• Басты
  • Жаңа оқу жылының магистратура грант иегерлері белгілі болды
7 Қыркүйек, 2020 15:05

Жаңа оқу жылының магистратура грант иегерлері белгілі болды

         2020-2021 оқу жылына арналған магистратура дәрежесі бойынша гранттар 10 202 адамға тағайындалды. Бұл туралы ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты. Жаңа оқу жылында қазақстандық магистранттардың оқу процессі қалай жүретіні туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан білуге болады. 

Жаңа оқу жылының магистратура грант иегерлері белгілі болды

Жаңа оқу жылы пандемиямен тұспа-тұс келуіне орай магистранттардың сабағы 14 қыркүйекте басталады. Оқу онлайн режимде жүзеге асады. Тек кейбір тәжірибелік сабақтар офлайн өтеді. Университетке барып оқитын магистранттардың саны шамамен 12 %-ды құрайды.

Магистратура - жоғары кәсіби деңгей,  кәсіптң терең игеріп, нағыз маман болып шығу. Магистратураға түсе отырып, студент өзінің бұрынғы мамандығы бойынша оқуды жалғастырады немесе жаңа бағытта екінші мамандық алады.

ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, 2020-2021 оқу жылына арналған магистратура дәрежесі бойынша гранттарды тағайындау конкурстық комиссияның соңғы отырысы бүгін өткен. Комиссияның құрамына мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП, мүдделі мемлекеттік органдардың, ЖОО-ның қауымдастығының, БАҚ өкілдері, сонымен бірге ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің өкілдері кірген.

Магистратура бойынша грант иегерлері анықталды. Бүгін тізім жарияланады. Осымен конкурстық комиссияның жұмысы өз соңына жетті. Жаңа басталған оқу жылына магистратургаға 12 829 грант бөлінді. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша 12 119, бейіндік магистратурға 710 грант бөлініп отыр. Кешенді тестілеу 17 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өткен болатын. Кешенді тестілеу алғаш рет компьютерлік форматта электронды түрде өткізілді, - деді ол.

Кешенді тестілеу нәтижесі көрсеткен баллдар бойынша конкурс болды. Тойбаевтың мәліметінше, тестілеуге 38 199 адам өтініш білдіріпті. Олардың ішінде 34 746 талапкерге жолдама бұйырды. Спикер конкурстың қалай өткенін баяндады:

Талапкердің ішінен 13 051 үміткер мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға жолдама алды. Демек, 13 мыңнан астам талапкер кешенді тестілеуден 75-тен жоғары балл жинаған. 5 қыркүйекке дейін конкурсқа қабылдау жүргіздік. Негізгі конкурсқа 12 179 адам қатысты. Конкурс 2 күн өтті. Нәтижесінде комиссия шешімімен 10 202 адам грант игері атанды. Оның ішінде 128 үміткер бейіндік магистратура негізінде грант иегері атанды», - деді Әділет Тойбаев.

Департамент басшысының айтуынша, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытында конкурсқа үміткерлер көп болғандықтан конкурс тартысты болған. Ал ветеренарияға үміткерлер аз болыпты.

Бағыттар бойынша грант санының көрсеткіші мынадай болды: педагогика ғылымдары бойынша - 3 267, өнер және гуманитарлық ғылымдар бойынша - 570, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат бағыты бойынша - 401, бизнес басқару және құқық саласы бойынша - 825, жаратылыстану, математика, статистика бағыттары бойынша - 963, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша 1 170 грант тағайындалды. Инженерлік өңдеу және құрылыс материалды бойынша - 2 250, ауыл шаруашылығы және биоресурстар бойынша - 204, ветеринария бойынша - 72, денсаулық сақтау бағыты бойынша - 115, қызмет көрсету саласы бойынша 237 грант тағайындалды. Республика бойынша ең жоғары конкурс шет тілі педагогтарын даярлау бағыты бойынша болды. 150 балдан 134 жинағандар конкурстан өтті, - деп нақтылады спикер.

Грант иегерлерінің тізімі бүгін ҚР Білім және Ғылым министрлігінің сайтында, әлеуметтік желілерде және БАҚ-та жарияланады.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар