• Басты
  • Білім және ғылым министрі Білім күнінің сценарийімен таныстырды
27 Тамыз, 2020 15:00

Білім және ғылым министрі Білім күнінің сценарийімен таныстырды

Бірнеше күннен соң Қазақстан мектептерінде жаңа оқу жылы басталады. Биылғы оқу жылы басқаша басталмақ. Оқушылардың жартысы қашықтан оқиды, кейбірі мектепке барып, кезекші сыныптарды оқиды, ал шалғайдағы елді-мекендердегі балалар дәстүрлі түрде мектепке барады. Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер күтіп тұрғанын, мектептердегі оқу тәртібі, «Әліппе» мәселесі, мұғалімдердің «мәртебесі» мен жалақысы, «диплом сатқыш» университеттер жайлы Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Министрдің мәлімдемелеріне шолуды Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқуға болады.

Білім және ғылым министрі Білім күнінің сценарийімен таныстырды

Жаңа оқу жылындағы ерекшеліктер

2020-2021 оқу жылының алғашқы екі тоқсанында оқуда екі ерекшелік бар. Біріншісі, 1-4 сынып оқушыларының кезекші сыныптарда оқиды. Бұл жерде ата-ананың дербес шешімі қажет. Егер балаларын мектепке жіберуге шешім қабылдаса, бала кезекші сыныпқа қабылданады. Ал егер денсаулығы үшін алаңдаса, онда үйден оқытуға болады. Бүгінге дейін еліміз бойынша 530 мың баланың ата-анасы оффлайн оқуға өтініш берген, бұл оқушылардың жалпы санының 15%-ын құрайды. 202 мың оқушы жинақтаушы мекемелерде білім алады. Бұл барлық оқушы санының 5%-ын құрайды. Аймағамбетовтың дерегі бойынша, Қазақстанда 2,6 млн оқушы бар. Олардың 80% қашықтан оқиды. Қашықтан оқудың екі жол қарастырылған - интернет немесе теледидар арқылы. «Ел арна» мен «Балапан» арналарынан күніне 9 сағатқа дейін телесабақ көрсетуге эфир уақыты берілді. Қазір «Хабар» агенттігі телесабақтар түсірілімімен айналысып жатыр. 8 интернет платформа интернет сабақтар дайындап жатыр.

 Дәстүрлі форматта білім беретін кезекші сыныптарға қойылатын санитарлық талаптар күшейеді. Сабақ ұзақтығы 40 минуттан болады. Үзіліс пен сабақтың басталу уақыты әр сыныпта әр түрлі болады. Сыныптан сыныпқа көшу болмайды, балалар бір кабинетте отырып оқиды және ол бөлмелердің жиі желдетіп тұруын қадағалау керек. Балалардың дене қызуы өлшеніп отырады - деді министр.
Білім беру - белгілі бір ақпарат жиынтығын беру ғана емес. Бұл эмоционалды интеллекттің дамуы, әлеуметтену және қарым-қатынас мәселелері. Сондықтан, министрдің айтуынша, онлайн формат ең қолайлы болып көрінген.
Бiз Бiлiм министрлiгi ретiнде мұны түсiнеміз, бiрақ эпидемиологиялық жағдайды, балалардың, әріптестеріміздің, ұстаздарымыздың қауіпсіздігін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлiгiнiң, Бас санитарлық дәрігердің ұсынысы бойынша жаңа оқу жылын онлайн режимде бастауға мәжбүрміз, - деп түсіндірді министр.
 Оқу жылына дайындық қалай жүрді?

Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылына қызу дайындық тамыз айында басталған. 19 тамыздан бастап педагогикалық кеңестер өткізілді. Мұғалімдерге сағаттарды бөлу, мектеп қандай платформа арқылы сабақ өткізеді, балалардың компьютер алу мәселесі талқыланып, көп сұрақ шешімін тапты. 20 тамызда ата-аналар жиналысы өтті. Жиналыста сынып жетекшілер жаңа оқу жылына байланысты ақпарат берді. 21 тамыз күні балалар үшін «Жаңа оқу жылында қалай оқимын?» атты сынып сағаттары өтті. Мұғалімдер интернетті пайдалану ережелері, кибергигиена туралы айтылды. 25 тамыздан бастап диагностикалық сабақтар басталды. Мұғалімдерді дайындау мәселесі маңызды. Оларды жаңа форматта оқытуға бейімдеу курстары жүргізілді. Біздің мұғалімдер бейімделгіш екендерін көрсетті. 347 мың мұғалім түрлі курстардан өтіп жатыр. Бүгінге дейін 323 мың мұғалім қашықтан оқыту әдістемелері бойынша арнайы курсты бітірді. Қалған мұғалімдер 1 қыркүйекке қарай оқуды бітіреді. Мұғалімдер IT сауаттылық, ІТ құзыреттілік туралы, жаңа киберпедагогика, синхронды оқыту туралы тиісті мағлұматтарды осы курстардан алып жатыр.

Министрлік оқу форматының өзгеруіне байланысты 10 бұйрыққа өзгеріс енгізіпті. Мемлекеттік стандарттан бастап, бағалау жүйесі, оқу технологиясы бұйрықтар өзгертілді. Бұйрыққа өзгеріс енгені туралы нұсқаулықтар шығарып, оларды әріптестерім-педагогтарға ұсындық. Бұл жұмыс сәтті аяқталды.

 Мектепке барып оқитын дәстүрлі форматтан артығы жоқ

Министрдің айтуынша, білім саласы үшін дәстүрлі форматта оқу тиімді.

Әрине, балалар да, мұғалімдер де бұрынғыдай мектепке барып оқуды күтіп жүрміз. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты оқу жағдайы өзгеріп жатыр. Ең бастысы – балалар мен ұстаздардың денсаулығы, - деді Аймағамбетов.
Министр Білім күніне орай іс-шара ұйымдастырылатынын айтты. Әрине бұрынғыдай емес.

Әдеттегідей балалар 1 қыркүйекте мектепке келеді, салтанатты жалпы мектептік жиын болды, одан кейін балалар сыныптарына барып, тәрбие сағаттарына қатысады. Бұл жағдайда осы форматта жалпы мектепішілік жиынның қажеті жоқ. Әр сыныпта сынып сағаттары болады. Егер балалар күндізгі бөлімде оқитын болса, мұғалім балаларымен сынып сағатын және барлық қажетті шараны өткізеді. Ал егер оқушылар қашықтықтан оқитын болса, онда 1 қыркүйекте сынып сағатын өткізу үшін мектепке келудің арнайы қажеттілігі жоқ. Олар үшін барлығы қашықтықтан ұйымдастырылады,- деді Бас педагог.
 "Әліппе" оралып, мектеп оқулықтарының сапасы өзгереді

Брифинг барысында журналистер "Әліппе" оқулығы жөнінде сұрауды ұмытпады. Министр биыл мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған бүлдіршіндердің алғашқы оқулығы әліппе болатынын айтты.

Бірінші сынып оқушылары 1-2 тоқсанда «Әліппе», ал 3-4 тоқсанда «Ана тілін» оқиды. Қазіргі уақытта бағдарлама әзірленіп, бекітуге дайын. Министрдің айтуынша, «Әліппе» мемлекеттік стандартқа енгізіліп, Әділет министрлігіне жіберілді.

Оқулық Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жасалады. Байтұрсынов заманындағы алфавитпен жазылмайды, әдістемесі алынды. Қазақ тіліне тән қасиеттер, өзіне тән мәселелері ескеріле отырып, дайындалады. Мысалы, оңайдан күрделіге көшу, қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктері де бар. Ғалымдармен бірлесе отырып, осы бағдарламаны жасадық. Мазмұны жағынан алып қарағанда, бұл жәй ғана формальді түрде емес, балалар үшін өте тиімді болады. Балалар дайын мәтіндерді ғана оқымау керек. Олар 1-сыныпқа әртүрлі деңгеймен келеді. Балалар оқуды осы әдістемемен бастайды, - деді министр.
Оқулықтар мәселесі - маңызды мәселе. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, оқулықтарды дайындау процессіне өзгеріс енгізіп жатыр.

«Оқулық қосымша құрал» деп жүрген әріптестеріммен келіспеймін. Оқулық – білім алудағы негізгі құрал. Бала оқулыққа сүйеніп білім алады. Оқулықтың шығуы тек авторлар мен баспадағы қызметкерлерге байланысты емес. Оқулықты жасау – Білім және ғылым министрлігінің жүргізіп отырған саясаты. Бағдарлама құру, экспертиза жасау сияқты маңызды кезеңдері бар. Мұғалімдерді 7 күнге шақырып алып, оқулықтарға экспертиза жасатуға болмайды. «Оқулықтану» деген үлкен ғылым. Ғалымдармен бірге отырып, авторларды оқыту сияқты ауқымды әрі жауапкершілігі зор жұмыстарды бірге атқару керек, - деді Аймағамбетов.
Министр оқулықтар басқа сапада шығатынына уәде берді.

 Дипломды бизнеске айналдырған университтер жабылады

Мемлекет басшысы білім мен ғылым саласындағы мәселелерді алдыңға қатарға қойып, кезек күттірмейтін сұрақ деп қарайды. Өкінішке орай, біздің елде студенттің оқу үлгеріміне қарап емес, өз қалтасы үшін диплом беруді бизнеске айналдырған оқу орындары бар. 

Бірнеше университет жабылды. Індетке байланысты университеттерде министрлік өкілдерінің тексеру жұмыстарын жүргізуі қиын болып тұр. Оңтүстік Қазақстандағы өңірлік университетте 35 000 студенттің барына қарамастан жаптық. Мұнда сабақ өткізілмеген, тиісті деңгейлері жоқ болып шықты, ақпарат тарату жұмыстары да атқарылмаған. Бір сөзбен университеттің халі – мүшкіл. Осы сияқты тағы бірнеше университетті жаптық. Қазір сотта біздің бірнеше құжатымыз бар. Университеттерді заңнама негізінде тексеретін болғандықтан, біз сәйкес мемлекеттік органмен бірлесе жұмыс істейіміз. Қазір Білім және Ғылым министрлігі бұл бағытта да жұмысты жалғастырып жатыр, - деді министр.
 Мұғалімдердің «мәртебесі» мен жалақысы

«Мұғалімдердің мәртебесі» Заңы қабылданды. Министрдің айтуынша, мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін ел бюджетінен 5,3 трлн теңге қаржы бөлінді. Мұғалімдердің жалақсы 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 25 %-ға өсті. Тіпті тәуелсіз эксперттердің айтуы бойынша, кейбір мұғалімдердің жалақысы 25 %-дан да көп өскен. Мұғалімдердің өзіне тән емес жұмыстарды атқаруға қарсы күрес пен мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқаруға Білім және ғалым министрлігі тиісті шешім қабылдап, жұмыс істеп жатыр. Ғылым саласы бойынша да мемлекет басшысының тапсырмасымен қаржыландыру көбейді. Биы 2 есе. Ғылым институттарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ақша бөлінді. Мәселе ақша бөлуде емес, бастысы – ақшаны дұрыс игеру мен ол жайлы ашық түрде есеп беру.

Айтпақшы, кезекші сыныпқа сабақ берген мұғалімнің қашықтан оқытуға да құқығы бар. Кезекші сыныпқа сабақ беретін мұғалімдердің қашықтан оқытуына тыйым салуға болмайды. Оның атап өтуінше, бұған дейін бастауыш сынып мұғалімдерінде бір ставкаға сағат жетпей қалу проблемасы болған. Мәселен, үлгілік оқу жоспарына сәйкес, бірінші сыныптарда аптасына 24 сағат беріледі. Алайда ағылшын тілі, дене шынықтыру сынды сабақтарды басқа мұғалімдердің беруіне байланысты бастауыш сынып ұстазының орташа жүктемесі 15-16 сағатты құрап, 18 сағатқа, 1 ставкаға да жетпеген. Ал қазір жағдай өзгеріп отыр.

Қазір біз сыныпты бөлетін боламыз. Айталық, сыныпта 30 оқушы бар. Бүгінгі жағдайда кезекші сыныпта оқыту барысында олар аталған сыныпты 15 баладан екі шағын топқа бөлуге міндетті. Соған орай педагогке жүктеме де артады. Дегенмен, педагог қосымша жұмысы үшін қосымша ақы да алады. Яғни, егер қазіргі уақытта онда 28 сағат болса, педагог барлық 28 сағат үшін жалақы алады, - деді Асхат Аймағамбетов.
Қазіргі қашықтықтан оқыту кезінде мектеп жанындағы интернатта балалар болмауына байланысты, қызметкерлердің айлық жалақысы қалай төленеді деген сұраққа Министр мектеп директорлары Еңбек Кодексіне сәйкес жалақы төлейтінін айтты.

 Интернеті жоқ ауылда тұратын студенттер қалай білім алады?

Асхат аймағамбетов басқаратын ведомство бұл мәселені алдын ала шешіп қойғанға ұқсайды. Жоғары оқу орындары министрліктен тиісті ұсыныстар мен тапсырмаларды алды.

Мұндай студенттер қалаға келіп, университет жанындағы жатақханадан орын алып, толық оқшаулану арқылы білім алады. Университет тиісті жағдай жасауға міндеттеледі: интернетке қолжетімділігі, жатын орны, және т.б. Біз оқу сапасы мен мазмұнын жасауда жұмыс істейміз. Ал ауыл-аймақты интернетпен қамтамасыз ету тиісті құзырлы органмен жүзеге асады. Білуімше, кеше ғана брифинг өткізген ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы жыл соңына дейін ғаламтордық қолжетімділігі өз шешімін табатынын айтты, - деп түсіндірді министр.

Қазақстанның 1813 елді-мекенінде тұратын халық ғаламторға шыға алмайды. Қазақстан халқының 2,7%-ы бүкіләлемдік ғаламторға қолжеткізе алмай отыр.

 Балалардан ПТР тест нәтижесі сұралмайды

Осы брифинг аясында тағы бір спикер ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова балалар білім алатын мекемелердегі санитарлық талаптар жайлы айтты. Айтуынша, жабық нысанда 15 баланың бірнеше сағат отыруы – қауіпсіз емес. Сондықтан мектептер санитарлық талаптарды қатаң орындауы тиіс.

Бүгінде санитарлық ережелерге қатысты қолданыстағы нормативті-құқықтық акті бойынша және республиканың, аймақтың бас санитарлық дәрігерінің хаттамасына сәйкес, ешбір салада қызметкерлер мен келушілерге міндетті ПТР тестілеуден өтуі керек деген тәртіп жоқ. Тағы бір еске салатын дүние ПТР-тестілеу бұл – диагностикалық тест. Оны тапсыру үшін қандай да бір белгілер болуы керек. Бүгінде ол клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша ғана тапсырылады, - деді дәрігер.

Айжан Есмағамбетова бүгін тапсырған ПТР-тест нәтижесі теріс болғанымен, екі-үш күн өткен соң ол нәтиженің оң болып шығуы әбден мүмкін екенін айтады.

Клиникалық көрсеткіште адамның бойында клиникалық өзгерістер болуы шарт, оның ішінде коронавирус инфекциясы да болуы мүмкін. Ал, эпидемиологиялық көрсеткішке коронавирус инфекциясымен ауырған адаммен тікелей байланысы болған адамдар жатады. Мысалы бүгін тест нәтижесі теріс болғанымен, екі-үш күн өткен соң ол нәтиженің оң болып шығуы ғажап емес. Себебі, біз күнделікті тірлік барысында қоғамдық орындарға, қоғамдық көліктерге, түрлі мекемелерге бармай тұра алмаймыз. Сондықтан, ПТР-тестілеуді талап ету еш қисынға келмейді, - деді ол.

Коронавирус жұқтырған мұғалімдерге үстемақы төленбейді

Министрдің айтуынша, бұл мәселе жалпы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен нұсқаулықта қарастырылған. Мектептерде ашылатын кезекші сыныптарға жүкті, жасы 65-тен асқан мұғалімдер сабақ бере алмайды.

Кезекші сыныптарда жұмыс iстеуге жiберу үшін тиiстi талап бар. Мұндай форматтағы жұмыс процесiне жүктi мұғалiмдер, созылмалы аурулары бар жасы 65-тен асқан ұстаздар жiберiлмейдi. Яғни, мұндай педагогтар кезекшi сыныпта жұмыс iстей алмайды. Коронавирус жұқтырып алмас үшiн дене қызуын қадағалап, барлық санитарлық талаптарды сақтау қажет, - дедi Асхат Қанатұлы.

Фото: Орталық коммуникациялар қызметінің сайтынан

Барлық жаңалықтар