• Басты
  • «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аяқталуға жақын

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аяқталуға жақын

29 Қыркүйек, 2020 19:55

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қазақ тіліне аударылған 23 оқулық жыл соңына дейін Қазақстанның жоғары оқу орындарына таратылады. Бұл туралы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық: прагматизм мен сананың ашықтығына апарар жол» тақырыбында өткен онлайн конференциясында мәлім болды. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының қалай жүзеге асып жатқаны туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыздар.


Онлайн конференцияда «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ» КеАҚ Басқарма төрағасы Данияр Есин, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» департаментінің директоры Нұрлан Күнтуов, «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, «Мазмұндама» қоғамдық қорының жетекшісі Шыңғыс Мұқан, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Дихан Қамзабекұлы, Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы сөз алды. Үш жылдың ішінде әлемнің әр тілдерінен 77 кітап қазақ тіліне аударылыпты. Қазіргі таңда соңғы 23 оқулықты аудару процессі жүріп жатыр.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» департаментінің директоры Нұрлан Күнтуовтың мәліметінше, жоба аясында аударылған кітаптар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ғана емес, шалғай аймақтарда да оқырман сұранысына ие.

Аймақтарға барғанымызда байқаймыз, студенттер осы оқулықтар арқылы білім алып жүр. Бұл әсіресе ауылдан келген жастарға жақсы – әлемнің үздік кітаптарын қазақ тілінде оқуға мүмкіндік алып отыр. Мұны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жобаларының жемісі деп білуімізге болады , - деді ол.
Шара барысында 100 оқулықтың презентациясын көрсеткен «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы әр кітаптың құндылығына тоқталды.

Аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныстар қабылдадық. Жалпы саны 800-ден астам оқулықтың атауына ұсыныс келіп түсті. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген оқулықтар таңдалған. Жоспар бойынша 2017-2018 жылдары 47 оқулық қазақ тіліне аударылып, еліміздегі 132 университетке жеткізілді. Жаңа оқулықтар 2018-2019 оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне енгізілді. 2019-2020 жылдары үшінші лектегі 30 оқулық аударылып басылды. Олар да жақын уақытта университеттерге таратылмақ. Қазір жобаның төртінші кезеңіне таңдалған 23 оқулықты аудару процесі жүріп жатыр. Әлбетте, кітаптарға деген сұраныс өте жоғары. Барлық студентке жетпейтіні белгілі. Соған байланысты, барша қауымға қолжетімді болуы үшін оқулықтардың электронды нұсқалары OpenU.kz Қазақстанның ашық университеті платформасы мен Kitap.kz порталдарында жарияланады, - деді Рауан Кенжеханұлы.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы оқулықтардың мұғалімдер үшін өте пайдалы құрал болып отырғандығын айта кетті.

Карантиндік шектеу шаралары кезінде онлайн платформадағы электрондық нұсқалардың оқылымы өте жоғары болды. Бұл кітаптар университет оқытушыларының қолынан түспеді, - деді ол.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы кітаптардың тіл шұрайлығына тоқталып, осы аудармалардың арқасында қазақ тіліндегі көне сөздердің қолданысқа қайта ене бастағанын айтты.

«Ұлттық аударма бюросы» редакциялық алқасының мүшесі ретінде кітаптардың барлығын сүзгіден өткізіп отырамын. Шыны керек, аудармашылардың еңбегіне тәнтімін. Әр салаға байланысты жаңа терминдер қалыпқа түсіп, көнерген сөздеріміз қолданысқа қайта еніп жатыр. Әлбетте, оқулықтардың 100-бен шектеліп қалуы дұрыс емес. Жоба жалғасын табуы тиіс», - деді Шерубай Құрманбайұлы.

Дегенмен, Рауан Кенжеханұлының айтуынша, биыл желтоқсан айында соңғы 23 кітап аударылып, олардың барлығы универистеттерге таратылған соң Жоба аяқталады.

- Қазір жобаның соңғы кезеңінің жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін бізге неліктен тек Батыстың кітаптарына басымдылық беріледі деген сияқты сындар тағылатын. Сондықтан, соңғы оқулықтардың көпшілігі Шығыс кітаптары болмақ. Сонымен қатар, қоғам қызығушылығы ескеріліп, кітаптар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы ірі кітап дүкендері арқылы сатылымға қойылды. Бұл жұмыс жеке меншік баспа арқылы ұйымдастырылды, мемлекет қаржысы шығындалған жоқ, - деді Рауан Кенжеханұлы.

Баспасөз турының соңында «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Жанар Боқанова жиынға қатысушыларды Аудармашылар күнімен құттықтады. Айта кетейік, 2017 жылы БҰҰ Бас ассамблеясында 30 қыркүйек Халықаралық аудармашылар күні болып бекітілді.

Кітаптар OpenU.kz Қазақстанның ашық университеті платформасы мен Kitap.kz порталдарына орналастырылды. 77 оқулық қазақ тіліне аударылып, еліміздегі 132 университетке жеткізілді.

Барлық жаңалықтар