• Басты
  • Жұмыспен қамту шаралары: «Еңбек» және «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы қалай іске асып жатыр

Жұмыспен қамту шаралары: «Еңбек» және «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы қалай іске асып жатыр

21 Сәуір, 2021 14:52

Алматы қалалық әлеуметтік әл- ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева онлайн брифинг барысында халықты жұмыспен қамту шаралары туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Елімізде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама- халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған. Оны іске асыру құралы жұмыспен қамту орталығы болып табылады.

Халықтың әл-ауқатын арттыру елдің даму стратегиясында басты орын алады. Нәзира Тоғызбаеваның мәліметінше, 2021 жылы халықтың осал тұсын әлеуметтік қолдауға 24 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған екен. Бірінші тоқсанда шамамен 74 мың адамға қолдау көрсетілген. «Еңбек» бағдарламасын іске асыруға жыл соңына дейін 23 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға 6,1 млдр теңге бөлінген.

"Алматының жұмыспен қамту орталығына бірінші тоқсанда жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін 11 мыңға жуық адам жүгінді. Оның ішінде 8863 адам жұмысқа орналастырылды", - деді Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Нәзира Тоғызбаева

Басқарма басшысының нақты дерегіне сүйенсек, тұрақты жұмыс орынына- 2357 адам орналасса, уақытша жұмыс орнына 6341 адам орныққан. Оның ішінде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы 224 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 587 адам, қоғамдық жұмыстарға 5530 адам орналасқан.

Сондай-ақ, спикер Алматы қаласының әкімінің тапсырмасы бойынша «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бекітілгенін жеткізді. Соның арқасында жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін ала алады. Бұл бағдарламаға қатысушылардың жалақысы 73 мыңнан 102 мың теңгеге дейін артқанын атап өтті.

"Жастар жұмысқа орналасу кезінде көбінесе тәжірибенің жоқтығы сияқты проблемаға тап болатыны белгілі. Жұмыспен қамту орталығының мамандары бұл мәселені ірі кәсіпорындарға, мемлекеттік мекемелерге жаңа кадрларды іріктеу арқылы шешуге көмектеседі", - деп нақтылады Нәзира Тоғызбаева.

Оның айтуынша, Алматыда 26 оқу орталығы 37 мамандық бойынша курстар ұйымдастыруға дайын. Шарттардың бірі - оқу орталықтарын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының тізіліміне енгізу, ол жерде қазірдің өзінде 78 оқу орталығы тіркелген. Бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтар тізбесі бекітіліп, оқуға ниет білдірген жұмыссыздар арасында сауалнама жүргізілген.

Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап Жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді курстарға жібере бастайды.

«Өз бизнесін жүзеге асыру және ашу үшін 165 адам 583 мың теңгеге дейін грант алды. Негізгі іс-шаралар - тігін, тамақ дайындау, маникюр және шаштараз және басқа қызметтер », - деді Назира Тоғызбаева.

Жұмыста аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелері маңызды орын алды.

«Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында әлеуметтік төлемдердің 17 түрімен 28 мыңнан астам адам қамтылды. Егер отбасының бір мүшесіне шаққандағы табысының төмендігі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспайтын болса, отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленеді», — деді басқарма басшысы.

Өткен жылдан бастап мемлекет «Magnum Cash&Carry» желісі арқылы кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілетін 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін қолдаудың жаңа түрін енгізді. Мұндай отбасыларға балалар тағамы, гигиена құралдары, тұрмыстық химия беріледі. Биыл 3 165 отбасынан 5 214 бала қамтамасыз етілді.

Аталған атаулы әлеуметтік көмекті жұмыс істесе де, жалақысы төмен азаматтар, мүгедектер, зейнеткерлер және т.б. аз қамтылған топтағылар ала алады. Көмек көрсетудегі негізгі мақсат - жұмысқа орналастыру және азаматтардың қиын жағдайдан шығуға жәрдемдесу.

«Сондықтан еңбекке қабілетті көмек алушылар жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналасу үшін жіберіледі. Атаулы көмек алушыларға телевизиялық, абоненттік жалғамаларды жеткізу және орнату бойынша қызметтер, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, қоқыс шығару, лифтілерге қызмет көрсету тегін жүргізіледі», — деп жеткізді Назира Тоғызбаева.

Сондай-ақ, басқарма басшысы қай отбасыларға коммуналдық қызметтерді ішінара төлеуге көмек көрсетілетінін айтты.

«Мысалы, егер отбасында 6 адам болса, оның төртеуі бала, ал анасы 3 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болса және олар көп балалы отбасы ретінде 42 534 теңге жәрдемақы алалы, ал әкесінің жалақысы 42 500 теңгені құрайды. Бұл отбасының жалпы табысы - 85 034 теңге. Табыстың 5%-ы өтеледі, яғни 4 252 теңге», - дейді Н. Тоғызбаева.

Сонымен қатар, соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар назардан тыс қалмағанын жеткізді. Халықтың бұл санаттары ай сайын коммуналдық қызметтерді төлеуге 19 мың теңгеден табысты растаусыз көмек ала алады. Сондай-ақ жеңіс күнін мерекелеуге ардагерлерге қаржылай көмек көрсетілетін де атап өтті.

«Отбасының жиынтық табысын ескере отырып, 20 АЕК мөлшеріндегі бір реттік жәрдемақы (58 340 теңге) және табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан мүлік бүлінген жағдайда 200 АЕК (583 400 теңге) төленеді. Зейнеткерлерге, бүйрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар 1 топтағы мүгедектерге, Ұлы Отан соғысы жылдарында жұмыс істеген адамдарға жиынтық табысын ескере отырып, жарты жылда бір рет 20 419 теңгеден (7 АЕК) көмек көрсетіледі», - деп хабарлады Назира Тоғызбаева.

Басқарма басшысының сөзінше, туберкулезбен және АИТВ-мен ауыратын азаматтарға да материалдық көмек көрсетіледі екен. Мысалы, туберкулезбен ауыратын науқастарға ай сайын 35004 теңге мөлшерінде төлем жүргізіледі. Ал ЖИТС орталығында диспансерлік есепте тұрған АИТВ жұқтырған балаларға ай сайын 68 604 теңгеден төленеді. Сондай-ақ, студент жастар да назардан тыс қалмаған. ЖОО үздік студенттері ай сайын 10 мың теңгеден алады.

Биылғы бірінші тоқсанда 683 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алған. 1 сәуірдегі жағдай бойынша 135,7 мың отбасындағы 683,4 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Ағымдағы жылы осы мақсаттарға бюджеттен 122,8 млрд теңге бөлінген.

Сөз соңында спикер жұмыссыз қалған Алматы тұрғындарын Жұмыспен қамту орталығына хабарласып, бағдарламаларға қатысуға шақырды. Сондай-ақ, жұмыс берушілерді осы процеске араласуға және жұмыспен қамту орталығы арқылы қызметкерлерді іздеуге шақырды. Жұмыс берушілер үшін бұл тиімді, өйткені жалақының бір бөлігі мемлекет тарапынан төленетінін жеткізді.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар