• Басты
  • Ж.Бекшин: Қытайдан келгендердің ешқайсысында короновирустың белгілері жоқ
3 Ақпан, 2020 17:24

Ж.Бекшин: Қытайдан келгендердің ешқайсысында короновирустың белгілері жоқ

Кеше Қытайдың Ухан қаласынан келгендердің ешқайсысында короновирустың белгілері жоқ. Бұл туралы Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Ж.Бекшин: Қытайдан келгендердің ешқайсысында короновирустың белгілері жоқ

"Кеше Қытайдан барлығы 89 адам эвакуацияланды. Оның 83-і - Қазақстан азаматы (80-і - студент), 5 -і Беларусь азаматы және біреуі Арменияның азаматы. Олардың барлығынан сынама алынды. Жағдайлары қанағаттанарлық. Дене қызуы қалыпты, ешқандай шағым жоқ. Қытайдан келгендердің ешқайсысында короновирус белгілері табылмады. Алайда, соған қарамастан олардың барлығы 14 күн карантинде болады", - деді Жандарбек Бекшин.

Бас санитар дәрігердің айтуынша, Қытайдан келген қазақстандық және шетелдік азаматтарға мониторинг жасау жалғасуда.

"6 қаңтардан кейін Қытайдан келген қазақстандық және шетелдік азаматтар мониторинг жасалып, қазір жалғасуда. Олардың 90 пайызына бақылау жүргізілді. Бұған дейін 89 адам дене қызуымен Жедел респираторлық вирустық инфекциялар шағымымен оқшауланған ауруханаға жатқызылды. Бүгінгі таңда 46 адам ауруханада қалды, ал 43 адам стационардан шығарылды. Барлық ауруханалардан алынған сынамалар қосымша бақылау үшін Алматыдағы ерекше қаупі бар инфекциялар ұлттық ғылыми-зерттеу орталығына жіберілмек", - деді ол. 

Сонымен қатар Жандарбек Бекшин ертеңнен бастап, яғни 4 ақпаннан бастап Қазақстан-Қытай әуе қызметі тоқтайтынын хабарлады.

"3 ақпанда Қытаймен шекара жабылды. Бүгін соңғы ұшақпен азамттарымызды елге әкеледі. Ертеңнен бастап тікелей әуе қызметі тоқтайды. Бұған дейін автобус және пойыз қызметінің тоқтатылғанын хабарлағанбыз. Біраз уақыттан бері Қытай шекарасынан тек ресми делегация өкілдері ғана өтіп жүр, сонымен бірге жүк тасымалы ғана өтетін болады", - деді Ж. Бекшин.

Сонымен қатар оның сөзіне сүйенсек, өткен аптада Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан-Қытай шекарасында 8 бекетке санитарлық бақылау жүргізілген. 

Бұдан басқа Жандабек Бекшин медициналық маска өндірушілер тұрақты түрде жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, үкімет короновирусқа қарсы маскаларды сатып алуға 1,5 млрд теңге қаржы бөлген. 

Айта кетейік, соңғы мәлімет бойынша, 17 459 адам корновирусты жұқтырған, ал 362 адам қайтыс болған. Сонымен қатар 483 адам толық жазылып шыққан.

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар
66.249.70.64, 192.168.88.100