Жаңа заң тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайта ала ма

23 Қыркүйек, 2020 11:16

Бүгін кезекті мәжіліс отырысында «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс қимыл туралы» заң жобасы талқыланды. Талқылай келе депутаттар бір ауыздан бірінші оқылымда аталған заң жобасын мақұлдады. Заң жобасын таныстырған мәжіліс депутаты Ирина Унжакова қолданыстағы заңның кемшіліктері, сонымен қоса жаңа заңның артықшылықтарына тоқталды. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Мәжіліс депутатының сөзінше, қазіргі қолданыстағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы» заңның орындалуына сараптама жүргізген кезде оның талаптарға жауап бере алмайтынына көз жеткізілген. Тіпті 2009 жылдан бастап енгізілген көптеген өзгерту мен толықтыруға қарамастан, ескі заң тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жолында тиісті міндетін атқара алмай келеді.

«Ескі заңның «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы» деген атауына қарамастан, оның нормалары көбіне болған фактілер мен оның салдары бойынша іс-шараларға бағытталған. Оны мойындауымыз керек», - деді Ирина Унжакова.

Сонымен бірге ол заң жобасын күшейтуге бірқатар фактор әсер еткенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі заң бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу бойынша шараларын тек полицияның өкілдері ғана жүзеге асырады, сонымен қоса олар тек бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға қатысты болса ғана іске асырады. Сонымен қоса әлеуметтік зұлымдықтың ауқымы мен тереңдігі жөнінде бірыңғай түсінік жоқ, өйткені статистикалық есепке алу және тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері мониторингі мәселелері шешілмеген. Бұдан бөлек оның сөзіне сүйенсек, бізде зорлық-зомбылықтың бастапқы сатысы қай жерде, оны белсенді түрде алдын-алу қажет болғанда және қай жерде асқынғаны туралы сенімді деректер жоқтың қасы. Сонымен қоса тұрмыстық зорлық-зомбылықты жеңу үшін іс жүзінде барлық жауапкершілік пен ауыртпалық ішкі істер органдарына жүктелген.

«Қазіргі заңда қоғамның қатысуы мен ықпалы аз рөл атқарады. Көбіне отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс тек қоғамдық ұйымдардың құқықтық және әлеуметтік қызметтерімен шектеліп отыр. Ал оның айтуынша, мұндай мәселені шешуде мемелкеттік органдар тек формальды рөл атқарады», - деді Ирина Унжакова.

Бұдан бөлек ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди биыл сегіз айындың ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 130 мыңға жуық қоңырау түскенін айтып өтті. Оның дерегінше, 2,5 мың азаматтың үстінен қылмыстық, 30 мыңға жуығының үстінен әкімшілік іс қозғалды. Ал қалған зәбір көрген азаматтар бас тартуы себепті министрлік қандай да бір шара қолдана алмаған.

Осы орайда Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі Асхат Оралов елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы ұлттық баяндама әзірленетінін атап өтті.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заңның өзі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру бойынша қосымша функцияларды көздейді, ал уәкілетті орган үйлестіру қызметін, сондай-ақ басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады. Бұл бағытта қазірдің өзінде институционалдық база бар. Мысалы, біздің министрлікте тәуелсіз әкімшілігі бар Жастар және отбасы істері жөніндегі комитет бар», - деді виіе-министр.

Сонымен қоса ҚР Білім және ғылым министрлігінде Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бар екенін еске салды. Оның сөзінше, бұл салада талдау жүргізетін әлеуметтік даму институты да бар екенін атап өтті.

Бұдан бөлек Асхат Оралов тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес туралы Ұлттық баяндама дайындалатынын тілге тиек етті. Оның сөзінше, бұл Ұлттық баяндамада осы бағытта тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу бойынша қабылданған шаралар, сондай-ақ статистикалық мәліметтер көрсетілетін болады. Ұлттық есеп жыл сайын Мемлекет басшысына ұсынылмақ.

Айта кетейік, Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс қимыл туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Барлық жаңалықтар