• Басты
  • «Жұмсақ күш» саясаты: ұлттық қауіпсіздік пен мүмкіндіктер
27 Қазан, 2020 15:14

«Жұмсақ күш» саясаты: ұлттық қауіпсіздік пен мүмкіндіктер

«Жұмсақ күш» (soft power) саясаты туралы әлемдік деңгейде жиі айтылып, жазылып келеді. Бұл терминді алғаш рет 1980 жылдары ғылыми айналымға енгізіп, танымал еткен америкалық саясаттанушы Джозеф Най. Ол мемлекеттердің бір-біріне ықпал ету, гегемониясын орнату жолында тарихтан бері қалыптасып келе жатқан қатты күш (hard power), яғни күш қолдану арқылы басып алу тәсілінің уақыт өте өзгеріп келе жатқанын, алдағы уақытта «жұмсақ күштің», яғни күш қолданбай әр түрлі экономикалық, технологиялық, идеологиялық, мәдени, коммуникациялық тәсілдер арқылы өз дегенін орындату үдерісінің күн тәртібіне шығатынын айтқан. Оның саяси теориясы Американың сыртқы саясатында айрықша назарға алынған. Мұны Американың тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибе жүзінде іске асырып отырған саясатынан байқауға болады.

«Жұмсақ күш» саясаты: ұлттық қауіпсіздік пен мүмкіндіктер

Мәдени экспанциялау саясаты ерте замандарда да Қытай, Үндістан, Батыс елдерінде ойшылдардың еңбектерінде кездесіп, жаулаушылардың саясатының бір бөлігі болғаны белгілі.

Ал бүгінде жұмсақ күш саясаты әлемнің алпауыт елдері қолданатын маңызды құралға айналды. Сондықтан «жұмсақ күш» саясаты елдің ұлттық қауіпсіздігі тұрғысынан бүгінгі заманның ең өзекті саласы. Қазіргі таңда әлемнің барлық мемлекеті бұған айрықша көңіл бөледі.

АҚШ-тың 2001-2005 жылдары Мемлекеттік Хатшысы болып қызмет еткен Колин Пауэльдің «Біздің АҚШ-та білім алған болашақ әлемдік көшбасшылармен достық байланыстан асқан құнды активіміз жоқ» деген сөзі бар. Бұл АҚШ-тың озық оқу орындарында білім алған жастардың өз елдеріне оралып, саясатқа араласуы Америка құндылықтарының өзге елдерде таралуына, АҚШ-пен қарым-қатынасты дамытуға үлкен мүмкіндік беретінін білдірсе керек. Бұл АҚШ-тың болашағына салынған құнды инвестиция. Бұл студенттер тек идеологиялық саясаттың нысаны болумен қатар, АҚШ-тың мемлекеттік бюджетіне қомақты қаражат түсіріп, жүз мыңдаған америкалықтың жұмыспен қамтылуына ықпал етеді. Бұл ретте, АҚШ-тағы шетел студенттерінің саны 2015 жылдың өзінде бір миллионнан асып кеткенін айтуға болады. Студенттердің көпшілігі Азия елдерінен, атап айтқанда Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея сынды мемлекеттерден келеді. 

Дәл осыған ұқсас мысалдар өзге мемлекеттердің сыртқы саясатына да нақты мысал болады. Қазақстанмен көршілес Ресей Федерациясында оқитын шетелдік студенттердің саны 2020 жылы 200 мыңға жуықтаған. Ресейде білім алатын студенттердің саны бойынша қазақстандықтар алдыңғы қатарда. Ал Түркия Республикасында білім алатын шетелдік студенттер саны да 170 мыңнан асады. Оның ішінде 1000-ға жуық қазақстандық бар екені айтылады. Бұл да «жұмсақ күш» саясатына ықпал етуші фактор. Мысалы Түркияның Қазақстандағы Елшілігі де Түркияда білім алған қазақстандық түлектермен жиі бас қосып, байланысып отыруды дәстүрге айналдырған.

2015 жылдан бастап дәстүрлі түрде жыл сайын «жұмсақ күш» саясатын тиімді пайдаланушы елдердің әлемдік индексі жарияланып отырады. Бұл индекс әлемдік ірі мемлекеттердің өзге елдерге мәдениет, білім беру саласы, диджитал, технологиялық өнімдер экспорты, өнеркәсіптің дамуы, некелесу, тамақ өнеркәсібі, қонақжайлылық, әшекей, сән бұйымдары, сыртқы саясат, өмір сүруге қолайлылық сияқты параметрлер бойынша айқындалады.

2019 жылы жарияланған «Soft Power 30» рейтингінде әлемдегі үздік отыздыққа көршіміз Ресей, Қытай мен Түркия еніп отыр. Яғни, Ресей 30-шы орында, Қытай 27-ші орында, ал Түркия 29-шы орында. Соңғы төрт жылдағы жағдайға көз жүгіртсек, Ресейдің біртіндеп өз рейтингін жоғалтып жатқанын, Түркияның күшейіп келе жатқанын байқауға болады. Сондай-ақ, тізімде Азия елдерінен Жапония мен Оңтүстік Корея мемлекеті де бар.

Ал әлемдік «жұмсақ күш» рейтингінде Франция, Ұлыбритания және Германия көш бастап тұр. Қалған ірі мемлекеттердің тізімін, жыл санап рейтингтің өзгеру динамикасын төменде келтірілген кестеден көруге болады.


Байқап отырғандарыңыздай, 2016 жылы Ресей 27-ші орында болса бүгін 30-шы, Түркия 2016 жылы тізімде де болмаған, 2017 жылы 30-шы орынға тұрақтаған, ал бүгінде 29-шы орынға көтерілген. Әлемдегі «жұмсақ күш» саясатын тиімді пайдаланушы ықпалды үш мемлекет те Қазақстанмен байланысы тығыз, әрі еліміздің ішкі және сыртқы саясатында үлкен рөл ойнайды.

Жалпы, «жұмсақ күш» саясатының құралдары өте көп. Жоғарыда баяндалған рейтингте әлемдік ірі акторлар он шақты критерий бойынша сарапталған.

Дегенмен атақты америкалық ғалым Джин Шарп «There are Realistic Alternatives» деген еңбегінде «жұмсақ күш» саясатын қолданудың 198 әдісі туралы жазған. Яғни, «жұмсақ күштің» құралдары өте көп. Оларды пайдалану арқылы өз саясатын күш қолданбай өзгелерге таңып отырған мемлекеттердің айы оңынан туып тұр.

Осы мақаланы жазу барысында Қазақстанда нақты «жұмсақ күш» саясатына қатысты қорғалған диссертациялық зерттеу жұмысын кезіктірген жоқпын. «Жұмсақ күш» саясаты тек саясаттану, халықаралық қатынастар саласында жазылған кейбір еңбектердің бір тармағы немесе тарауы ретінде ғана қарастырылған. Сондықтан осы тақырыпты тереңдеп зерттеу арқылы еліміздің ішкі және сыртқы саясатына оң ықпал ететін практикалық ұсынымдар әзірлеу және оны іске асыру өзекті мәселе.

Бүгінгі жаһандану заманында интернет технологияның келуімен әлем халқының интеграциялануы, бір-бірімен ақпарат, идея алмасуы оңайлап барады. Мұның пайдасы зор болғанымен, қауіп-қатері де жоқ емес. Біздің ақпарат кеңістігіміз жұтаң, қазақ тілді контенттің саны мен сапасы сын көтермейді. Деректі көбінесе ресейлік ақпарат көздерінен алатынымыз рас.

English Proficiency Index (EF) әлемнің 100 еліндегі халықтың ағылшын тілін білу деңгейін бағалаған. Оған сәйкес, 2019 жылы Қазақстан ағылшын тілін білу деңгейі бойынша 93-орынға ие болды. Рейтингке сәйкес, Қазақстанда әлемде ең кең тараған тілді меңгеру көрсеткіші жыл сайын нашарлай түсуде. 2016 жылы республика 54-орынды иеленсе, 2017 жылы 68-орында, ал 2018 жылы 80-орында болған. Яғни уақыт өткен сайын ағылшын тілін меңгерген азаматтар саны азайып келеді.

Мұның бір себебі ретінде мектептерде екінші тіл ретінде көбіне орыс тілі оқытылатындығымен, аралас мектептер мен балабақшалардың саны уақыт өткен сайын ұлғайып келе жатқанымен байланыстыруға болады. Айта кетерлігі орыс тілін пост кеңестік елдерде дамыту Ресейдің ресми саясатының бір бөлшегі.

Түркия да Қазақстанмен бауырлас ел ретінде түрік тілінің кең қанат жаюына мүдделі. Тіпті, байқасаңыздар латын әліпбиінің соңғы ұсынылып отырған нұсқасы да түрік тілінің әліпбиіне қатты ұқсайды. Көп әріптер айна-қатесіз қайталаған. Болашақта осы әліпбиді меңгерген біздің халық түрік ақпарат көздерін оқуға мүмкіндік алса, түріктер де қазақ тілін меңгеруге мүмкіндік алады. Бұл да бір «жұмсақ күштің» көрінісі деуге болады.

Сонымен қатар, сарапшылардың көбісі «жұмсақ күш» саясаты ретінде негізінен мемлекеттік саясатты қарастырады. Мен мемлекеттен тыс жекелеген азаматтар мен институттардың да рөлі зор екеніне тоқталғым келеді. Мысалы, YouTube арнасында жеке блогын құрып, оны түрлі ақпаратпен толтырып отырған азаматтар өте көп. Оны қазақстандық аудитория еш кедергісіз тұтынып келеді.

Мысалы менің кішкентай бүлдіршіндерім орыс тілінде жасалған жекелеген авторлардың мультфильмдері мен қызықты роликтерін тамашалап отырады. Оны көрген бала сол роликтегі эпизодтардан өзіне керегін алады. Оның бәрі өскелең буынның ой-өрісі мен тәлім-тәрбие, дүниетанымына әсер етпей қоймайды.

Сондай-ақ, қазақстандық аудитория ресейлік және украиналық т.б. кейбір журналистердің саяси сұхбаттарын, түрлі идеологиялық бағыттағы тартыстарын ұдайы қарап отыратынын байқауға болады. Мұны аталған сұхбаттардың астына жазылған Қазақстан азаматтарының пікірлерінен де байқауға болады. Бұл да үлкен зерттеудің объектісі деп санаймын.

Қазақстан Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл статусында болғанымен, орыс тілінің қолданыс аясы қазақ тілінен кем түспейді. Сондай-ақ әлемдегі қарым-қатынас тілі ретінде ағылшын тілінің ықпалы да уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Бұл екі тілден бөлек болашақта қытай тілінің әлеуеті артатыны, түрік тілінің бауырлас тіл ретінде ықпалға ие болатыны жайлы гипотезалар бар. Сондықтан Қазақстан тіл арқылы келетін түрлі идеологиялық шабуылдардың тоғысында орналасқан. Бұл ретте, тіл арқылы әр түрлі құндылықтар таңылып, елдің ішкі тұтастығына, мемлекеттік саясатқа қайшы көзқарастар мен пайымдар пайда болуы мүмкін.

Қазіргі таңда Қазақстанда спутниктік және кабельдік арналар арқылы таратылатын ресейлік ақпарат құралдарының саны едәуір көп. Олардың көпшілігі қазақстандық аудиторияға кремльдік саясаттың ықпалындағы ақпараттарды таратуда. Сондай-ақ, түрлі білім бағдарламалары арқылы шет елдерде білім алатын жастар сол елдердің тілінде ақпарат алумен қатар, идеялық құндылықтарын да бойларына сіңіреді. Ірі мемлекеттерде білім алатын шетел азаматтарының өз елдеріне қайтып, маңызды салаларда жұмыс атқаруы алпауыт мемлекеттерге тиімді.

Сонымен қатар, шет тілдерінде жарық көретін көркем және деректі фильмдер, әр түрлі блогтар да қазақстандық аудиторияны назардан тыс қалдырған емес. Интернет коммуникацияның дамуымен идеологиялық талас-тартыстар шекара таңдамайтын болды. Оның ішінде ресейлік, америкалық, еуропалық, украиналық және түркиялық арналар, блог тұғырнамалар, жекелеген парақшалар қазақстандық жастардың тұрақты ақпарат алатын, бос уақытын өткізетін алаңына айналып отыр. Бұл өз кезегінде «жұмсақ күштің» тіл арқылы ықпал ету мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр.

Қазақстан да түрлі идеялар мен әлемдік ірі акторлардың тоғысында орналасқан. Сондықтан «жұмсақ күш» саясатын жіті қадағалау, сыртқы акторлардың қадамына баламалы идея ұсыну да бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қазақстан айбынды, өзгеге әмірін жүргізетін мықты мемлекет болмағанымен өзгенің саясатына қарсы тұратын ішкі демографиялық, тарихи-мәдени, географиялық әлеуеті бар ел. Мысалы Қазақстанның тұтас түркі жұртының тарихи отаны екенін, қазақ тілінің көне түркі тілінің жалғасы екенін ескерсек қазақ тілі, тарихы арқылы түркі халықтарының саяси, мәдени эпицентрі бола алатынын, туристік тұрғыдан да ұсынатын жобалары бар екенін айта кеткен жөн. Бұл тұрғыдан Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Халықаралық Түркі академиясының әлеуеті зор екендігін, атқарып жүрген қызметінің маңызды екенін де айта кеткен жөн.

Сондай-ақ, Қазақстанда бірнеше жыл тұрып, шет елге немесе өзінің тарихи отанына қоныс аударған, Қазақстанды өзінің бір отаны, өскен ортасы санайтын өзге ұлт өкілдері де шетелде Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды фактор. Сондай-ақ, елдің ішінде қабылданған және іске асырылып жатқан Мәңгілік Ел, Рухани Жаңғыру, Ұлы Дала Елі, Ұлы Даланың жеті қыры тұжырымдамалары мен бағдарламалар қазақстандықтарды ортақ идея төңірегінде біріктіретін әлеуетке ие.

Назар аудара кетерлік тағы бір сала – киноиндустрия. Қазіргі таңда қазақстандық жекелеген кино түсіруші тұлғалардың ұсынған өнімдері пост кеңестік кеңісте үлкен сұранысқа ие. Нұрлан Қоянбаев, Нұртас Адамбай сынды отандастарымыз түсірген фильмдер Ресей, Украина, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдерде үлкен сұранысқа ие және интернетте аталған елдер көрермендері арасында пікір талқысына ие болып келеді. Осы фильмдер арқылы аталған елдерде қазақстандық фильмдерге деген оң көзқарас қалыптасуда. Бұдан Қазақстан қоғамы ұсынған идеялық құндылықтардың шетелдік аудиторияға тарап жатқанын аңғаруға болады. Сәтті басталған осы тенденцияны одан әрі қазақстандық мүддені (туризмді дамыту, аспаздық өнері, қолөнер т.б. сияқты мәдени кеңістікке сұраныс, қызығушылық қалыптастыру) ескере отырып, жалғастыру қажет.

Қорыта келгенде, «жұмсақ күш» саясатын тиімді жүргізу замана көшінен қалмай, өз мүддемізді іске асыру және сыртқы мәдени экспанциядан тиімді қорғану көкейкесті мәселе. Сондықтан осыны ескере отырып, мемлекеттік деңгейде үлкен жобаларды қолға алу қажет.

Барлық жаңалықтар
2.73.110.51, 192.168.88.100