• Басты
  • Жаңа оқу жылы: Оқушылар қандай платформада білім алады
28 Тамыз, 2020 16:09

Жаңа оқу жылы: Оқушылар қандай платформада білім алады

Биыл пандемияға байланысты білім мекемелері қашықтан оқытуға көшкені белгілі. Осы орайда олар қандай платформада білім алады, сонымен қатар оқушыларға көрсетілетін техника жағынан көрсетілетін көмек жөнінде Орталық коммуникациялар қызметін өткен баспасөз мәжілісінде елорда Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Жаңа оқу жылы: Оқушылар қандай платформада білім алады

Мектепке дейінгі оқу және тәрбие

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, бүгінде елордада әртүрлі типтегі 399 мектеп ұйымы жұмыс істейді. Барлық балабақшалар жұмысын 17 тамыздан бастап кешзекші топтар режимінде қайта жалғастырды. Бүгінде балабақшаларға 8 мыңнан астам бала барып жүр. Бұл тәрбиеленушілердің 15 пайызын құрайды. Мектепке дейінгі ұйымдарда кезекші топтың жұмыс істеу режимі бойынша балалар мен қызметкерлер, сонымен бірге ата-аналар үшін жұмыс алгоритмі құрастырылған.

Мектептер қалай жұмыс істейді

Қазіргі таңда астанада 117 мектеп жұмыс істейді. Биыл 3 жаңа мектептің ашылуы жоспарланып отыр. Екі жалпы білім беру мектебі және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы мектеп. Елорда бойынша оқу жылының басында мектеп оқушыларының саны 202 мыңнан асады деп болжанып отыр. Оның айтуынша, бірінші сыныпқа 26 мыңнан астам оқушы қабылданбақ, қазірге дейін 26 164 өтініш берілді.

«Алдағы оқу жылы, өздеріңіз білетіндей, қашықтан оқыту форматында басталады. Тек бірінші, екінші, үшінші, төртінші сыныптар үшін ата-аналардың өтініші негізінде балалар саны 15-тен аспайтын кезекші сыныптар жұмыс істейтін болады», - деді Шолпан Қадырова.

Бүгінде бастауыш сыныптарды 82 мыңнан астам оқушы болса, оның 50 пайызы ғана кезекші топта оқуға өтініш білдіріп отыр. Оқу процесі ҚР Білім және ғылым министрлігінің әдістемелік ұсынымдарына сәйкес жүргізіледі.

-        әр сабақтың ұзаұтығы - 40 минут

-        сыныптардың үзіліс уақыты әртүрлі

-        бетперде кию режимін қамтамасыз ету

-        оқу үстелдерінің ара қашықтығы – 1 метр

-        жеке парта мен орындық бекіту

-        жеке оқу материалдарымен қамтамасыз ету

-        кабинеттерді желдету, кварцтау

 

Сонымен қоса ол балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер қажетті құрал жабдықтармен, дезинфекциялық құралдар қорымен қамтамасыз етілгенін атап өтті.

 

Қашықтан оқыту форматына қандай платформаларда жүзеге асады

Елораданың барлық мектебінде BilimLand білім платформасын пайдалануға келісімшарт жасалған. Сонымен қатар елорданың 40 мектебінде Daryn.online платформасы қолданылады. Бағалау жүйесі өзіміздің дәстүрлі қолданып жүрген электронды күнделік журналы арқылы жүргізіледі. 30 тамыздан бастап барлық оқушы мен мұғалімге осы платформалар қолжетімді болады. Логин мен парольдары белгіленіп, таратылған.

Оның сөзінше, оқушылардың компьютерге қажеттілігіне мониторинг жүргізілген. Осы мақсатта 34 472 компьютер техникаларын сатып алуға шарт жасалды. Бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары 100 пайыз қамтылады. Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және білім беруде ерекше қажеттілігі бар балаларға компьютер міндетті түрде береміз. 20 тамыздан бастап елордалық мектептерде оқушыларға компьютерлік техника, 25-інен бастау роутерлер таратыла бастады. Бүгінгі таңда 9 мыңнан астам компьютер, 13 300 роутер таратылды. Бұл жұмыстар жалғасады.

 

Педагогтардың дайындығы қалай

Барлық педагог 100 пайыз 24-28 тамыз аралығында Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген «Қашықтан оқуды үйренеміз» онлайн курсына қатысқан.

«Жазғы кезеңде ұстаздар педагогикалық шеберлік виртуалды зертханасында білім алды. Астаналық электронды мектеп платформасы әзірленді. Онда қысқа мерзімді сабақ жоспарлары, бейне сабақтар, білім берудің цифрлы ресурстары және тағы сол сияқты басқа да ресурстар орналастырылды», - деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек Шолпан Қадырова 18 тамызда әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушыларға материалдық көмек көрсетуге бағытталған жалпыға міндетті білім беру бағдарламасы басталғанын атап өтті. Оның дерегінше, бүгінге дейін 8 730 балаға көмек берілген. 16 компания 27 сауда нүктесі жұмыс істейді. Елорда бойынша биыл жалпы осы жылы киім-кешек және мектеп құралдарын сатып алуға 1 балаға 40 мың теңгеден қаражат бөлініп отыр. Жалпы осы мерзімде 17 мың баланы қамтимыз деп жоспарланып отыр. Қордың жалпы сомасы - 680 млн теңге.

Жыл соңына дейін астанада 13 білім саласындағы нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде 7 мектеп, 6 жапсаржай бар. 1 қыркүйекке дейін 3 жаңа мектеп және қолданыстағы мектептерде 2 қосымша ғимарат ашу жоспарда бар. Қалған білім нысандарының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар