Жаңа Экологиялық кодексте не өзгерді

28 Қазан, 2020 11:33

Бүгін мәжіліс отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа Экологиялық кодекстің негізгі бөлімдеріне тоқталды. Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамамен салыстырғанда қоршаған ортаны жақсартуға байланысты көптеген түзету енгізілген. Мәселен, ірі кәсіпорындарға соңғы озық технологияларды енгізу, қоғам белсенділерінің қоршаған ортаға әсерді бағалауға қатыса алатыны, сонымен қоса эмиссиялар және табиғатты қорғау іс-шараларына бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы үшін төленетін төлем бойынша да бірқатар түзету енгізілген. Оның айтуынша, Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, «Ластаушы төлейдi» қағидатының негiзіне ластануды болдырмау мен бақылау бойынша шаралар жатады. Сонымен қатар оның дерегiнше, жаңа заң жобасында қоршаған ортаға тиген залалды қалпына келтіруге қaтысты жауапкершілік қарастырылған. Осылaйша, мемлекет табиғат пайдаланушыларға экологиялық aйыппұл төлеудің орнына қоршaған ортағa теріс әсерді болдырмaу жөніндегі бaрлық шараларды қaбылдау тиімдірек болaтындай жaғдай жасaуы тиіс.

Бұдан басқа ол экологиялық залал орын алған жaғдайда табиғат пaйдаланушы қоршаған ортaны бaстапқыда болғaн қалпына келтіруге міндетті екенін атап өтті.

Соңғы технологияларды енгізу

Сондaй-ақ оның сөзіне сенсек, ең озық қолжетімді технологиялaрды енгізеді деген шaртпен бірінші санaттағы нысандар үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу ұсынылады. Сонымен қоса жaңадан іске қосылатын кәсіпорындар үшін кешенді экологиялық рұқсaттар aлу міндеттілігі қарaстырылған. Өйткені, оның айтуынша, ең озық қолжетімді технологияларды енгізудің арқасында еліміздегі экологиялых ахуал жақсарады.

«Бірінші кезеңде мұнай-газ, тaу-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларына қатысты 50 ірі кәсіпорынды ең озық қолжетімді технологияларға ауыстыру жоспарланған. Айта кету керек, осы 50 кәсіпорынға жалпы лaстанудың 80 пайызы тиесілі. Кодекстің жобaсында бірінші санаттағы ірі кәсіпорындaрға қатысты қоршағaн ортаға әсерді бағалауды жүргізу турaлы талaп қарастырылды», - деді министр.

Оның сөзінше, олардың тізбесі қайта қаралады және негізінен экологиялық қауіпті нысандарға баса назар аударылмақ.

Қоғам өкілдері қоршаған ортаға әсерді бағалауға қатыса алады

Сонымен қатар Мағзұм Мырзағалиев қоғам өкілдерінің қоршаған ортаға әсерді бағалаудың барлық кезеңіне қатысатынын атап өтті. Оның сөзінше, міндетті түрде бірінші санаттағы нысандардың қоршаған ортаға әсері бағаланатын болады. Ал, екінші санаттағы нысандар скринингтен өтеді, яғни қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажет емес екендігі анықталады. Үшінші санаттағы нысандар бойынша декларация қабылданады. Сонымен қоса төртінші санаттағы нысандар реттеуден толық босатылған.

Бюджет қаражатын тиімді жұмсау

Бұдан бөлек министрдің айтуынша, қоршаған ортаға эмиссиялар және табиғатты қорғау іс-шараларына бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы үшін төленетін төлем бойынша да бірқатар түзету енгізілген.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта қолданыстағы заңнама бойынша табиғатты қорғау іс-шараларына эмиссия үшін түскен төлемдерді мақсатты жұмсау міндеттелген.

«Мәселен, соңғы жылдары атқарушы органдар келіп түсетін қаражаттың тек 45 пайызын ғана қоршаған ортаны қорғауға бөлген. Осыған байланысты заң жобасында жергілікті атқарушы органдар түсетін экологиялық төлемдердің есебінен 100 пайыз көлемінде табиғатты қорғау іс-шараларына қаржы бөлуге міндетті екендігі көрсетілген», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Өндіріс және тұтыну қалдықтары мәселелері

Сонымен қатар министр өндіріс және тұтыну қалдықтары мәселелерін шешу мақсатында қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы терминология мен ережелер халықаралық талаптарға сәйкес келтірілгенін еске салды. Оның сөзінше, жаңа заң жобасында қалдықтармен кезең-кезеңімен жұмыс істеуге бағытталған иерархия қарастырылған. Бұл дегеніміз,оның сөзінше, ең алдымен жиналатын қалдықтарды азайтуға бағытталған, я болмаса жиналған қалдықтарды қайта пайдалану, қайта өңдеу, кедеге жарату керек екендігі айтылған. Тек осыдан кейін ғана полигондарда көму қажеттілігі қарастырылатын болады.

«Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды жинаудың, кәдеге жаратудың және қайта өңдеудің, қалдықтарды бөлек жинаудың рационалды жүйесі туралы хабардар ету жүзеге асырылатын болады», - деді министр.

Оның айтуынша, қалдықтардың классификациясы еуропалық католгқа сай сәйкестірілген. Сонымен қоса онда қауіпті және қауіпті емес қалдықтардың тізбесі көрсетеледі. Бұл ретте, заңсыз қоқыс тастау мәселесін жүйелі түрде шешуі үшін жаңа Экологиялық кодексте қоқыс шығаратын көліктерге JPS датчиктерді міндетті түрде орнату мәселесі көзделген.

Осылайша, Мағзұм Мырзағалиевтің пікірінше, белгіленген нормалар экологиялық жағдайды түбегейлі жақсартуға және халықты қолайлы өмір сүру ортасымен қамтамасыз етуге бағытталады.

Әкімшілік санкциялардың мөлшері 10 есеге өседі

Бұдан бөлек министр министрлік әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін белгіленген мерзімді ұзартуға бағытталған түзетулер ұсынғанын атап өтті. Атап айтқанда, жеке тұлғалардың мерзімін 2 айдан 1 жылға, заңды тұлғаларды 1 жылдан 3 жылға дейін. Профилактикалық тексерулер жылына бір рет өткізіледі. Тексеру барысында бір жылдан астам уақыт бұрын бұзушылықтар анықталған кәсіпорындар тиісті жазадан босатылады.

«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кейбір ірі кәсіпорындар жылына бір рет осындай бұзушылыққа барады. Заң жобасында экологиялық заңнаманы 3 жыл бойы жүйелі түрде бұзған ірі кәсіпорындарға қатаң жаза қарастырылған. Негізі бұл норма әлі де бар, дегенмен мерзімі бір жыл, бұл ірі кәсіпорындардың бұзушылықтар жасау көрсеткішін азайтпақ», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Оның айтуынша, осыған байланысты мерзім үш жылға дейін ұзартылды. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдардың көбеюінің басты себебі - табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаны ластаудың алдын алу шараларын толық орындамауы және қажетті модернизацияны жүзеге асырмауы болып отыр. Оның пікіріне сенсек, қазіргі әкімшілік айыппұлдар ынталандыру тетігі бола алмайды. Табиғат ресурстарын пайдаланушылар үшін бұзушылықтар мен олқылықтарды жоюдың орнына айыппұлдарды төлеу әлдеқайда тиімді. Сондықтан қоршаған ортаны бұзғаны үшін санкцияны күшейту қарастырылған.

«Мысалы, қоршаған ортаға зиян, сонымен қоса рұқсат етілмеген шығарындылар үшін әкімшілік санкциялардың мөлшері 10 есеге өседі, ал басқа құқық бұзушылықтар үшін орта есеппен екі есе артады», - деді министр.

Оның айтуынша, бұл өзгерістер қоршаған ортаны қалпына келтіруге, ластаушылардан тазалықты талап етуге және жауапкершілікті күшейту арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Барлық жаңалықтар