білім іздеу, мансаптық өсуді жоғары қойып, баланы кейінге қалдырған жұптар шығыс қоғамында да баршылық. Мысалы, Қытайда ең алдымен «бір отбасы – бір бала» саясатының әсерімен, сондай-ақ баланың денсаулығы, білім алуы мен отбасын құруы үлкен шығынды қажет ететіндіктен, көп балалы отбасыны кездестіру қиын.

-   Жаһанданудың ықпалы. Халықаралық және трансшекаралық қатынастар нығаюымен өмірдің барлық аспектілері, соның ішінде отбасылық өмір де өзгерді. Гендерлік теңдік пен әйелдердің қаржылық тәуелсіздігі нығайды, Еуропада бір жынысты некеге рұқсат берілді. Некеге тұрған бірақ бөлек қалада, бөлек мемлекетте тұратын азаматтар да бар. Яғни, дәстүрлі бір үйде өмір сүретін, балалы-шағалы отбасы моделі өзгерді.

-   Бұқаралық ақпарат құралдарының әсері. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамның мәдени-рухани дамуына ықпал ететін құрал дейтін болсақ, қазіргі уақытта көптеген шет елдік телешоулар бір жынысты немесе «азаматтық неке» идеясын көрсетеді және оның қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға әсер етеді.


2018 жылғы әлем бойынша үйленудің 1000 адамға шаққандағы көрінісі 

Жоғарыда айтылған үрдістермен қатар біз ерекше назар аударатын мәселе – ажырасу, оның себептері мен салдары. Небәрі 5 жыл ішінде Қазақстанда 733 606 неке қиылса, 268 504 ажырасу жағдайы тіркелген. Бұл ретте ажырасулар саны жыл сайын артып келеді, егер 2018 жылы некелер саны 137,8 мың болса, 2017 жылмен салыстырғанда 2,8 пайызға азайған. Ал 2018 жылы 54,8 мың ажырасу тіркелді, яғни 2017 жылмен салыстырғанда 0,3 пайызға көбейген екен. БҰҰ-ның «Демографиялық есеп – 2017» статистикасына сәйкес Қазақстан ажырасулар саны бойынша әлемнің алдыңғы 10 елінің қатарына енді. 2018 жылғы есепте неке санының ажырасуға коэффициенті – 3-ті құрайды. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV «Неке(ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі бойынша «неке (ерлі-зайыптылық) – ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді туғызатын, отбасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімімен жасалған еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ» деп анықталған. Ал, еркек пен әйелдің, сондай-ақ бір жыныстағы адамдардың шын мәнінде бірге тұруы неке (ерлі-зайыптылық) деп танылмайды. Некені, ерлі-зайыптылықты бұзу заң бойынша олардың біреуі немесе екеуінің өтініші бойынша бұзылады. Ерлі-зайыптылардың бірі қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен жағдайда неке заң жолымен тоқтатылады.

Некені бұзудың жалпы жиі кездесетін себептері – ішімдікке, құмар ойындарға салыну, ерлі-зайыптылардың әлеуметтік сұрақтарға(жұмыс, ақша, тұрғын үй) байланысты кикілжіңдері, некеге адал болмау, тұрмыстық міндеттерді бөлісе алмау, мінез-құлықтың жараспауы. Ажырасу күрделі әлеуметтік проблемаларға әкеп соғады. Ажырасу санының көбеюі ата-анасыз немесе олардың бірінсіз қалған балалар санының едәуір өсуіне әкеледі. Ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлі әлсіреп келе жатыр. Бұл жұмыстың, тұрмыстық мәселелердің шамадан тыс жүктемесі, дәстүрлі рухани-моральдық құндылықтардың әлсіреуі, әсіресе әкелердің балалармен қарым-қатынасының азаюынан болады. Елімізде соңғы жылдарда балаларын туа сала тастап кеткен, сырқатын емдей алмауына байланысты бас тартқан, балаларын ұрып-соғу, асырап алған балаларға қатыгездікпен қарау, тіпті зорлық-зомбылық көрсету фактілері жиі кездеседі. Балаларға  қатыгездікпен қарау немесе өзара түсіністіктің болмауынан отбасынан қашып кеткен, өз-өзіне қол жұмсаған, ішімдікке, нашақорлыққа, жыныстық байланысқа түскен, теріс ағымдарға кірген жасөспірімдердің де саны өсуде. Осындай фактілердің барлығы – отбасылардың күйреуіне немесе соның салдарынан болып жатқан жағдайлар. 


ҚР-дағы некелер мен ажырасулардың саны 


Некені бұзу фактілерінің өзі осы жағдайдың ушығып тұрғанын білдірсе, екінші жағынан, ажырасқаннан кейінгі отбасы мүшелерінің байланысы, бірін-бірі қолдап тұруы, алименттердің төленуі шешімін таппаған мәселенің бірі. Мысалы, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 200 мың алимент төлеу ісі өндірісте болған. Оның ішінде 12 мың 928 жағдай проблемалы алименттер болып саналады. Жиналған алимент қарыздарының сомасы – 6,3 миллиард теңгені құрайды. Бұл төлемі үш айдан артық кешіктірілген алименттер. Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының басқарма төрағасы Е.Ибраевтың айтуынша, алимент төлеуге міндеттелген 200 мың адамның 5 313-і әйелдер, ал қалғаны еркектер болып отыр. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV «Неке(ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексінің 171-бабына сәйкес, алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төлеуге міндетті адамның және (немесе) сот шешімі бойынша алимент төлеуге міндетті адамның кінәсінен берешек пайда болған кезде кінәлі адам алимент алушыға кешіктірген әрбір күні үшін төленбеген алимент сомасының оннан бір пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыппұлын төлейді. 


Соңғы 12 ай ішінде серіктесі тарапынан қандай да бір кезде зорлық-зомбылыққа ұшыраған респонденттердің зорлық-зомбылық түрлері бойынша бөлінуі (2019)  


Көршілес мемлекеттердегі жағдай да көңіл көншітпейді. Қырғызстанда 2019 жылы АХАЖ органдарында 49,4 мың неке немесе 1000 тұрғынға 7,7 неке тіркелген. 2015 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 11 пайызға төмендеген. Ерлер арасындағы алғашқы некеге тұрғандардың үлесі 90 пайызды, әйелдер арасында 94 пайызды құрады. Неке қиғандардың ең көп саны – 20-29 жас аралығындағы жастар(АХАЖ органдарында тіркелген некелердің жалпы санының 70 пайызға жуығы). 2019 жылы республикада 11 мыңға жуық ажырасу фактісі немесе 1000 тұрғынға 1,7 ажырасу тіркелген. Ажырасудың үштен бір бөлігі үйленгеніне 5 жыл толмаған ерлі-зайыптылар екен. Өзбекстан Республикасында 2019 жылы 310899 неке қиылған, оның 147501-і қалада болса, 163398 ауылда қиылған. Ал ажырасулардың саны 31389 болса, қалада 19475, ауылдарда 11914 ажырасу фактісі тіркелген.  

Респонденттердің серіктесі болуы бойынша бөлінуі   


Биылғы COVID-19 пандемиясы кезеңінде көптеген отбасылар шектеулерге тап болып, жұмыстары мен жалақысы азайып, қашықтан қызмет етіп, балалары үйден оқыған уақытта оның жаңа қиыншылықтары мен мүмкіндіктері бар екенін түсіндік. Сондықтан, қазіргі қоғамдағы отбасының жағдайын жаңа қырынан зерделеу, оның функциясы, өмір салтының өзгеруін зерттеу, моральдық-психологиялық көмек көрсету, жалпы ерлі-зайыптылардың, отбасы институтының нығаюы бойынша нақты шаралар қабылдануы қажет. Отбасылардағы дағдарыс экономикалық жағынан – жұмысынан шығып қалу, жалақы немесе жәрдемақы ала алмау себебінен болса, әлеуметтік жағынан – маскүнемдік, ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екеуінің де заңсыз әрекеттері болып саналады. Әдетте, бұл рухани-моральдық құндылықтардың төмендеуі, балалар алдындағы жауапкершіліктің болмауымен де байланысты. Отбасындаңы ұрыс-керістің себебінен баланың көңіл-күйі өзгергіш, өзіне сенімсіз, депрессивті, жалпы әлеуметтік және мәдени ортаға сәйкес келмейтін мінез-құлық стереотиптерін қалыптастырады. 2020 жылы негізгі отбасылық кикілжіңдер өзінің және отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайына алаңдаудан бастап, қаржылық тұрақсыздыққа жалғасып жатты. Кейбіреулер пандемия кезінде жылдар бойы тереңдеп кеткен отбасының дағдарысын жан-жақты ойластырып, соған сай шешім қабылдауға итермеледі. Дағдарыста бір-біріне арқау болып қосылып жатқандар бар болса, керісінше отбасының жүгін арқалауды жөн көрмейтіндер бөлініп кетті. Карантин шектеулерінде қашықтан жұмыс істеп, баланы оқытуға мәжбүр болған, қосымша қаражат тапшылығын көрген отбасылардың соған дейін ушығып келе жатқан қатынастары өзінің шарықтау шегіне жетті. Былайғы уақытта ерлі-зайыптылар сыртта достарымен кездесіп, әріптестерімен жиі байланысып жүрген болса, өз отбасымен 24 сағат бір үйде қаңтарылған уақытта стрестің туындауы мүмкін екенін психологтар да айтады. Эксперттердің айтуы бойынша адамдар сырттан келетін(жұмыс, оқуға қатысты) стресті көп жағдайда өз отбасына бұрып, ерлі-зайыптылардың арасында ұрыс-керіс туындауы мүмкін. Мұндай тұрмыстық ұрыс-керістер зорлық-зомбылыққа, қылмысқа да апаруы мүмкін. 2020 жылы АҚШ-та тұрмыстық мәселелер бойынша жедел қоңырау шалғандардың саны 9 пайызға артқан.

Алайда жоғарыда айтылған қиыншылықтарға қарамастан биыл елімізде ажырасу саны азайған. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің дерегі бойынша биылғы жылдың алты айында Қазақстанда 45 036 неке тіркелген, бұл 2019 жылдың көрсеткішінен аз, өйткені алдыңғы жылы 59 555 неке тіркелген. Пандемия мен қатаң карантинді осы көрсеткішке әсер еткен факторлардың бірі деп атауға болады. 2020 жылдың алғашқы жарты жылында 12 747 ажырасу тіркелген, 2019 жылы  дәл осы аралықта оның саны 29 025 болған. Яғни, биыл неке мен ажырасудың да саны азайған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарушы директоры М.Жұманбайдың айтуынша, биыл көктемгі карантин кезінде елімізде некені бұзуға 311 және отбасын құруға 1,152 мың онлайн-өтініш берілген екен. Яғни, пандемия кезінде отбасылық жағдай ушығып, ажырасулар көбейіп кетті деген – біржақты пікірлер. Бұл көзқарасты АҚШ-тағы бірқатар зерттеулер де растайды. «American Family Survey» әлеуметтік зерттеуіне байланысты биылғы жылы отбасылардың көп уақытты бірге өткізуі олардың эмоционалды түрде жақындауына әсер еткен. Американдық отбасылардың сауалнамасы күн сайын бірге түскі ас ішетіндерін айтқан респонденттердің биыл алты пайызға яғни 2019 жылғы 48% - дан 2020 жылы 54% - ға дейін өскенін көрсетті. Американдық эксперт«бұл пандемия кезінде бәрі өзгергенін және отбасылар жаңа жағдайға бейімделіп жатқанын көрсетеді» деп санайды. Американдықтардың сауалнамаға жауабы бойынша олардың 47%-ы пандемия жұбайымен немесе серіктесімен қарым-қатынасын тереңдетіп жіберді деп санайды және тек 9% - ы бұнымен келіспейді. Күнделікті бірге тамақтану, отбасылық іс-шаралар ұйымдастыру, жақынырақ бір-бірін тану отбасының байланысын нығайтты деп есептеуге де болады. 

Ұлттың ұйытқысы болған отбасының кескін-келбеті мен өмір салты өзгеріп келе жатқаны жасырын емес. «Отбасы өмірінің құндылығы мен сипаты өзгеріп жатыр» дегенде біз нені айтамыз? Неке мен отбасы өзі әлеуметтік институт ретінде мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп келеді. Ғасырлар бойы түп тамыры орнығып-қалыптасқан институттың бір сәтте өзгеріп шыға келуі де біз ойлағандай жеңіл процесс емес. Бірақ тарих көрсеткендей, 20 ғасырдың ортасынан бастап бұл үрдіс жылдам қарқынмен бет-бейнесін ауыстыра бастады: көптеген елдерде некенің саны азайып, адамдардың үйлену жасы үлкейе бастады, үйленбеген ерлі-зайыптылар бірге өмір сүретінін, сонымен қоса ата-ана мен неке ұғымының «бөлінуін» байқаймыз. Әлем бойынша ажырасудың әлеуметтік-экономикалық себептері мен күрделі қиыншылықтары жан-жақты зерттеліп келеді. Биыл қатерлі індеттің таралуы көптеген отбасыны дағдарысқа ұшыратты деген ақпараттың кең таралуына қарамастан, деректер оның санының азайғанын, шет елдік зерттеулер отбасы байланысының нығайғанын да айтады.

Барлық жаңалықтар