• Басты
  • Жаңа экологиялық кодекстің мүмкіндіктері мен ерекшеліктері

Жаңа экологиялық кодекстің мүмкіндіктері мен ерекшеліктері

5 Қаңтар, 2021 16:28

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ел президентінің жолдауда берілген тапсырмаларының орындалуы жөнінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баян етті. Министр баянында Экологиялық кодекстің беретін мүмкіндіктері, қоршаған ортаны қорғау үшін қолға алынған шаралар, сонымен қоса жануарларды қорғау туралы заң әзірлеу, экологиялық туризмді дамыту мәселелеріне тоқталды. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Министр сөз басында жаңа экологиялық кодекстің мән-маңызына тоқталып, оның аса маңызды құжат екенін, сонымен қоса ол жан-жақты талқыланғанын атап өтті.

«Жасыратыны жоқ, экологиялық және экономикалық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті ескеру қажет болғандықтан қиындықтар кездесті. Экологиялық ахуалды барынша тез жақсартамын деген азаматтардың ықыласын түсінуге болады. Алайда, бұл ахуалдың жақсаруы бір дегенде емес, бірнеше жылдың ішінде орын алмақ. Себебі, экологияны жақсарту үшін біздің өнеркәсіпте айтарлықтай техникалық және технологиялық жүйелі өзгерістерді іске асыру қажет», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы жаңа Экологиялық кодекске қол қойған еді. Министр бұл қабылданған құжатты реформаторлық деп атауға болатынын атап өтті.

Кодексте көрсетілген негізгі басымдықтар:

-        «Ластаушы төлейді және қалпына келтіреді» қағидатын енгізу

-        Ең озық қолжетімді технологияларды енгізу

-        Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдері

-        Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төленетін төлем

-        Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру

-        Көгалдандыру

-        Экологиялық туризмді дамыту

-        Жануарларды қорғау туралы заңды әзірлеу


«Ластаушы төлейді және қалпына келтіреді» қағидатының негізінде ластануды болдырмау және бақылау бойынша шаралар, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру үшін жауапкершілік көзделген. Экологиялық зиян болған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны оның бастапқы қалпына келтіруге міндетті.

Ең озық қолжетімді технологияларды енгізу. Атмосфералық ауаның, судың, топырақтың ластану проблемасын шешу үшін өнеркәсіпте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу көзделген. Бірінші кезеңде жалпы ластанудың сексен пайыз шығарындыларының көзі болып табылатын елу ірі кәсіпорындарында енгізу жоспарланған. Еуропада он бес жыл ішінде ең озық қол жетімді технологиялардың арқасында шығарындылар тоқсан төрт пайызға азайтылды. Осы технологияларды енгізген кәсіпорындар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер кәсіпорындар қолжетімді технологияларды пайдаланбаса, олардың эмиссия үшін төлем мөлшерлемелері едәуір артады.

Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдері (ҚОӘБ). Қоршаған ортаға әсерді бағалаудан өтудің әдістері жеңілдетілді. Бүгінде барлық табиғат пайдаланушы қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімінен өтуде. Жаңа Экокодекске сәйкес, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың міндетті процедурасынан тек бірінші санаттағы ірі кәсіпорындар өтеді. Бұл шамамен екі мың алты жүз кәсіпорын. Осылайша, шынымен экологиялық қауіпті объектілерге баса назар аударылатын болады. Сонымен қатар, қоғам өкілдері қоршаған ортаға әсерді бағалаудың барлық кезеңдеріне қатысады. Екінші санаттағы объектілер скринингтен өтеді. Яғни, қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажет немесе қажет емес екендігі анықталады. Үшінші санаттағы объектілер хабарламалық негізде жұмыс істейді. Осылайша, әкімдіктер үшінші санаттағы объектілерден шығарындылардың, төгінділердің саны, жинақталатын және берілетін қалдықтардың көлемі көрсетілетін декларациялар қабылдайтын болады Ал, төртінші санаттағы объектілер реттеуден толық босатылады. Бұл ретте бірқатар кәсіпорындар үшін қоршаған ортаға әсерді бағалаудан өту қажеттілігінің болмауы оларды мемлекеттік экологиялық бақылаудан босатпайды. Яғни барлық кәсіпорындар экологиялық талаптарды сақтауға міндетті.

Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төленетін төлем. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада эмиссия үшін түскен төлемдерді табиғатты қорғау іс-шараларына мақсатты жұмсау міндеттілігі көзделмеген. Бұл әкімдіктердің келіп түсетін қаражаттың орташа алғанда тек қырық бес пайызын (2019ж. – 87 млрд.тг.) ғана экологияға бөлентіндігіне алып келді. Бұл ретте кейбір облыстарда эмиссия үшін төлемдердің он пайыздан аспайтын мөлшері экологиялық іс-шараларға жұмсалған. Осыған байланысты, жаңа кодексте экологиялық төлемдердің жүз пайызы экологиялық іс-шараларға жұмсалатыны көзделген.

Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру. Бүгінде еліміздің үш бүтін оннан екі мың полигонында жүз жиырма бес млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жинақталған. 2019 жылы қалдықтарды қайта өңдеу үлесі он бес пайызды құрады. Алайда, бұл мүлдем жеткіліксіз. Салыстырар болсақ, дамыған елдерде бұл көрсеткіш отыз пайыздан асады. Осыған байланысты заңнамалық негізде қалдықтардың жиналуын азайту үшін Waste to energy технологиясын қолдана отырып, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату енгізілді. Бұл технологияға сәйкес қоқыс өртеліп, электр қуаты шығарылады, содан кейін ол жалпы электр желісіне сатылады.

«Бүгінде біз азаматтардан орасан зор қолдау алып отырмыз деп сеніммен айта аламын. Жануарларға қатыгездікті, табиғатқа варварлық көзқарасты, әр резонанстық жағдайды азаматтар тез арада жеткізіп, жариялап отырады. Бұл – дұрыс. Мұндай фактілерді жасыруға болмайды. Жануарлар мен өсімдіктерге деген осындай көзқарас экологиялық білімнің, экологиялық мәдениеттің жеткіліксіз болуынан туындайды», - деді министр.

Көгалдандыру мәселесі – басым міндетердің бірі. Өйткені, орман – адамзаттың байлығы. Сонымен қоса, ол Қазақстан орман алқабы аз мемлекеттер қатарына жататынын тілге тиек етті. Министрдің дерегінше, орман қорына жататын жерлердің жалпы көлемі отыз млн гектарды құрайды және республикамыздың он бір пайызын алып жатыр. Он үш млн гектар жерде орман өсуде. Орман көлемінің көрсеткіші төрт бүтін оннан сегіз пайызды құрайды. 2030 жылға қарай елдегі орман көрсеткішін бес пайызға дейін ұлғайту жоспарлануда.

«Бес жыл ішінде орман қорында 2 миллиард және елді-мекендерде 15 млн ағаш отырғызылады. Бұл бағытта Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп өңірлер бойынша ағаш отырғызу көлемдерін анықтады. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта ормандарды молықтыру мен орман өсірудің кешенді жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Бұдан бөлек, оның сөзінше, пандемия ішкі туризмге деген сұраныстың бар екенін көрстекен. Дегенмен, бұл азаматтардың экомәдениетінің төмен екенін де байқатты.

«Бізде Қазақстанда табиғаты ерекше жерлер көп. Табиғи парктер, қорықтар, туристер келгеннен кейін барлық жерде қоқыс жиналады. Әрине, бұл табиғатқа кері әсерін тигізбей қоймайды. Оған қоса, соңғы уақытта елдімекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері орын алды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы тәртіп бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуге бағытталған бірқатар шараларды қабылдады», - деді министр.

Оның айтуынша, нәтижесінде, Қызыл кітапқа енгізілген ағаштарды заңсыз кесу, жою, зақымдау үшін 30 есе мөлшерде компенсациялық ағаш отырғызу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желекті екпелерді жойғаны үшін 10 есе мөлшерде ағаш отырғызу көзделеді.

Бұдан бөлек, орман заңнамасын бұзудан келген зиянның мөлшерін есептеу үшін базалық мөлшерлемелерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілген. Қызыл кітапқа енгізілген әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін зиянды өтеу мөлшері алты айлық есептік көрсеткіштен бір мың айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылған. Бұдан басқа, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге санкцияларды қатаңдату бойынша өзгерістер енгізілген.

Экологиялық туризмді дамыту. Министрдің мәліметінше, мемлекет басшысы ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамытудың маңыздылығын айтқан. Осы орайда, қазіргі уақытта Қазақстанда он үш (13) ұлттық парк бар. 

2019 жылы келушілер саны 1,5) млн адам болды. Бүгінде ұлттық парктерде көлік үшін жабдықталған тұрақтар, кемпингтер, жаңа санитарлық кабиналар мүлдем жеткіліксіз. 

«Біз халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, негізгі назар маршруттар мен соқпақтарды дамытуға және жабдықтауға аударылатын болады. Заманауи визит-орталықтар, медициналық пункттер, кемпингтер, этно-ауылдар және т.б. құру көзделіп отыр. Осыған байланысты, тиісті мастер-жоспарлар әзірленуде. Оларды жұртшылықпен талқылау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ұлттық парктер жанында Қоғамдық кеңестер құрылды», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Жалпы алғанда, оның пікірінше, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда экологиялық туризмнің дамуы, ең бастысы, ел азаматтарының табиғатты қорғауға, туристтерге қауіпсіз және қолайлы жағдай жасауға, жергілікті тұрғындарды қызмет көрсету саласындағы жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге әкеледі.

Жануарларды қорғау туралы заңды әзірлеу. Министрдің дерегінше, күн сайын әлеуметтік желілерде жануарларға қатыгездік фактілері жарияланады. Мәселен, аққуды тұншықтыру, итбалық, иттерді мазақ ету фактілері көп. Сондықтан ол аңнаманы қатаңдату қажеттігін баса айтты. Осылайша, жануарларға варварлық көзқарастың жиі кездесетін фактілерін жою мақсатында депутаттардың, жануар қорғаушылардың қолдауымен Жануарларды қорғау туралы заң әзірленді. Заңды іске асыру жануарларға жауапты иелік етуді және оларға ізгілікті қарауды қалыптастырады. Әртүрлі санаттағы жануарларға қарау кезінде жалпы және арнайы талаптарды белгілеуге, жануарларды қатыгездіктен қорғауға мүмкіндік бермек.

Барлық жаңалықтар