• Басты
  • Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр

Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр

12 Тамыз, 2021 12:41

Алматы қаласының әкімдігінің баспасөз мәжілісінде Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның мектептерді жаңа оқу жылына дайындау барысы туралы баяндады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Алғашқы қоңырау қалай өтеді

Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның дерегінше, Алматы қаласында 287 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 207 мемлекеттік және 80 жеке меншік мектептер. Cондай-ақ, 2021-2022 оқу жылында 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылардың алдын ала болжам бойынша контингенті 300 мыңға жуық бала екенін атап өтті.

«Бүгінгі күні бірінші сыныпқа 30 мыңға жуық бала қабылданды. Білім күні мектеп аумағында ашық ауада сап түзеп, барлық мектептердің 1-сынып оқушыларына Әліппе/Букварь табыс етіледі (еріп жүрушілер саны шектеулі»,- деді басқарма басшысы.

Мектеп формасына қойылатын талап

Мектепке кіру кезінде бастауыш, орта және жоғарғы буын балалары үшін жеке кіру есіктері қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, кабинеттер сыныпқа бекітілген (бір сынып – бір кабинет). Бастауыш, орта және жоғары буын балалары үшін мектепке жеке кіру есіктері қамтамасыз етіледі. Яғни, балаларды әлеуметтік қашықтықты сақтау мақсатында мектепке әртүрлі кіреберістерден жіберетін болады. Сондай-ақ ғимарат ішінде балалар фойе мен дәліздерде белгілері көрсетілген блоктар бойынша жүреді.

Сонымен қатар, 2-11 сынып оқушылары үшін бекітілген кабинеттерде сынып сағаты өтеді екен. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, мектеп формасына қойылатын талап сақталады. Білім мекемесіне классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен келуге рұқсат етіледі. Оның айтуынша, шалбар қара-қоңыр, жейде ашық түсті болуы керек.

«Футболка киюге болмайды, тек жейде. Аяқкиімге тыйым жоқ. Балаға туфли алуға ата-ананың жағдайы болмаса, бала кеды немесе мокасинмен жүре алады», - деді басқарма басшысы.

Оның сөзінше, қазір мектептерде дәстүрлі білім беруге белсенді дайындық жұмысы қызу жүріп жатыр.

Білім беру ұйымдарындағы «Ashyq» жобасы

Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша, Алматыдағы вакцина салдыруға қарсы көрсетілімі бар қызметкерлерден басқа, мемлекеттік білім беру ұйымдарының барлық қызметкерлері 100% вакцина алған. Білім беру ұйымдары «Ashyq» жобасына қосылған. Ол тек оқушылар үшін емес, мекеме қызметкерлері үшін жұмыс істейді.

«Егер ата-ана мектепке кіргісі келсе, тек Ashyq жобасы арқылы кіреді. Біз денсаулық сақтау басқармасымен тығыз байланыстамыз. Бұған дейін коронавируспен ауырған балалардың және науқаспен байланыста болғандардың тізімі қолымызда бар. Ондай балалар үшін қашықтан білім беру ұйымдастырылады», - деді ол.

Оның мәлімдеуінше, коронавирус инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында қаланың білім беру ұйымдарында осы оқу жылында шектеулерді сақтай отырып, 1-ден 11-сыныпқа дейінгі мектеп оқушыларын оқытудың дәстүрлі форматына көшуге дайын.

Сонымен қатар, ол егер оқушы ауырған жағдайда сынып қашықтықтан оқытуға көшеді.

Сейсмикалық күшейту жұмыстары

Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, Алматыда жаңа мектептер салынып, кейбір ескі білім беру ұйымында сейсмикалық төзімділік жұмыстары жүріп жатыр. Оның мәліметінше, қазіргі таңда Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарында 12 600 орындық 8 мемлекеттік мектепте және 17 жұмыс істеп тұрған мектепке 8 263 орындық қосымша құрылыс салынуда. Нақтырақ айтар болсақ, №38, 60, 166, 186, 6, 132, 117, 133, 144, 121, 199, 191, 57, 177, 102, 34, 170-ші білім бері ұйымдары.

Сонымен қатара, 4 150 орындық 9 қосымшаның құрылысын оқу жылының басында аяқтау, ал қалған 8 қосымшаның құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

«4 мектептің ғимаратына қалпына келтіру және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ол №7, 40, 45, 54 мектеп. № 81 мектептің сейсмотұрақтылығын күшейту аяқталды, тағы №40, 45, 54-ші мектептің құрылысын 1 қыркүйекке дейін және № 7 мектептің құрылыс-монтаж осы ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда»,-деді басқарма басшысы.

Оның дерегінше, қазір №4 мектепті реконструкциялау, 2 мектепке қосымша құрылыс салу және 3 мектепті сейсмикалық күшейту бойынша жұмыстар басталған. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстары кезінде мектептерді көшіру жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа спорт алаңдары салынуда

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Алматының барлық аумағында жаңа заманауи мектеп стадиондары мен ойын алаңдары пайда болады. Соның ішінде, қазір 40-тан астам қалалық мектеп алаңдары қайта жаңартылуда

«Спортпен шұғылдану, салауатты өмір салты – басқарма жұмысының негізгі бағыттарының бірі.Біз жоғары деңгейдегі спорттық бағыттағы қауіпсіз алаңдар жасағымыз келеді», - деді Ләззат Жылқыбаева.

Оның мәлімдеуінше, Алматы қаласы білім басқармасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында қазіргі уақытта №10, 42, 63, 93, 94, 104, 128, 173, 181, 189 мектептердің 8 спорт алаңын және көпсалалы колледжді жаңғыртуда. Инвестиция көлемі 400 миллион теңгеден асады. Бұған дейін осы жобалар аясында №40 және 95 мектептердің аумағында спорт алаңдары жаңартылған.

Басқарма басшысы жаңа спорт алаңдары мектеп оқушыларын қызықтыратын орынға айналатынын айтып өтті. Сол үшін жергілікті бюджет есебінен 2021 жылы №151, 185, 179, 169, 184, 149, 82, 180, 182, 133, 130, 16 мектептерде 2021 жылы 33 мектеп спорт алаңы жаңғыртылып жатыр.Сонымен қатар, №67, 144, 34, 90, 38, 60, 69, 102, 66, 29, 28, 98, 186, 192, 187, 32, 71, 89, 106, 83 және №1 балалар үйінде жалғасуда. Бұл шараларға жергілікті бюджеттен 1 млрд астам теңге қарастырылған екен. Сонымен қатар, биыл Алматы қаласы әкімдігінің мемлекеттік тапсырысымен қала мектептерінде оқушыларға арналған спорт секциялары ұйымдастырылады.

«Алдағы уақытта жаттықтыру жұмысымен айналысатын дене шынықтыру мұғалімдерінің айлықтарына үстемақы қосылады»,-деді басқарма басшысы.
Барлық жаңалықтар